Өзіміздің өнім көрмеге қойылады
Шығыстың басты брендтерінің бірін шартарапқа паш ететін «Бал фестивалі» жақындап келеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтілетін маңызды іс-шараға бүгінде шығысқазақстандық омарташылар да өз өнімдерін дайындауда.
Бұл жайында Қазақстан омарташылары қауымдастығының төрағасы әрі облыс орталығының іргесінде орналасқан «Пасека» шаруа қожалығының басшысы Валерий Қасымбаев әңгімелеп берді. Жылда «Қала күні» мерекесіне орай өткізілетін фестиваль биыл әдеттегіден кешірек, яғни қыркүйек айының 10-шы жұлдызына белгіленген екен.
– Шығыс Қазақстан облысының экспортқа бағытталған өңір екені белгілі. Жалпы елімізде өндірілетін балдың 70 пайызы біздің өңірде өндіріледі. Бізде мұндай өнім өндіруге деген барлық негіз бар. Өйткені шығысқазақстандық омарташылардың бұл саладағы тәжірибесі алпыс жылдан асып жығылады, – дейді Валерий Қасымбаев.
Оның бұл сөзінің жаны бар. 1959 жылы омарташылардың республикалық станциясы Алматы қаласынан Өскеменнің маңында орналасқан Опытное поле ауылына көшірілген болатын. Ғылыми-тәжірибелік әлеуеті жоғары станцияны Шығыс өңіріне көшірудің өзіндік мәнісі де болды. Өйткені бұл аймақтың табиғи-климаттық жағдайының қолайлылығымен қатар, мұнда омарташылықтың сан жылдар бойы қалыптасқан тәжірибесі де бар еді. Ал республикалық станцияның көшірілуі істі одан ары ілгерілетіп, бірнеше жылдың ішінде облыс аумағында Кеңес Одағына белгілі омарташылықпен айналысатын кеңшарлардың пайда болуына септігін тигізді.
– Мысалы, сол кезде Черемшанкада 23 ара ұясы болды. Оған қоса Глубокое ауданы мен Риддерде, Тарғында, Тайынтыда тұрғындар ара өсірумен айналысты. Бұдан бөлек, бүкіл Кеңес Одағына танымал Тұрғысын ауылында орналасқан Осинов және Путинцеводағы ара совхоздары болды. Сонымен қатар Катонқарағай ауданының аумағындағы Коробиха ара совхозы да осы тізімге енді, – дейді Валерий Қасымбаев.
Аталмыш бал ара совхоздарының Қазақстандағы омарта өнімдерінің негізгі көлемін құрағанын алға тартқан ол шаруашылықтарда балдан бөлек бал ара ұялары, аналық ара, балауыз, прополис, ара сүті, бал ара тозаңы сияқты өнімдердің де өндіріліп, жан-жаққа таратылып отырғанын айтты. Шығыс Қазақстан облысының Алтай тауларының ең қолайлы климаттық белдеуі саналатын оңтүстік-батыс аймағында орналасуы бал ара ұяларын ірі омарта совхоздарында ғана емес, сондай-ақ кішігірім шаруашылықтарда да ұстауға мүмкіндік берді. Дегенмен, Кеңес Одағының ыдырап, одақтас елдердің өз тәуелсіздіктерін алуы бұл бағыттағы жұмыстарды біраз кідірткені белгілі.
Дағдарыс бұл салада да сезілді
– 2000-шы жылдардан кейінгі экономикалық өрлеу омарта шаруашылығын да жақсы дамытты. Үрдіс 2014 жылдарға дейін жақсы сақталды. Осы уақытта бірқатар істің басы қайырылып, еліміздің басты брендтерінің бірін әлемге танытудың сәті түсті. Бірақ 2014 жылдан кейінгі кезеңде басталған түрлі экономикалық катаклизмдер біздің салаға да әсер етті, – дейді Валерий Қасымбаев.
