ТОПШаһар шаруашылығы

Өскеменнің өз алма бағы бар

Алдағы уақытта Өскемен тұрғындары ерке Ертісті жағалап, алма бақты аралап қыдыратын болды. Тамаша табиғатымен талайды тамсандырған Самал саябағы ендігі жерде алма бағымен басқаның назарын өзіне тартпақ. Болашақта жемісін берер игілікті бастамаға біз де қатысып қайттық.

Самал саябағынан ашылған жаңа баққа 1000 түп алма ағашы отырғызылды. Өскеменде алғаш рет ашылып отырған баққа қала тұрғындары алманың бірнеше сортын екті. Жеке кәсіпкер қолға алған игілікті жобаға қала әкімі қолдау көрсетіп, тұрғындарды көмекке шақырды.

«Біз алғаш рет Өскемен қаласында алма бағын отырғызуды қолға алдық. Осы жылдың мамыр айында Сергей Бродский есімді азамат менің қабылдауыма келген еді. Қала тұрғыны жер сұрай келіп, алма бағын отырғызғысы келетінін айтқан болатын. Оның мақсаты үлгілі іс атқарып, қаламыздың көркеюіне үлес қосу болғандықтан оған көрікті орындардың бірі – Самал саябағынан жер беруді жөн көрдік. Сонымен қатар берілген жерді жарықпен, сумен қамтамасыз етуді қолға алғанбыз. Міне, жер қазылып, алма ағаштарын отырғызуға дайын тұр», – деді әлеуметтік желі арқылы жұртты игілікті іске қатысуға шақырған қала әкімі Жақсылық Омар.

Алғаш рет ашылған алма бағына жиналған жұрттың қарасы көп. Алма ағашын отырғызуға келгендердің көпшілігі ерікті жастар мен табиғатты аялай білетін аға буын өкілдері. Кәсіпкер Сергей Бродский істің басында өзі жүріп, өзгеге үлгі-өнеге көрсетті.

– Бұл болашаққа жасалып жатқан шаруа деп ұққан жөн. Игілікті істің жемісін ұрпақ көретін болады. Қаламыздан алманың иісі аңқып тұрса, артық болмас. Сонымен қатар саябақтың көркін де асыра түсері сөзсіз, – дейді кәсіпкер Сергей Бродский.

Күрегін сайлап келгендер күн астында аянбай еңбек етті. Жастардың кейбірі бірнеше ағаштан отырғызып тастады.

– Өте тамаша жоба екен. Самал саябағы келген қонаққа көрсетуге лайықты жерлердің бірі ғой. Енді оның көркі алма бағымен аса түспек. Алма десе, Алматы еске түседі, Алтайдың да өз алмасы болса қандай жақсы. Жоба жол ортада тоқтап қалмай жалғаса берсе, жемісін ұрпақ көреді ғой. Өз басым алма ағашымды отырғызып, қуанып қайтып барамын, – дейді қала тұрғын Нұрхан Тілеуханов.

Біз де бір алма ағашының сырттай иесі атанып қайттық. Еккен ағашыңның жеміс бергені жақсы ғой. Игілікті бастамаға іштей жеміс тілеп қайттық.

Алтай Ғали-Асқар

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button