Өскеменнің сатушылары маска тақпайды

Тұрғындар, әсіресе Өскемен мен Семейдің халқы шектеу шараларын бұзып әлек, ал мониторингтік топтар тексеріп әлек. Күнде тексеру, күнде айыппұл. Індеттің таралғанына бір жылдан аса уақыт өтті, ал адамдар карантин жағдайында өмір сүруді әлі де үйрене алмай келеді. Ең өкініштісі осының бәрі олардың қауіпсіздігі үшін істеліп жатқанын түсінбейтін сияқты.
10 наурыз күні Өскеменде 197 нысан тексерілді. Рейд барысында сегіз ереже бұзу фактісі тіркелді. Тұтынушылар былай тұрсын, дүкендегі сатушылардың өзі маскасыз қызмет көрсеткен. Санитарлық талапты өздері сақтамайтын сатушылар келушілерге маска тақ деп талап қоя алсын ба? Әрине, жоқ. Ал талап жоқ жерде ереже бұзылатыны айтпаса да белгілі. Осының салдарынан медициналық маска тақпаған дүкен қызметкерлері 393 795 теңге айыппұл төледі.
Ал Семейде ше? Бұл шаһарда да санитарлық талаптарды елеп-ескермейтіндер қатары азаймай тұр. Тексеру шаралары кезінде мамандар 320 нысанда болып, 30-ға жуық ереже бұзу фактісін анықтады. Сол баяғы қарапайым талаптар сақталмаған.
Айтпақшы карантинде көпшілікті жинағандар да тиісті жазасын алды. Қала бойынша 15 хаттама толтырылып, жалпы соммасы 656 325 теңге айыппұл салынды.
Ал Алтай ауданының мониторингтік топтары 139 нысанды аралап шықты. Нәтижесінде ауданның алты тұрғыны шектеу шараларын бұзған екен.
Бізді қуантқан бір жайт, бұл жолы өңірдің басқа аудан-қалаларында шектеу талаптарын бұзған жағдайлар тіркелмеді.
Балауса Мэлсқызы