Қоғам

Өз еркімен екпе салдырушылар көбейіп келеді

Айна Ескенқызы

Жадырап жаз да келді. Бір жылдан астам шектеуде отырған адамдар үшін екінші жазды тағы да төрт қабырғада өткізу онша ұнай қоймасы анық. Демалысқа немесе саяхатқа шыққысы келетіндер, тіпті қала сыртындағы саяжайына барғысы келетіндер де өздерін коронавирус індетінен вакцинамен қорғаудың қаншалықты маңызды екенін ұғып үлгерді. Ресми мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда қырық мыңнан астам өскемендік  коронавирусқа қарсы екпе салдырды.

Өскемен қаласындағы «Авиценна» отбасылық денсаулық орталығы ақпарат қызметінің менеджері Әсем Рахимбаеваның айтысына қарағанда, емханаға тіркелген он жеті мың тұрғынның сексен пайызы бүгінде қауіпті індетке қарсы егілген.

–Біздің емханаға тек ересек тұрғындар бекітілген. Өзіміздің пациенттерден басқа өтініш түскен ұжымдарға барып, қызмет көрсетеміз. Мысалы, мобильді бригадаларымыз облыстық төтенше жағдайлар департаментіне, «Водоканал» кәсіпорнына, Абай даңғылындағы әскери бөлімшеге барып, қызметкерлеріне жұмыс орнында барлық сақтық шараларын сақтай отырып, екпе салды. Препараттарды сақтайтын тоңазытқыш, тасымалдауға қажетті термоконтейнерлер сияқты жабдықтармен толық қамтамасыз етілдік. Ұжымдардан 100-130, кейде 200 адамнан өтініш түседі. Біз өз мүмкіндіктерімізге қарай екпе салу кестесін бекітеміз, – деп түсіндірді Әсем Есерғазықызы.

Өздеріне тіркелгендердің арасында вакцина салдыруға ниеттенгендердің жасы әртүрлі. Егер бұрын орта жастағылар қарсылық білдірсе, қазір өздері келеді екен.

–Біз, әрине, тіркеудегі әр азаматқа телефон шалып,  екпе салдыруға шақырамыз. Басында «өз еркіміз» деп қарсылық танытса, қазір көп қашпайды. Көбі жазғы демалыс кезінде қыдырғысы келеді, балалар каникулға шықты. Осының бәрін таразылай келе, екпе салдыруды жөн деп санайды, – деп толықтырды маман.

Емханаға келгендермен әдеттегідей түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Егер әлі де болса күмәнмен келгендер болса, білікті мамандардың әңгімесінен кейін әдетте пікірлері өзгеріп, келісімдерін береді. Әсем Есерғазықызының сөзіне қарағанда, өздерінде екпе алғандардың арасында теріс жанама әсерлерінен зардап шеккендер болмаған. Бір ғана азаматтың қан қысымы екпе алардың алдында көтерілген екен, оны қалпына келтіргеннен кейін әлгі кісі  вакцинасын салдырып, тіпті көліктен де бас тартып, үйіне өз аяғымен  қайтыпты. Маманның айтысына қарағанда, әлгі пациент екі-үш күн бойы біресе «салдырамын», біресе «салдырмаймын» деп екі ойлы болып жүріпті. Дәл екпеге келгенде қобалжығандықтан, қан қысымы көтеріліп кеткен.

Емхана қызметкерлері орталыққа өз аяғымен келген пациенттердің ешқайсысына «жоқ» демейді, егер денсаулығы жараса, екпесін салып береді.  Әсем Рахимбаева сөз арасында әзірге үйге барып қызмет көрсетпейтіндерін ескертті. Тоқсаннан асқан бір қарияның қызы телефон шалып, шешесінің екпе салдырғысы келетінін хабарлапты. Қария үй ішінде жүргенімен, далаға шықпайды. Емдеу орнында әзірше қызметтің бұл түрі қарастырылмапты.

Дәрігерлер кез келген адамды қабылдағанымен, алдымен  олардың денсаулықтарын мұқият тексереді. Егер жөтеліп келсе, не болмаса бір-екі күн бұрын ыстығы көтерілгенін айтса, ондай кезде тұрғынды өзі тіркелген емханаға жібереді. Мұндай жағдайда вакцина салуға болмайды.

