Руханият

Оқушыларды отаншылдыққа үндеді

Аягөз қаласындағы №3 жалпы білім беретін мектепте «Айбынды жастар жаңа Қазақстан тірегі» акциясы аясында оқушыларға ерлік сабағы өтті. Іс-шараға Аягөз қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің жасақтау бастығы майор Ерболсын Оралбаев, Ауған соғысының ардагері Марат Құсайынов және Қарулы күштер ардагері  Миллат Нұрпейісов қатысты.

Аталмыш акция ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру, балаларда еліне, Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне деген патриоттық және мақтаныш сезімін ояту сынды мақсатты көздеді.

Ерлік сабағында ардагерлер өздерінің осы әскери қызметте жүріп басынан кешкен қызықты оқиғаларын баяндап, мақсатқа жету үшін адам бойында мінез бен тәртіптің болуы қажеттігін айтты. Сондай-ақ ер-азаматтың парызы саналатын Отан қорғаушы мамандығының артықшылығы жөнінде әңгіме өрбітті. Болашақ сарбаздарды елінің патриоты болуға шақырды.

– Жастар – біздің болашағымыз. Яғни, оларға дұрыс тәрбие, білім беру, төзімділік пен шыдамдылыққа, оптимизмге баулу – аға ұрпақ өкілдерінің парызы. Бұл іске Қарулы күштердің ардагерлері лайықты үлес қосып келеді, – деді Марат Құсайынов.

Мектеп оқушылары  мұндай шаралар көптеп өткізіліп тұрса екен дейді. Себебі бұл – өмірін әскермен байланыстыратын жастар үшін ардагер ағаларынан кеңес алуға таптырмас мүмкіндік.

Айта кетейік, жас ұрпаққа терең, мазмұнды білім беру және оларды ұлтын сүйер патриот азамат етіп тәрбиелеу қашанда басты міндеттердің бірі болып қала бермек.

С. Қыржыбаев

Аягөз ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button