Өткен жылдардың өрнегі
Туғанына 95 жыл толып отырған Меңғали Мусин өзінің сексен төрт жылдық ғұмырының 70 жылын қалам ұстаумен өткізді. Мектеп қабырғасынан өлең жазды, майдан даласында жүріп дастан жазды. Журналистикаға деген адалдық, әділдік, батылдық, кәсіби шеберлік, таңдаған тақырыбын шегіне жеткізе зерттеушілік және оның түпкі нәтижесіне қол жеткізу Меңғали Шаймарданұлының бойындағы тамаша қасиеттер еді.
СОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін бітірген Меңғали аға журналист қана емес, білгір тарихшы, мықты мұрағатшы да болды. Көп журналистен оның артықшылығы – екі тілді де жетік меңгергендігі, сондықтан да ақпараттық кеңістікте өзін еркін сезінетін, сондықтан да шығармалары республикалық «Жұлдызға» да, «Просторға» да, одақтық «Огонек» пен халықаралық «Феникс» журналдарына да жарияланып жүрді.
Міне, сондай еңбекқор да дарынды әріптес ағамыздың арамыздан аттанып кеткеніне он бір жылдан асып кетіпті. Редакцияның мұражайын жасақтап жатқанда Меңғали аға да өзінің тарихи суреттер мен құжаттарға, кітаптарға толы бүйірлі қоңыр сөмкесімен бірге «Өткеннің өкіндірмейтін бір қыры» (Didar, 8.11.2003) деген мақаласын қоса ала келген еді. Сол мақаласында ардагер журналист «…Өткенді білу, жалпы білуге құмарлық Абай айтқанындай6 жаратылыстағы жандылардың ішінде тек адамға ғана тән қасиет қой. Міне, Didar газеті редакциясының осы басылым шежіресін зерттеп, оның іргесін қалаған, шаңырағын көтерген, мұнда әр кезде қызмет істеп, табан етін тілген, маңдай терін төккен аға ұрпақ өкілдерін еске алуы, есімдерін бүгінгі жас буынның есіне салуы әбден құптарлық іс дей келе, бақилық болғандары үшін оларға хатым оқылғандықпен пара-пар дер едім» деп жазған екен.
Меңғали Шаймарданұлы 1927 жылы 28 тамызда Большенарым ауданының Нұғыман ауылында дүниеге келген. Кітапқа құмар, зерек болып өседі. Анасы Бибинұр Ғайнатуллақызы өзі сауатсыз болғанымен де, ең алғаш ұлына аудан орталығынан Абайдың кітабын әкеліп береді. Жас баланың жалпы әдебиет әлеміне деген қызығушылығын оятқан осы кітап болды десек артық айтқандық болмайды. Он төрт жасында алғаш рет татар, қазақ, орыс тілдерінде өлең жаза бастайды, шағын хабарлары аудандық газетте жарияланады. Кейінірек, соғыс жылдары, майданға аттанбас бұрын «Партизандар», «Жамбыл» атты поэмаларын жазады.
1944 жылы он жетісінде М.Мусин әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыс майданына аттанады. Әскерде болған жеті жылдың ішінде жас жауынгер соғыс жорықтарымен бірге әскери газеттерге белсене қатысып, өлеңдері мен мақалаларын жариялап, шығармашылығын да қатар алып жүреді.
1951 жылы әскерден оралған жауынгер Большенарым ауданындағы Солоновка, Жұлдыз мектептерінде мұғалім, аудандық мәдениет бөлімінде меңгеруші болып үш жылдай еңбек етеді де, 1953 жылы аудандық «Сталинский путь» газетіне орналасып, жауапты хатшылық қызметін атқарады. Қалыптасып қалған журналист Меңғали Мусинді 1955 жылы облыстық «Знамя коммунизма» (қазіргі «Рудный Алтай») газеті арнайы шақырып, Катонқарағай, Большенарым, Зырян аудандары бойынша меншікті тілшілікке қабылдайды.
Өзінің қазақ тілінен алшақтап бара жатқанын сезініп, өз еркімен арыз жазып бұл басылымнан шығады да, 1959 жылы «Коммунизм туы» газетіне қызметке ауысады. Мұнда ол аудармашылық және тілшілік жұмыстарды қатар атқарады.