–Егер пациенттердің бірі аллергиясы барын айтса, біз міндетті түрде аллерготестен өтуге жібереміз. Әсіресе тауық өнімдері мен белокқа аллергиясы болса,  оған екпе салуға болмайды. Өйткені екпенің құрамы негізінен белоктан тұрады. Жалпы денсаулықтарын мұқият тексереміз. Егер созылмалы сырқаттары болғанымен, дәл қазір асқынып тұрмаса, оларға вакцинаны сала беруге болады. Өзіміздің қызметкерлердің ішінде, мысалы, тек үш маманымыз жүктілікке байланысты, тағы бір қызметкер медициналық қарсы көрсетілімге байланысты егілген жоқ. Қалғандарымыз өзімізді вакцинамен қорғадық, – деп атап өтті Әсем Рахимбаева.

Әсем Есерғазықызы тәжірибелерінде болған мына бір  оқиғамен бөлісті. Екпеден елдің бәрі қашпайды екен. Керісінше, қайталап алғысы келетіндер де бар. Өзі Германияда жұмыс істейтін, бірақ қазір Қазақстанда жүрген бір әйел хабарласыпты. Отандасымыз. Әйелдің сөзіне сенсек, Германиядан коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін салдырып келген. Ол кісі алған екпенің түрі елімізде жоқ. Германияға қайта барғанда екінші компонентін салдырмақшы. Бәрі дұрыс. Бірақ арасында  келіп,  қосымша  «Спутник V» вакцинасын салдырғысы келетінін айтқан. Дәрігерлер де, бас дәрігер де қанша түсіндірсе де, әзірге айтқанынан қайтпай отырған көрінеді.

Ғалымдардың түсіндіруінше, вакцинаның екі компонентін алғаннан кейін келесі екпені тек бір жылдан кейін ғана салғызуға болады. Қазір вакцина сынағының үшінші кезеңі әлі аяқталған жоқ. Соның қорытындысы бойынша  екпеден кейін антиденелердің ағзада қанша уақытқа дейін сақталатыны белгілі болады. Бір жыл ғана сақталса, жыл сайын тұмауға қарсы егілгендей, екпе салдырып отыруға тура келеді. Оны уақыт көрсетер.

Коронавируспен ауырып тұрғандарға вакцинаны тек алты айдан кейін ғана салуға болады. Ал егер адам ковидпен ауырған-ауырмағанын нақты білмей, вакцина салдырып қойса, онда жағдайы қалай болмақ?

– Нақты білмесе, жеңіл өткені ғой. Егер жеңіл түрімен ауырса, онда антиденелер ағзада көп сақталмайды.  Вакцинаны салғызғанда тұмаумен ауырғандай жағдайда болуы мүмкін. Басқадай кері жанама әсерлері білінбейді, – деді маман.

Әсем Рахимбаева ұжымдарға барып, вакцинаның маңызы туралы лекциялар оқып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мысалы, «Мирас», «Колокольчик» сияқты балабақшаларда, әскери бөлімшелерде болып, қызметкерлердің толғандырған сауалдарына жауап берген.

Кез келген вакцинаның бірінші компонентінен кейін ағзада иммунитет қалыптаса бастайды, екінші компоненті оны бекітеді. Ғалымдар «Спутник V» екпесіне қатысты соңғы кезде  екі компонент аралығы неғұрлым ұзағырақ болса, иммунитет соғұрлым мықты болады деген пікір айтады. Сол себепті арасы қырық бес күнге, тіпті тоқсан күнге дейін ұзартылған еді. Алайда кей жағдайларда жиырма бір күннен кейін де сала беруге болады екен.

– Әскери борыштарын өтегендердің үйге қайту уақыты таяп қалса, не болмаса офицерлер қызмет бабымен басқа жаққа ауысатын болса, онда «Спутник V» екпесінің екінші компонентін жиырма бір күннен кейін де сала береміз. Біздің емханада бүгінгі таңда вакцина тапшылығы жоқ. Бұған дейін Xayat-Vax, Qaz-Vac, Қарағандыда өндірілген ресейлік  «Спутник V» препараттарын салдық. Тұрғындардың сұранысы әртүрлі. Біреуі тек «Спутник V»  салдырам десе, соңғы кезде отандық екпе мен арабтар шығарған препаратты сұрайтындар да көбейді. Қазір бізге «Спутник V»  екпесінің тағы мың дозасы түсті, бірінші және екінші компоненттері бірге келді. Қазір әлі күмәнданып жүргендер екпе салдырған таныстарының емін-еркін қыдырып жүргенін көргенде, денсаулықтарына кері әсері болмағанына көздері жеткенде,  вакцина салдыруға өздері-ақ келеді деп ойлаймын. Вакцина  науқаны қазан айына дейін жалғасады, – деп қорытындылады Әсем Рахимбаева.

 

Осы айдарда

Back to top button