Қоғам

Өзге тілде өнер көрсетті

А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген 21-35 жас аралығындағы жастар арасында «Тіл шебері» атты облыстық байқау өтті.  Облыстық мәдениет басқармасы мен Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы ұйымдастырған  іс-шара осымен бесінші мәрте өткізіліп отыр.

Байқауға алты үміткер қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бірқатар себепке байланысты биыл қатысушылар саны азайған. Десе де ұйымдастырушылар үш тілді жетік білетін пән ұстаздарын, оқу орындарын енді бітірген жастарды барынша қолдауды мақсат етіпті.

– Тіл және мәдениет басқармаларының бірігуіне байланысты уақытынан кешіктік. Десе де қала мен аудандарда іріктеу сындары өткізілгендіктен қолға алуды жөн көрдік. Жастар қазір айтарлықтай белсенді. Алғаш бастаған жылдары қатысушылар орыс, ағылшын тілдерін жақсы біліп, мемлекеттік тілге келгенде ақсап жататын. Қазір бұл жағы реттелген. Айталық былтыр қазылар тарапы іріктеу бәсекесі кезінде жеңімпазды анықтауға қиналып қалған еді, – деді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Роза Төлемісова.

Айта кетерлік жайт, аудан-қалалардан келген қатысушылардың көбі пән мұғалімдері. Бұлармен қатар мемлекеттік қызметте жүргендер де өз өнерін ортаға салды. Байқау «Елтаным», «Өнертаным» және «Сөзтаным» атты үш кезеңнен тұрды.

«Елтаным» кезеңінде қатысушылар ұяшықтарда жасырылған сауалдарға жауап берді. Кейбірі жадында сақталған мәліметтерді мүдірмей жеткізсе, енді бірі сәл кідіріп жатты. Тарихқа, өңір географиясына қатысты сұрақтар көпшілігіне қиындық тудырмады. Айталық, қазақ жерін біріктіруші хан, 1927 жылы Парижде ән шырқаған қазақ, Өскемен тарихы жайлы және т.б. Әрбірі шама-шарқынша нақты ақпарат берумен қатар, тапқырлықтарын көрсетті.

Бұдан бөлек, байқауға қатысушылар ағылшын тілінде өз өнерлерін ортаға салды. Ән де айтылды, қойылым да қойылды. Бастысы, қатысушылардың әрқайсы дайындықпен келгендігін байқатты.

Тағы бір ескерер жайт, байқауды өткізудегі аз-кем өзгерістерге Абай облысының құрылуы да себеп болды. Бір облыс болып тұрғанда 19 өтінім жіберілген. Кейін аудандар бөлініп, ауыс-түйіс болған шақта көп мамандар келе алмаған. Белгілі болғандай, мәдениет басқармасының басшылығы тілдерді дамытуға байланысты түрлі ұлт өкілдерінің қатысумен өтетін іс-шаралардың барлығын көктем, күз, қыс айларында қолға алады.

Облыстық кітапхана өкілдері сайыс лебін сездіру үшін қазақ, орыс, ағылшын қаламгерлерінің шығармаларын сөреге қойып, кішігірім көрме ұйымдастырыпты.

Сонымен, байқау қорытындысы бойынша Глубокое ауданы атынан қатысқан Степное негізгі мектеп-балабақша кешенінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Мәншүк Беделбекова бас жүлдені иеленді. Өскемендегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы Елдар Мүбараков бірінші орынды иеленсе, тарбағатайлық Әйгерім Мәжитова екінші орынға лайық деп табылды. Үздік үштікті Қ.Қайсенов кентіндегі Р.Мәрсеков атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Сәбира Сейдрахманова түйіндеді. Қалған екі қатысушы алғыс хатқа ие болды.

Әділхан Есімханов

Осы айдарда

Back to top button