– Қызмет істеу бар да, әріптестердің қызмет бабында ғана емес, одан тыс уақытта да өзара қарым-қатынастары, бел шешіп, түйме ағытып деген сияқты бас қосу, уақыт өткізулері бар ғой. Осы тұрғыдан алғанда ол заман адамдардың қоғамшылдығымен, бір-біріне сыйластығымен ерекшеленген екен, – дей келіп, редакцияға бас сұққан кейбір кездері Меңғали аға сол бір жастық шақтарына сағынышпен шолу жасайтын. Әр мерекені, әсіресе Жаңа жылды әркім өз алдына емес, әріптестерімен бірге әрқайсыларының үйінде кезектесіп қарсы алатындықтарын, Шыбындыкөл сияқты табиғат аясына шығып тұратын сәттерін ықыласы түскен кездері әсерлі әңгімелеуші еді.
Алпысыншы жылдардың соңына таман Меңғали Шаймарданұлы облыстық радио мен телевидениесінің қазақ бөліміне бас редактор болып тағайындалады. Тәжірибелі журналистің телеочерктері де көркем шығармалары секілді, өлкеміздің тарихы, сан қырлы проблемалары, таңдаулы адамдары жайлы болып келді. Тәуелсіздік жылдары Меңғали аға халықаралық «Азаттық» радиосының тілшісі болып белсенді қызмет атқарды.
Тәуелсіздік дегеннен шығады, саясат тақырыбы сол кездері қазағы халқының төрттен бірін ғана құрап отырған Шығыс Қазақстанда «қара қазан мен сары баланың қамынан» гөрі әлдеқайда өткір тұрған еді. Оқырмандардың қанын қарайтып, намысын қамшылай түскен дәл сол кезеңдегі Н.Петрушенко, С.Васильева сияқты КСРО Жоғарғы Советінің ең соңғы сайланған депутаттарының сандырағы, жергілікті тарихшы Н.Соболиннің мақалалары, құрамында екі ғана қазағы бар Өскемен қалалық кеңесінің кейбір шешімдері еді. Полковник Петрушенко: «Атом сынағының табиғатқа да, адамға да ешбір зияны жоқ. Қорғаныс қабілетімізді арттыру үшін Семей сынақ полигоны ауадай кажет» деп соқты. Ал С.Васильева болса, «Шығыс Қазақстан ежелден орыстардың жері, қазақ тілі мемлекеттік дәреже алса, мұндағы орыстардың күні не болмақ?!» деп зар иледі. Ұлтшыл-шовинист, кезінде қарулы көтеріліспен Шығыс Қазақстанда Ресей автономиясын орнатпақ болып қолға түскен Пугачев-Казимирчук ұйымының белді мүшесі, Өскемен қалалық Кеңесінің депутаты, Өскеменде шығатын «Городская газета» апталығының қызметкері Н.Ивановтың сондай бір мақаласы «Литературная Россия» газетінің 1991 жылғы 45-санында «Я терпел и молчал…» деген КСРО Президенті М.С. Горбачевке ашық хаты жарияланды. Бұл енді шектен шыққандық еді. Сондықтан Didar газетінің редакция алқасы, бас редакторы Жұмаділ Әділбаев Н.Ивановтың сол ашық хатын еш өзгеріссіз орыс тілінде толық жариялап, оған екі тілде бірдей жазатын ардагер журналист М.Мусиннің «Покрасовался и отошел?» деген тақырыптағы жауап хатын да орысша жариялатқызды. Қорғасын-мырыш комбинаты, ТМК, ҮМЗ сияқты ірі-ірі кәсіпорындарға газеттің сол нөмірлерін өзіміздің апарып таратқанымыз есімде.
Жалпы, журналисте, қаламгерде фактілерге деген өз көзқарасы болмай тұрып, оларды даралау, оқырманның жадында қаларлықтай етіп ерекшелендіру мүмкін емес. Міне, М.Мусин осы фактілерді оқырманға қалай беру қажеттігін, қай жанрда жазу керектігін өте жақсы білген жазушы. Ол облыстық мұрағатта, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында сарыла еңбек етіп, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар тақырыбын мұқият зерттеп, Шығыс Қазақстанда осы тақырыпта алғашқы болып «Түнекте тұншыққандар» атты очерк, әңгіме, хикаяттар жинағын шығарды. Жинаққа енген еңбектерінің арасында «Қырғын» атты деректі повесінің орны бөлек. 1937-1938 жылдары Риддер қаласындағы бетке ұстар қазақ зиялыларының түгел дерлік қуғынға ұшырауын арқау еткен осы повесте бүгінгі Didar-дың төлбасы болып саналатын қалалық «Жұмысшы» газетінің тұңғыш редакторы Мақсұт Тайшыбаев туралы да алғашқы деректер берілген. Осы қуғын-сүргін тақырыбына байланысты, М.Мусиннің «Шерлі тарих», «Азаттық үшін арпалысқандар», «Әпербақандар ісі», «Ұланның қайсар ұланы», «Бұқтырмадағы көтеріліс» және тағы басқа да көптеген еңбектері жарық көрді.
