Сарбаз

Оқушылар ант берді

Азамат Темірбеков

«Жас сарбаз» сыныбына қабылданған алтайлық оқушылар ант берді.

Алтай қаласының орта білім ордаларында дәстүрлі түрде өткізілетін «Жас сарбаз» сыныбына қабылданған оқушылардың ант беру рәсімі биыл №8 орта мектепте өтті. Өз елінің патриоты болуға әзір екендіктерін салтанатты түрде мәлім еткен оқушылар салтанатты шара барысында еліміздің көк байрағын ортаға шығарып, әнұранын орындады. Ант қабылдау рәсімінен соң ұйымның қатарына өткен оқушыларға арнайы әзірленген куәліктер берілді.

Сондай-ақ жас өрендер мектеп қабырғасында алған машық-дағдыларын, игерген саптық амалдары мен дефилесін көпшіліктің назарына ұсынды.

– Мен үшін бүгін қуанышты әрі жауапты күн. Бұдан былай мен өз қатарластарыма сабақта да, мектептен тыс уақытта да үлгі болуым керек. Өз елімнің нағыз патриоты болуға салтанатты түрде ант етемін, – дейді жас сарбаз Санжар Аниев.

Алтай қаласындағы №8 орта мектебінде қазіргі таңда «Жас сарбаз» сыныбы жемісті жұмыс істеп келеді. Мұнда болашақта Отан қорғаушылар қатарын толтыратын, келешегін әскери қызметпен байланыстырғысы келетін жастар тәлім алып  жатыр.

– Жас сарбаздар осы уақыттан бастап жүктелген міндет пен тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, сабақты жақсы оқуға тиіс. Мектебімізде құрылған мұндай сынып әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейтуге бағытталған, – дейді сынып жетекшісі Бекзат Құнанбаев.

Шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.

Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі

 

Осы айдарда

Back to top button