Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ
Бір ай бойы бүкіл жаһан жұртшылығын өзіне қаратқан Катардағы доп додасы мәресіне жетті. Ақтық сында Франция аяқдопшыларын ойын соңындағы пенальтилер сериясында 4:2 есебімен тізе бүктірген Аргентина құрамасы өз тарихында үшінші мәрте Әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Сөйтті де, әрқайсысының қоржынында төрт Әлем кубогы бар Италия мен Германия құрамаларына, сондай-ақ бес рет Мундиальдің үздігі атанған Бразилияға бір табан жақындады.
Ал Франция құрамасы қатарынан екінші Әлем чемпионатының финалында өнер көрсетіп, тұрақтылықтың жарқын үлгісін көрсетті. Осы ретте «үш жолақтылар» соңғы жеті жаһан біріншілігінің төртеуінің шешуші ойынына дейін жеткенін атап өткен орынды. Бұл – шынымен де мақтануға тұрарлықтай нәтиже.
Биылғы доп додасы кезінде DIDAR газетінің оқырмандары да өзара бәсекеге түскен болатын. Доп тебуден емес, әрине, болжам жасаудан.
Шамамен бір айға созылған 22-ші Әлем біріншілігі барысында басылым оқырмандары арасында «Сіздің болжам» атты байқау ұйымдастырғанбыз. Аталмыш байқаудың шарттары бойынша қатысушылар әлі ойналмаған ойындардың есептерін дәл табуы тиіс болатын (мәселен, Хорватия – Бельгия, 2:1, 0:0, 1:3 дегендей). Сайыстың алғашқы күнінен оқырмандарымыз белсенділік танытып, ватсабы бар телефон нөмірімізге жауаптарын қарша боратты. Қатысушылар ішінде Өскемен, Семей мен Риддер сияқты шаһарлардың тұрғындарымен қатар, облыс аудандарынан, шалғайдағы елді мекендерден хабарласқан жерлестеріміз де болды. Әсіресе кез келген бастамамызға үн қосып, қолдау көрсетіп жүретін Катонқарағай, Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Ұлан сияқты аудандардағы халықтың ықыласын атап өткіміз келеді.
Негізі, бұл – газетіміздің оқырмандары арасында ұйымдастырылған бірінші бәс бәйге емес. Естеріңізде болса, «Сіздің болжам» деп аталған байқаудың алғашқысы осыдан төрт жыл бұрын қолға алынған еді. Сол кезде Ресейдегі Әлем чемпионаты қарсаңында көңілде біраз күдіктің болғаны да рас. Дегенмен жылдар бойы DIDAR газетімен дидарласып келе жатқан оқырмандарымыз сол жолы да бізді қуана қолдап, жаңа бастамамызды бірден іліп әкеткен-ді. Биыл да солай болды. Жоғарыда айтқанымыздай, ватсап нөмірімізге жан-жақтан көптеген хабарлама келіп түсті. Оның ішінде дұрысы да, бұрысы да бар еді. Енді солардың үздіктеріне тоқталайық.
Бұл жолғы сайысқа облысымыздың түгелге жуық ауданы мен қаласының өкілдері қатысқанымен, доп додасының матчтарына дәл болжам жасай алған оқырмандарымыздың саны саусақпен санарлықтай ғана болды. Мәселен, Елнұр Хасенов (Ұлан ауданы, Англия – Франция, 1:2), Айтмұхаммет Қайратұлы (Зайсан ауданы, Франция – Польша, 3:1), Дәулет Бақытбекұлы (Тарбағатай ауданы, Франция – Марокко, 2:0) есімді байқауға қатысушылар бір ойынның есебін дәл таба білген.
Бұл оқырмандарымыздан дұрыс жауаптар бойынша үш-ақ адам озған. Алдағы уақытта олардың үшеуі де газетіміздің ұжымы атынан азын-аулақ сый-сияпатқа ие болады. Енді сол үздіктер қатарынан көрінген жерлестеріміз жайында сөз қозғасақ. Осы жолғы байқаудың үшінші орнына күршімдік Дастан Қайдарұлы есімді оқырманымыз лайық деп танылды. Ол Хорватия – Бельгия ойынының 0:0 есебімен аяқталатынын, сондай-ақ Аргентина мен Франция құрамалары арасындағы финалдың негізгі және қосымша уақыттарында жеңімпаз анықталмайтынын, ал пенальтилер сериясында Марадонаның отандастары жеңіске жететінін айна-қатесіз болжай алған.
Байқаудың екінші орнына жарыс басталғалы бері үзбей хабарлама жолдаған катонқарағайлық әріптесіміз Тимур Смағұлов ие болды. Аталған оқырманымыз Нидерланд – АҚШ (3:1), Нидерланд – Аргентина (пенальтилер сериясында екіншілері жеңіске жетеді деп болжаған), Франция – Англия (2:1) және Хорватия – Марокко (2:1) матчтарының қандай есеппен, кімнің пайдасына аяқталатынын таба білген.
Ал «Сіздің болжам» атты байқауымыздың жеңімпазы болып өскемендік Диас Жақыпов танылды. Бұл оқырманымыз сегіз бірдей кездесудің есебін дәл тапқан. Әсіресе Жапония мен Хорватия, сондай-ақ Нидерланд пен Аргентина арасындағы ойындардың жеңімпазы пенальтилер сериясынан кейін ғана белгілі болатынын тура болжауы аталған қатысушының бойында қандай да бір көріпкелдік қасиеті бар екендігін танытқандай. Сонымен қатар Д. Жақыпов Оңтүстік Корея – Португалия (2:1), Нидерланд – АҚШ (3:1), Аргентина – Аустралия (2:1), Франция – Польша (3:1), Англия – Сенегал (3:0) және Франция – Марокко (2:0) кездесулерінің нәтижелерін дөп басып айтқан.
Осылайша Әлемдік доп додасымен бірге бір айға созылған біздің сайысымыз да өз мәресіне жетті. Осы уақыт ішінде бізге хат жолдап, ерекше белсенділік танытқан жерлестерімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал DIDAR газетінің редакциясы оқырмандары арасында мұндай сұранысқа ие байқауларды алдағы уақытта да ұйымдастырып отыруға уәде береді.