ҚоғамТОП

Өскеменнің титанына сұраныс артады

Облыс әкімі Ермек Көшербаев «Airbus», «Aubert&Duval» және «UKAD» авиаконцерні қатарлы ірі француздық компаниялардың өкілдерімен кездесті.

Кездесуге «Airbus» компаниясының материалдар мен бөлшектерді сатып алу жөніндегі аға вице-президенті Доминик Арналь, компанияның металл материалдарды сатып алу жөніндегі вице-президенті Оливье Майяр, концерннің титан, болат және арнайы қорытпаларды сатып алу бөлімінің башысы Жан Бенуа Ферри, титанды жеткізу тізбегінің сапа бөлімінің басшысы Мюриэль Брагард, «Aubert&Duval» компаниясының президенті Бруно Дюран және «UKAD» компаниясының бас директоры Жан Франсуа Жюри және Директорлар кеңесінің төрағасы Сильван Гелер қатысты.  Сондай-ақ жиында облыс орталығындағы Титан-магний комбинатының президенті Әсем Мамутова болды.

Airbus – жолаушыларға арналған, жүк тасымалдайтын және әскери ұшақтарды шығаратын әлемдегі алпауыт авиация компанияларының бірі және «Өскемен титан-магний комбинаты» (ӨТМК) АҚ үшін аса маңызды стратегиялық серіктес.

Aubert&Duval – болат, титан және алюминий суперқорытпаларын өндіруші бірегей компания. Әлемдік титан нарығындағы жетекші кәсіпорындардың қатарына енетін «ӨТМК» АҚ аталмыш компаниямен 15 жылдан астам уақыт ынтамақтастық орнатып, бірігіп жұмыс атқарып келеді. Қос тараптың бірлескен жұмысының нәтижесінде Францияның Лез-Ансиз қаласында UKAD кәсіпорны құрылған. Қазақстандық титанды өндіріске пайдаланатын «UKAD» БК зауыты 2011 жылы өнеркәсіптік пайдалануға берілген.

Кездесуде Airbus, Aubert&Duval, UKAD және «ӨТМК» АҚ арасындағы стратегиялық әріптестік мәселелері талқыланды. Тараптар өзара ынтымақтастықты кеңейтуге, қазақстандық титанды сатып алу көлемін ұлғайтуға, Қазақстан Республикасында титан өнімін өндіруді оқшаулау мүмкіндігін қарастыруға мүдделі екендіктерін танытты.

Осы айдарда

Back to top button