Қоғам

Өз ісінің шеберлері

23 маусым елімізде мемлекеттік қызметшілер күні атап өтіледі. Осы ретте мемлекеттік қызметтің ажырамас бір бөлігі саналатын төтенше жағдайлар жүйесінде талай жыл табан аудармай еңбек етіп, айналасындағылардың сый-құрметіне бөленген әріптестеріміз туралы аз-кем сөз қозғауды жөн деп таптық.

Солардың бірі – осы салаға өмірінің 36 жылын арнаған Любовь Совеко. Ол Алтай ауданының ТЖ басқармасында 1992 жылдан бері бас маман болып қызмет етуде. Кейіпкеріміз таңдаған қызметке кездейсоқ келген жоқ, «өмір бойы бір сарынды жұмыс істегенше, қиындыққа тап болған адамдардың жанынан табылып, оларға көмек қолын созғым келді», – дейді Любовь Петровна.

Бүгінде оның бөлімшесі басшылық қойған міндеттерді ойдағыдай орындап, өңір тұрғындарын түрлі төтенше жағдайдан қорғауға атсалысып келеді. Күн сайын офицер жігіттермен қатар бас маман Любовь Петровна да өңірдегі ахуалға мониторинг жүргізіп, оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған жоспарлар мен маңызды құжаттар әзірлейді. Осындай өз ісіне шынайы берілген жандардың қажырлы еңбегінің арқасында Алтай ауданында өткен жылы да, биыл да су тасқыны маусымы ешқандай оқиғасыз, қалыпты өтті.

– Өз ісіңе деген қызығушылықты жоғалтпау өте маңызды. Бұл салада жылдар бойы еңбек етсем де, күн сайын өзіме пайдалы жаңа дүниелермен сусындап отырамын. Ал қиындықтарға келсек, онсыз болмайды ғой. Негізі, қиындық адамды тек шыңдай түседі, – дейді ол.

Тағы бір әріптесіміз Жанар Тұрсынова ТЖД-ның қаржы және мемлекеттік сатып алу басқармасында былтырдан бері қызмет етеді. Алайда бұл жұмысқа орналасу үшін Жанар 2014 жылдан бері департамент жанындағы өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінде қаржылық қамтамасыз ету тобының маманы болып еңбек еткен. Аталмыш жұмыста әжептәуір тәжірибе жинап үлгерген ол қазір бүтін бір мекеменің салық есептілігіне жауап беруде, 300-ге жуық қызметкердің жалақысын есептеу және сан алуан статистикалық мәліметтермен жұмыс жасау осы Жанар әріптесіміздің мойнына жүктелген міндет.

– Мемлекеттік қызмет – бұл – ең алдымен қоғамның, азаматтардың игілігі үшін жасалатын жұмыс. Бұл салада еңбек ететін әрбір қызметкердің жұмысының нәтижесі маңызды. Сіз неғұрлым адал еңбек етсеңіз, адамдарға соғұрлым мол пайда әкелетініңізді ұмытпау керек, – дейді Жанар Тұрсынова.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button