Руханият

Қолөнер аталарынан дарыпты

Алтай Сарсенов жасы зейнеткерлікке таяп қалса да, бір сәт тыным таппайтын өте еңбекқор жан. Еңбекқорлығы өз алдына, Алтай Байсанұлы он саусағынан өнер тамған қолөнерші. Жаңа тілек ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте технология, сызу және бейнелеу өнері пәнінен 40 жылдық еңбек өтілі бар білікті ұстаз.

Ол шын мәнісінде, осыншама уақыт ішінде өзінің білімі мен біліктілігін, ұйымдастырушылық шеберлігін дәлелдеп келе жатқан жан. Оның шәкірттері «Қазақтың ұлттық зергерлік өнері» тақырыбында аудандық, облыстық ғылыми жоба байқауына қатысып, үнемі жүлделі орындарға ие болып келеді. Сондықтан да болар, «Педагогический мир» газетіне А. Сәрсенов жайлы көлемді мақала жарияланды. Мәселен, Катонқарағайда өткен «Жанұялық шеберхана» номинациясы бойынша қазақтың ұлттық саз аспаптары және зергерлік сый-кәде жұмыстарымен ұлы Ертай Сәрсенов екеуі «Қазақ әйелдерінің әшекейлері» атты республикалық көрмеге қатысып, зор марапатқа ие болды. Сол сияқты, «Қазақстан»ұлттық телеарнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасында «Зергерлік өнер және сәндік қолданбалы өнер» тақырыбында  өз шығармашылық жұмыстарын елімізге таратты.  Айта кетерлігі, Алтайдың кіші ұлы Байсан Байбарыс та он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері. «Әке көрген – оқ жонар» дегендей, ол бейнелеу өнері пәнінен  аудандық, облыстық  олимпиадаларда «Жас шебер»  номинациясы бойынша жыл сайын жүлделі орындарға ие болады. Мәселен, ұстаз беделін арттыруға арналған «Жаңа білім. Жаңа ғасыр» тақырыбындағы  республикалық сайыста Алтай, Ертай Сәрсеновтардың қарағаштан жасалған «Қылқобыз», «Нарқобы»з саз аспаптары жоғары деңгейде аталып, қомақты жүлделермен марапатталды. Сол сияқты, «Саз аспаптарының бүгіні, ертеңі, болашағы» атты халықаралық көрмеде «Нарқобыз», «Қылқобыз» саз аспаптары қойылып, «Қазақстандық  және шетелдік саз аспаптарын жасаушы шеберлер көрмесінің каталогына» еніп,  марапатталды.

2016 жылы қазан айында  Астана қаласында, Шығыс Қазақстан облысы атынан «ЭКСПО-2017» көрмесінде ұлы Ертай Сәрсеновтің «Қазақ қыздарының ұлттық әшекейлері» күміс бұйымдары, «Қылқобыз», «Нарқобыз» саз аспаптары, «Сый-кәделер» мен домбыралар, үй жиһаздары көрмеге қойылып, мадақтама грамоталармен марапатталды. Ал биіктігі 7 метр болатын аудан орталығы Үржарға қойылған «Жолашар-жауырын» стеласы үшін ұлы Ертай екеуі облыс әкімінің қомақты сыйлығына ие болды.

-Атамыз Сәрсен қолөнер шебері болған. Астау, қасық, ожау, келі, тағы басқа дүниелерді қолдан шотпен шауып, жасап алатын.  Оны айтасыз, ат әбзелдері – ноқта, жүгенді таспалап өрудің хас шебері еді. Осы Сәрсен атамыздан өзіме және қызым Әйгерім, ұлдарым Ертай, Байбарысқа дарыған болуы керек,- дейді Алтай Сәрсенов бізбен әңгімесінде. – Дүние, мал жинамаған жомарт жан болған. Көбінесе апталап аңшылықпен кетіп қалатын. Шешеміз Тұрлыбекова Төкен колхоз құрылғаннан соның ыстығына күйіп, суығына тоңған адам еді марқұм.

Осы өзім еңбек етіп жүрген М. Әуезов атындағы орта мектепті 1975 жылы бітірген соң, Семейдің  Н. Крупская атындағы педагогикалық институтының сурет-графика факультетін бітіріп, «Сызу, бейнелеу өнері және еңбекке баулу»  мамандығын алдым. Институттан соң жолдау бойынша Үржар ауданы, Чапаев орта мектебінде бір жыл істеп, түлеп ұшқан  мектебіме  ауыстым.  Күні бүгінге дейін осы жердемін.

Шынында да, көптеген балаң дарынға дәріс берген айтулы ұстаз Алтай Сәрсеновтің қоластынан мыңдаған шәкірт қолданбалы өнердің, қолөнердің қыры мен сырына қанығып қанат қаққан. Бүгінде солар еліміздің әр түкпірінде жемісті еңбек етуде. Бәрі де мақтанышпен «Алтай Байсанұлы біздің ұстазымыз!» деп мақтанышпен айтады.

Берікхан Тайжігіт

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button