Семей ядролық сынақ полигоны зардаптарына байланысты бүкіл облыс экологиялық апат аймағы болып есептелгенде, кезінде ауа орнына газ жұтып, су орнына у ішіп жүріп, сол полигонға «жем» дайындаған кеніштері болған Катонқарағай мен Күршім аудандары «таза аймақ» болып қалуына төзбеген жазушы осы тақырыпты жіті зерттеп, «№ 15 пошта жәшігі» деген кітабын жазды.
Жазушының «ХХ ғасырдан репортаж», соғыс тақырыбына жазған «От Толагая до Сарыбеля», Еділ бойы татарларының Жоғарғы Ертіс бойына қоныс аударуын, үш жүз жылдан бері жалғасып келе жатқан қазақ пен татар елдері арасындағы достықты арқау еткен «Волга впадает в Иртыш» атты эпопеялық романы да көпшілік көңілінен шыққан мазмұнды да сүбелі еңбектер. Соңғы аталған кітабы үшін жазушының арнайы Қазан қаласына шақырылып, Татарстанның сол кездегі Президенті Шаймиевтің қолынан марапат пен сый-сияпат алғанын да осы арада айта кеткеніміз орынды болар.
Меңғали ағаның жазу үрдісіндегі аса ұқыптылығы жайлы айтпай кетсек, мақаламыз аяқталмай қалғандай болар еді. Бұл естелікті жазуда мен облыстық мұрағаттағы жазушының 1276 нөмірлі жеке қорына жүгіндім. Ұлы Камиль мен қызы Гүлнардың оқушы кезіндегі әкелерін мерекелермен құттықтаулары, студент кездеріндегі жазған хаттарына дейін сақталыпты. Қойын кітапшалары, жекелеген ғұламалардың ұлағатты сөздері, әдемі сөйлем, сөз тіркестері, өзіне ұнаған шығармалардан қысқа үзінділер, өзі туралы жазылған, өзінің басқалардың еңбектеріне жазған рецензиялары сияқты жазбалар өте бір ұқыптылықпен іріктеліп, жеке-жеке тізбелерге тіркелген екен. 2008 жылы өзінің шығармашылығы туралы С.Аманжолов атындағы университеттің журналистика мамандығының түлегі Назгүл Беспаеваның жазған диплом жұмысынан (осы мақала авторы жетекшілік еткен еді) ықшамдалып, «Ұлы Отан соғысына қатысушы ақын-жазушылар» атты жинаққа енгізілген очеркі де жеке іске тігілген екен. Хасен Оралтаймен, Герольд Бельгермен жазысқан хаттары, «Журналист», «Огонек» журналдарына, Н.Назарбаевқа, Ә.Қажыгелдинге жазған хаттарынан да Меңғали ағамыздың қоғамдық қандай өзекті мәселелермен айналысқанынан хабардар болуға болады.
П.Бажов атындағы облыстық әдеби сыйлықтың тұңғыш иегері, Қытай радиосының халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты (1995), Қазақстанның Құрметті журналисі, аға буын әріптесіміз туралы естелігімді аяқтай келе, айтпағым: мәңгіліктің бекетіне аттанып кеткен, көздерін көрген, қызметтес болған ағалардың жадымыздың таспасында қалған жарқын да қимас бейнелері, олардың киелі рухы жылдар жылжып өткен сайын зорайып, өзінің өкшелес інілеріне ерекше жақындай түсіп, көңіліңнің нәзік пернелеріне салмағын салып, нәумездене бастаған сезіміңді әнтек селт еткізіп, тербеп отырады екен.
Айтмұхамбет Қасымов,
журналист, С.Аманжолов атындағы ШҚУ Құрметті профессоры