ТОП

Өзгерістерді халыққа түсіндіріп жатыр

    Референдумды қоғамдық қолдау штабының өкілдері Ақсуат мәдениет үйінде Ата Заңға енгізілетін өзгерістерге байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жиынға білім, әлеуметтік сала өкілдері  қатысты. Штаб мүшесі Ержан Құттыбаев Жаңа Қазақстанды құру жолында саяси реформаларға негізделген конституциялық өзгерістерді жан-жақты тарқатып айтты.

– Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 11 қаңтар 2022 жылғы халыққа арнаған мәлімдемесінде саяси реформа жүргізу керектігін, бұрынғыдай «алдымен экономика, саясат содан кейін» бағытының өзгергенін атап көрсетті. Ал 16 наурызда Қазақстан халқына Жолдау арнап, саяси реформа жүргізу үшін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы  арнайы жұмыс тобы құрылды. Және осы топқа бір айдың ішінде ұсыныстар жасау тапсырылды. Сонымен бір айда  Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар халықтың пікірін ескере отырып дайын болды. Ата Заңның 33 бабына 56 өзгерістер мен толықтырулар  енгізу туралы жоба жасалды. Ата Заң мемлекеттің тірегі болғандықтан, Президент оны Парламент қабырғасында қабылдамай, бүкілхалықтық референдумға шығару туралы ұсыныс жасады. Одан кейін 5 маусымда референдум өткізу туралы Жарлық шығарды. Конституцияға енгізілетін негізгі өзгерістер мыналар:  3-тармақта  «Жер, оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, табиғи ресурстар халықтікі» деп көрсетілген; өлім жазасына тыйым салынады; суперпрезиденттік басқарудан бас тартып, президенттік республика моделіне өту; биліктің өкілеттілігін қайта бөлу;  халықтың ел басқару ісіне араласуын кеңейту; азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін күшейту; Парламенттің рөлі мен мәртебесін өзгерту. Штаб мүшелері осы мәселелерді аудан тұрғындарына жан-жақты түсіндіруді жалғастыра береді, – дейді штаб мүшесі Е.Құттыбаев.

Сонымен қатар референдумды қоғамдық қолдау штабының төрағасы Болат Оразғалиев, мүшесі Ораз Рахымжанов Ата Заңымыздың 33 бабына енгізілмек 56 өзгерістер мен толықтырулардың ел өміріне, қоғамның бағыт-бағдарына елеулі ықпал ететінін айта келіп, 5 маусымға белгіленген референдумнан тысқары қалмай, дұрыс таңдау жасап, саяси науқанға бір кісідей атсалысуымыз керектігін атап өтті.

Сонымен қатар референдумды қоғамдық қолдау штабы Ақжар ауылында семинар өткізіп, жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар үшін 5 маусымда өтетін республикалық референдумның мән-маңызын ашып көрсетті.

Жалпы, Ақсуат, Ақжар, Тұғыл ауылдарында еңбек ұжымдарымен, NEET санатындағы жастармен, атаулы әлеуметттік көмек алушы отбасылармен, тағы басқа санаттағы азаматтармен кездесу өткізу жоспарда тұр.

Сонымен қатар 23 мамырдан бастап «Есіктен-есікке» акциясы бойынша аудандағы ауылдық округтерде үй-үйді аралап, қарапайым тұрғындарға түсіндіру  жұмыстары жүргізілмек.

Аудандық штабтың ақпараттық қолдау топтары да, ауылдарда құрылған үгіт-насихат топтары да маңызды саяси іс-шараға атсалысатын болады.

Ерлан Бапанов, Тарбағатай

Осы айдарда

Back to top button