Оқитын адамның ойы озық

Газет–жылнама. Тағы бір тарихи жылдың шежіресін жазып бітірдік. Оның бағасын беру – көзі қарақты, патша көңіл оқырманның еншісінде.
Редакция поштасына Күршім ауданының Құрметті азаматы, «Дидарды» «Коммунизм туы» кезінен үзбей оқып келе жатқан Қабдыкәрім Нұрсадықовтан хат келіпті. «Дидарға» бір жылға жазылған оқырмандар арасында ұйымдастырылған отыз мың теңгелік он ұтысқа қатысуға ниет еткен қадірменді ақсақал редакция ұжымына ақжарма тілегін де жолдапты. «Дидар» газеті – өте мағыналы, маңызды басылым. Шабыттарыңыз шалқи берсін, Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!»-депті. Мерейіміз өсіп қалды.
Редакциямызға Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров келіп кетті. «Биыл «Дидардың» таралымын ауданда екі есе өсірдік. Қарасөздің қадірін білетін Абай елі газет бетіндегі жақсы дүниелерді оқуға ынталы. Өндіріс ошақтары болмаса да, мыңғырған малымен жан баққан ел-жұртымыздың ауыл шаруашылығын әртараптандыруға деген құлшынысы ерен. Ал руханияттың мәйегі бізде. Газетке жазылған оқырман қасиетті мекеннің тыныс-тіршілігін басылым бетінен жиі көргісі келеді»,-деп ой сабақтады. Сөйтіп, бізге міндет жүктеп кетті.
Иә, газет журналистерінің арқалаған жүгі жеңіл болған ба? Жыл бойы Елбасы Жолдаулары мен тапсырмаларынан туындайтын міндеттерге орай облыста атқарылған ауқымды шаруалар, игілікті істер жайында үзбей қалам тарттық. Тұрақты дамуға бет алған аймақ экономикасының әлеуметтік сипат алғанынан оқырман хабардар. Ал жариялаған дүниелеріміз –газет бетінде. Алдағы жылдың міндеттері бұдан да зор. Бұл жөнінде бүгінгі нөміріміздің «Жылжабар», «Жылашар» арнайы беттерінен оқып, тағы да ой түйесіздер. Аудандардың дені биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтті. «Аудан ахуалы» айдарымен барлық өңірге бет арнадық, арнайы репортаж бердік. «Дидардағы» мақалалар жарияланымы бойынша ай сайын қалалар мен аудандардың рейтингісін шығарып едік, ақпараттық белсенділік артты. Газетіміз көп тарайтын аудандарды аралап шыққан кезде осындай мүмкіндік туғызған біздің әкімдер алдында бетіміз жарық болды. Әрине, бұл тұрғыда ұйымдастыра алмай жатқан жұмыстарымыз, жаза алмай жатқан дүниелеріміз жетерлік. Мұны да келер жылдың еншісіне қалдырайық.
Десек те Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және соның жалғасындай «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары ұлттық санамызды сілкінтті, журналистеріміздің ғана емес, қоғамдық тілшілеріміздің де қаламына жел бітірді. Жыл басында жарияланған тілшіміз Мұратхан Кенжеханұлының «Өскемен қашан рухани жаңғырады?» атты мақаласының ерекше қоғамдық пікір туғызғаны естеріңізде болар. «Дидардың» бұл сұрағына алғашында үрке қарағандар кейін сабасына түсті. Өйткені облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы газетіміздегі мақалаға ғана емес, жалпы аймақтағы ономастика мәселесіне сындарлы баға берді. Нәтиже шықты. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында газетімізге берген сұхбатында аймақ басшысы бұл мәселенің жай-жапсарына жете тоқталғанын білесіздер. Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай «Дидарда» жарияланған дүниелер жинақ болып шықса деген пікірлер де айтылып қалады. Мұғалімдердің киелі жерлеріміз туралы деректерді, танымдық мақалаларды сабақтарына пайдаланғанын естіп, қуанып қалдық.
Иә, мұғалімнен асқан қадірлі мамандық жоқ. Елбасының «Педагогтардың мәртебесі туралы» Заң қабылдау жөніндегі тапсырмасы да тегін емес. Мұғалімдер – біздің де жанашырымыз, жалындырмай газетке жазылатындар да – осы ұстаздар қауымы. Өйткені, олардың әмәнда көзі ашық, көкірегі ояу. Сондықтан да қоғамдық істерге көп тартылады. Бірақ бәрін олардан тегін талап етеді. Әрине, бұл дұрыс емес. Біз газетімізге жазылатын мұғалімдерді ғана емес, басылымды бастан-аяқ сүзіп оқитын, ой қосып жататын барша оқырмандарымызды ардақ тұтамыз.
Әңгіме ауаны газетке жазылу жайына ауысқанда, есімізге француз философы Дени Дидроның «Оқуды қойған адам ойлауды да қояды» деген сөзі түскені. Әрине, қазір интернеттің, әлемжелінің заманы туды. Бірақ ақпараттық, ағартушылық, танымдық міндетті мойнына алған дәстүрлі баспасөзді оқудың жөні бөлек. Санаңызды сергітетін сараптамалық дүниені де осыдан оқисыз. Бұдан қазіргі жастардың бойында ойын жетілдіретін оқу мәдениетін қалыптастыру деген үлкен мәселе туындайды. Оқымаған ұрпақтың ұлттық намыстан, мәдениеттен жұрдай, мәңгүрт боларын меңзеп отырмыз.
Бүгінгі дерек бойынша, «Дидарға» он мыңнан астам адам жазылыпты. Газетке жазылу әлі де жалғасады. Баспасөзге жазылу науқанын ұйымдастыруда көш бастап тұрған Үржар ауданының атқамінер азаматтарына, осындағы оқырмандарымызға алғысымыз шексіз. «Дидардың» таралымын көбейткен Аягөз, Жарма, Тарбағатай, Зайсан, Абай, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім аудандарының жұртшылығына дән ризамыз. Газетіміз Өскеменге қарағанда Семейде көп тарайды. Кезінде Алаштың астанасы болған қасиетті шаһар руханиятқа тым жақын ғой…
…Тағы бір жылды тарих қойнауына аттандырдық, қадірлі оқырман. Доңыз жылы Сіздерді жазған жағымды жаңалығымызбен, ойлы дүниелерімізбен қуантайық. Түтіні түзу ұшып, тұрмысы түзелген халықтың шат-шадыман бейнесі қаламымызға арқау болғай!
Бас редактор