Алайда экономикалық дағдарыстарға қарамастан шығысқазақстандық омарташылардың қол қусырып отырмағанын айтқан ол еліміздің Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрліктерінің қолдауымен көрші Қытай нарығына жол салынып жатқанын атап өтті. Осы бағытта түрлі халықаралық көрмелер ұйымдастырылып, қос тараптың өкілдері кездесіп, Шығыс өңірінің балын экспорттауға келісті. Ол үшін бал сапасын арнайы тексеруден өткізіп, халықаралық стандарттық сертификатын беретін зертхана құру жайын да уағдаласты.
Аспан асты елінің коронавирустық шектеулерге қарамастан әріптестікті үзбеуінің басты себебі – Шығыстың органикалық балынан айрылып қалмау болды. Өйткені Алтайдың мың түрлі шөбінен жиналған табиғи балына деген қызығушылықты соңғы жылдары күншығыстағы Жапония елі де көрсетуде. Бұл елмен әріптестік орнатуға жасалған алғашқы талпыныс өткен жылдың күзінде жасалуы тиіс еді. Бірақ карантиндік шектеу аяққа тұсау болып, елдің экспорттық әлеуетін тағы бір елмен толықтыру қадамын кешеуілдетті. Елімізден Жапонияға аттануы тиіс болған делегация осылайша, шығысқазақстандық омарташылар үшін тағы бір нарықтың көзін ашуы мүмкін еді. Дегенмен, саннан гөрі сапаға көбірек көңіл бөлетін жапондықтар үшін Алтайдың балы таңсық ас екені белгілі. Ендеше, көзделген әріптестік алдағы уақытта сакурасы гүлдейтін Күншығыс елімен орнайтынына сенім мол.
– Өкінішке қарай, елімізде алыс шетелдерге өз өнімдерін экспорттай алуға мүмкіндік алған шаруашылықтар саны саусақпен санарлықтай. Олар, «Sun-Bee Altai», «Лепсинск өнімінің» Лепсі балы мен біздің «Пасека» шаруашылығының өнімдері болды. Бүгінде біздің өнімдеріміз көпшілікке кеңінен танымал. Олар жалғыз Шығыс Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар барлық облыс орталықтарындағы фирмалық сауда нүктелерінде сатылады, – дейді Валерий Қасымбаев.
Әлемдегі геосаяси жағдайлардың шиеленісуі салдарынан осыған дейін Америка Құрама Штаттарына да бал өнімдерін экспорттап отырған шығысқазақстандық шаруашылық бүгінде алыс шетелдерге өз өнімдерін экспорттаудың басқа бағыттарын іздей бастаған. Еуропа мен АҚШ-қа Қытай арқылы, я болмаса Ресей арқылы бал экспорттау қазірде мүмкін емес екені барлығымызға белгілі. Осы ретте отандық омарташылар Каспий теңізі жағалауындағы Әзірбайжан, Грузия сынды елдер арқылы өнімдерін өткізу жолдарын қарастыруға кіріскен.
Күзгі бал шайқау басталды
Қазіргі уақытта шаруашылықта күзгі бал шайқау науқаны басталып кеткен. Алтайдың қысқа мерзімді жазы аяқталуға жақын. Осы уақытты пайдаланып қалуға тырысатын омарташылар бал ара ұясындағы артық балды жинап, қалғанын араның қысқы азығына қалдыратыны белгілі.
– Біздің жақтың қысы ұзақ әрі қатал екенін бәріміз білеміз. Сондықтан омарташыларымыз бал ара ұясының бетіндегі балды шайқап, ара ұяларын қысқы маусымға дайындауды бастап кетті. Бұл өз кезегінде омарташылар тарапынан кәсібилікті талап ететін жұмыс. Алты айға созылатын қыста бал ара ұяларын жабық ғимараттарда сақтаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан омарташы өз ісінің маманы болуы қажет, – дейді Валерий Қасымбаев.
