Өткені өрелі, бүгіні баянды басылым

Құрметті DIDAR газетінің ұжымы!
Сіздерді 90 жылдық мерейтойларыңызбен құттықтаймын!
Қабырғалы қалың жұрттың үні болған Шығыстағы бас басылым өңірдегі ақпараттық саясатты жүргізуге үздіксіз атсалысып келеді.
Сонау 1931 жылдың 24 қазанында Риддер қаласында «Жұмысшы» деген атпен алғашқы саны жарық көрген газеттің қарашаңырағында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімханұлы, Ғаббас Қабышев, Кәдірбек Сегізбаев, Ұлықбек Есдәулетов секілді қаламгерлердің ізі қалған.
Тоқсан жылдық ғұмырында талай тар жол тайғақ кешуден өткен басылым еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қайта түлеп, ақпарат кеңістігінде құлашын кеңге жая түсті. Бұл күнде газет өз оқырмандарына сүбелі де сүйекті мақалаларын ұсынып, өзіне жүктелген міндетті абыройлы атқарып келеді. Қалың бұқараға шынайы әрі жан-жақты ақпарат таратуда, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттауда, ұлтымыздың жоғын түгендеп, барын дәріптеуде журналистердің еңбегі зор.
DIDAR-дың ақпарат айдынындағы алар асуы, шығар биігі алда деп сенемін. Өткені өрелі, бүгіні баянды басылымның болашағы жарқын болсын!
Баршаңызға бақ-береке, аманшылық, зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін!
Бердібек Сапарбаев,
Жамбыл облысының әкімі