Қоғам

Офицерлер балы тұңғыш рет ұйымдастырылды

Офицерлер балы тұңғыш рет ұйымдастырылды

Кеше Өскемендегі «Бейбарс» іскер адамдар клубында облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қатысуымен Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс күндеріне орайластырылған мерекелік офицерлер балы болып өтті.
Жалпы, тарихқа көз жүгіртетін болсақ, әлемнің көптеген елдерінде офицерлер арасында өзіндік сән-салтанатқа толы би кештерін ұйымдастыру қалыпты жағдай саналған-ды. Қай заманда да, офицерлер жылына бір мәрте бас қосып, салтанатты кеште би билеп, көңіл көтеруді ұмытпай, дағдыға айналдырған. Бұл салтанатта да ел тыныштығын көздің қарашығындай сақтап, әрқашан сол қара орман елге қалқан болуға әзір тұратын азаматтарымыз ән мен күйден, жалпы өнер атаулыдан құралақан емес екендіктерін көрсетті. Жадыраған жүздеріне әдемі әскери формалары жараса қалған сыптай түзу, сегіз қырлы, бір сырлы жігіттерді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құттықтады.
– Кез келген мемлекеттің дамуы сол елдің ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне, шекараларының беріктігіне байланысты. Ал қарапайым халықтың көңілі алаңсыз, түн ұйқысы тыныш болуына сіздердің қосар үлестеріңіз өлшеусіз зор. Өздеріңіз білесіздер, біздің облыс Ресеймен де, Қытаймен де шектесетін Қазақстандағы жалғыз аймақ болып табылады. Сондықтан біздің өңірдегі Қарулы күштерге, атап айтқанда, «Шығыс» аймақтық қолбасшылығының мойнына артылар жүк қашан да зор. Бұл үшін қолымызда заманауи техникамен қамтылған жоғары кәсіби әскеріміз болғаны шарт. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қарулы күштеріміздің жарақтандырылуына әрдайым ерекше мән беріп келеді. Жыл сайын сарбаздардың кәсіби шеберлігін арттырып, қару-жарақтарды жаңалауға ел бюджетінен қомақты қаражат бөлінуде. Әскерилерімізді баспанамен қамту жағы да дұрыс жолға қойылған. Ендігі мақсат – елдегі тұрақтылықты сақтау. Әлемде түрлі қақтығыстар орын алып жатқан заманда біз өз еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты қызғыштай қорып, Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге бір адамдай атсалысуымыз қажет, – деген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ салтанатты жиынға қатысушыларды Отан қорғаушылар мерекесімен құттықтап, отбасыларына амандық, қызметтеріне табыс тіледі. Сондай-ақ, бұл күні ұйымдастырылған шараның маңыздылығына да ерекше тоқталды.
– Әскери қызметкерлердің дәстүрді құрметтей білуге, олардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға мүмкіндік беретін бірден-бір құрал – би өнері. Қарулы күштеріміз жан-жақты бола алатынын дәлелдеуі керек. Өйткені, өмірдің өзі көрсеткендей, бұл тек мәдениетті адамның уақытты қызықты өткізіп қоюы ғана емес, сондай-ақ, оның белсенді демалысы және игі әдептер қалыптастыруының мектебі болмақ. Сондықтан бүгінгі офицерлеріміз бойларына әскери дәстүрлерді, ұлттық намыс пен әдепті сіңіруі қажет. Осындай офицерлер балын ұйымдастырған «Шығыс» қолбасшылығына зор алғысымды білдіргім келеді, – деді аймақ басшысы.
Айта кету керек, облысымызда дәл осындай ауқымдағы офицерлер балы бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Өскеменде өткен салтанатты би кешіне «Шығыс» қолбасшылығының құрамына кіретін Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының әскерилері жиналыпты. Өз сөзінде «Шығыс» аймақтық қолбасшылығының басшысы, генерал-майор Бауыржан Әбжанов шараға қатысушыларды мерекелерімен құттықтай келе, облыс әкіміне Қарулы күштерге көрсетіп жүрген жан-жақты қолдауы үшін алғысын жеткізді. Бұдан кейін бір топ офицердің еңбектері аталып өтіліп, оларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Бірнеше әскери қызметшіге кезекті шендері де тапсырылды.
Міне, осыдан кейін тарихы тереңде жатқан мерекелік бидің де кезегі келіп жетті. Әсем әнмен өрнектелген балдың алуан түрлі қызықтары, әдемі ырғақты вальс толқынында би билеген жұптардың қайта¬ланбас айрықша сұлу қимыл-қозғалыстары шақырылған қо¬нақтарға есте қаларлықтай керемет көңіл күй сыйлады. Ортаға шыққан офицерлер мен бикештердің жұптары оркестрдің әсем әуенімен әуелей айналып, дөңгелене жөнелді. Тұла бойды шымырлатқан сиқырлы вальстің ырғағында билеген 13 жұптың өнері көрермен қауымды еріксіз өзіне баурады.
Ал осындай тамаша сезімге бөлеген кештің соңы ресейлік әнші Виват Басов пен «Генерал» тобының орындауларындағы концертке жалғасты. Концертте әскери тақырыптағы әндер орындалып, жиналған қауымның көңіл күйін көтерді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button