Шығысқазақстандық өнімнің шартарапқа танымал болуында өңір басшылығы еңбегінің зор екенін айтқан ол жыл сайын өткізілетін Бал фестивалінің орны ерекше дейді. Өйткені бүгінде облыс орталығында дәстүрлі түрде өткізілетін бұл іс-шараға арнайы келіп, жергілікті өнімді өндірушілердің өздерінен сатып алуды қалайтын қонақтардың саны артқан.
Маманның айтуынша, биылғы жаз бал араның бал жинауына біраз қолайсыз болған. Жиналған өнім өткен жылдармен салыстырғанда бірқатар деңгейде төмендеген. Бұл үрдіс әсіресе облыстың таулы аймақтарында орналасқан Катонқарағай, Күршім, Алтай және Риддер сынды өңірлерінде ерекше байқалған.
– Түннің салқын болуы, күндізгі уақытта аптап ыстықтың орнауы шөптердің балшырын бөлу үрдісін төмендетіп жіберді. Суық түннен шыққан өсімдік балшырынды тек түстен кейін ғана бөле бастайды. Міне, ара сол кезден бастап қана, яғни түстен кейін жарты күн ғана бал жинайды. Дей тұрғанмен, шығысқазақстандық омарташылардың бұған бола ұнжырғалары түскен емес. Жалпы, омарташылар қауымын өнім өндіруде толық циклді қадағалайтын кәсіпкерлер десек артық айтпаған болармын. Өйткені олар бал өнімдерін өндіріп қоймай, оны сатушы әрі клиентке дейін жеткізушінің рөлін де қатар атқарады, – дейді Валерий Қасымбаев.
Биыл көктемнің ерте орнауы араның ерте оянып, бал жинауын әдеттегіден ерте бастауына себеп болды. Бірінші кезекте қараған гүлінен балшырын тарта бастаған олар омарташыларға «мамыр балын» маусым айының басынан бастап шайқауға мүмкіндік берді.
Омартаға деген сұраныс жоғары
Соңғы уақытта ел аумағында жәндіктердің тозаңдандыруына тәуелді дақылдардың көптеп егіле бастауына орай, елімізде бал ара шаруашылықтарына деген сұраныс арта түсті. Өйткені өсімдіктің гүлінен балшырын тартатын ара оның ұрығын екіншісіне тасиды. Осылайша, дақылдар ұрықтанып, егіс түсімі 30 пайызға артады. Осы себепті, кейбір шаруашылықтар өздерінде омарта ұяларын ұстаса, енді біреулері омарташыларды өз егіс алаңдарына жаз маусымында ара ұяларын орналастыруға шақыруда.
– Қарақұмық, күнбағыс сынды энтомофильді дақылдардың егіле бастауы омарта шаруашылықтарына деген сұранысты арттырды. Біздің облыс күнбағыс егуде ел бойынша бірінші орында тұрған өңір. Қазірде біздің омарташыларымызды Жетісу, Павлодар облыстарындағы шаруашылықтар омарта ұяларын өз егіс алаңдарында орналастыруға шақыруда. Олар омарташылардың жол шығындарын көтеріп, жергілікті жерлерде қажетті инфрақұрылыммен қамтуды да уәде етіп отыр, – деген Валерий Қасымбаев бұл үрдістің соңғы бір-екі жыл емес, жеті жылдың көлемінде айтылып келе жатқан ұсыныс екенін айтып өтті.
Кезінде Альберт Эйнштейннің өзі «Адам оттегісіз үш минут, сусыз үш күн, ал арасыз төрт жыл ғана өмір сүре алады» деген екен. Осылайша, араның адам өміріндегі ерекше рөлін меңзеген ол жер бетіндегі өсімдіктердің тең жарымын тозаңдандыруда аталмыш жәндіктің маңызы зор екенін айтқан болатын.
Азамат Темірбеков
Фото: Тілеубек Шаяхмет