Өзі оқыған мектепке 500 кітап сыйлады
Өңірдегі ардақты азаматтардың бірегейі, «Атамұра» корпорациясының пезиденті, профессор Рақымғали Құл-Мұхаммед өзі оқыған Мақаншы ауылы Найманбай атындағы орта мектепке 500 кітап сыйлады.
– Рақымғали Абрарұлы елдегі көптеген мәдени іс-шараларға демеушілік ете отырып, ешқашан туған ауылын, мектебін ұмытқан емес. Осыдан біраз жыл бұрын мектебімізге өлкетану мұражайын ашып берді. Ол кісінің ұйғарымымен бірнеше жыл бойы мектепте талантымен танылған үздік оқушылар мен тынымсыз қызмет еткен ұстаздардың еңбегі ескеріліп, «Үздік оқушы», «Үздік сынып», «Үздік спортшы», «Үздік ұстаз», «Үздік сынып жетекшісі» аталымдары табысталып, «Атамұра» корпорациясынан 50 мың, 70 мың теңге көлемінде сыйақы беріліп келді. Ауылдағы үш мектепке әр уақытта компьютерлер, домбыралар тарту етіп, өзі оқыған мектебіне автокөлік сыйлады. Сонымен қатар, Мақаншы емханасына қаржылай көмек көрсетіп, медициналық аппараттар әперді, лифт орнатты, – деді Найманбай орта мектебінің директоры Гүлбаршын Құсайынова.
Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп кітапханаларына көңіл бөліп, балаларды кітап оқуға қызықтыру мақсатында «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасын ұсынды. Осы жоба аясында өңірде «Кітапқа екінші өмір сыйла» акциясы өтуде. Рақымғали Абрарұлы осы акцияға белсене қатысып, өз мектебіне «Атамұра» баспасынан шыққан 500 кітапты сыйлады. Абай, М. Әуезов, М. Мақатаев, Б. Момышұлы, С. Мұқанов, Ә. Нұршайықов, Ф. Оңғарсынова, Қ. Қайсенов, О. Бөкей сынды белгілі ақын-жазушылардың шығармаларымен қатар, балаларға арналған әдеби кітаптар кітапхана сөресінен орын алды.
– Мектеп ұжымы атынан Рақымғали Абрарұлына көптен-көп ризашылығымызды білдіре отырып, толағай табыс, жемісті еңбек тілейміз, – дейді Гүлбаршын Сапарханқызы.
Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы