Қоғам

Өскеменнің іргесіндегі ауыл ауызсуға зар болып отыр

Балауса МЭЛС

Облыс орталығынан таяқ тастам жердегі Прапорщиково ауылы Глубокое ауданына қарайды. Мұндағы халықтың саны 2300-ден асып жығылады. Өкініштісі ауылда жылдар бойы қордаланып келе жатқан мәселелер көп. Бір ғана мысал, Сүлейменов көшесінің тұрғындары ауызсуды сатып алып отыр. Алпысқа жуық аулада құдық жоқ емес, бар, алайда су – тұзды. Ішкеніңіз былай тұрсын, тіпті кір жууға да келмейді. 

ХХІ ғасырда қалаға іргесі тиіп тұрған ауылдың сусыз отырғаны, әрине, таңғаларлық жайт, бірақ шындық. Қаладан шелектеп су тасуға әркімнің жағдайы келмесі бесенеден белгілі. Ал дүкендегі 5 литр судың бағасы – 270 теңге. Тұрғындар жыл сайын тұзды судың кесірінен 10-15 шәйнек ауыстыратын көрінеді. Материалдық шығын былай тұрсын, темір шәугімнің түбін ойып түсіретін тұзды судың адам ағзасына келтіріп жатқан зиянын ойлағандар бар ма?

–Көшіп келгенімізге тоғыз жыл болды. Біз келгенге дейін де бұл ауылда ауызсу, жарық, жол мәселесі өзекті болған. Тоғыз жыл бойы әкімнің есігін қағумен келеміз. Арызымызды жазбаша да, ауызша да жолдадық. Бірақ бізді ешкім елеп-ескермейді. Қаладан бір шақырым жерде ғана тұрамыз, өркениеттен жұрдаймыз. Суды ішуге мүлдем келмейді. Суды сатып аламыз, не болмаса Прохладный ауданынан тасимыз,  – дейді ауыл тұрғыны Гүлнұр Зұлқаршын.

Ашынған ауыл тұрғындары қақаған қыста 30-40 бөтелкеге су толтырып, оны тасу оңай шаруа емес екенін алға тартып отыр.

–2003 жылдан бері Прапорщиково ауылында тұрамын. Су ішуге келмейді, өте тұзды. Тіпті қайнағанда суымыз сүт сияқты аппақ болып кетеді. Тайгада өмір сүріп жатқандаймыз. Әкімге абаттандырылмай жатқан көшені де сан мәрте айттық. «Шөпті өздерің шауып алыңдар» дейді. Мен неге оны шабуым керек? Олар мен үшін не істеді? Жол, жарық, су? Халық көтерген проблема уақтылы шешіліп отырса, біз де әрекет ететін едік қой, – дейді тұрғын Самиға Ахметова.

Құрылғанына 60 жылға жуық уақыт болған ауданның құрамында 40 елді мекен бар. Естеріңізге сала кетсек, жуықта ғана Эльдар Тумашинов есімді азамат ауданға әкім болып тағайындалған. Ал осыған дейін ауданды Тамара Рахымжанова басқарған еді.

–Бұрынғы әкімге қанша рет бардық. Бос уәде. Мәселе шешілген жоқ. «Таза ауызсу» бағдарламасы неге бізге жетпей қалды түсінбеймін. Шәкәрім көшесіне дейін тартылды. Таяқ тастам жерде тұрмыз, – дейді тұрғын Самиға Ахметова.

Ертіс ауылдық округі әкімінің берген ақпараты бойынша, үш жылдан бері округ төртінші деңгейлі бюджетке ауысқан. Төртінші деңгейлі бюджет дегеніміз не? Елімізде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, халық саны 2 мыңнан асатын елді мекендерде 4-ші деңгейлі бюджет енгізілген. Яғни ауылдық округ әкімдері өз бюджетіне өзі иелік етеді деген сөз. Осы орайда Ертіс ауылдық округінің бюджеті қанша, деген сауал тауады. Ауылдық округтің әкімі Ерлан Жұмағұловтың берген ақпараты бойынша, округтің бюджеті – 20 миллион теңге.

–Бір жылдық салық бойынша округтің бюджеті 20 миллион теңге. Аталған қаражат Прапорщиково, Уварово, Разъезд, Черногорка ауылдарына жұмсалады. Қысқы, жазғы жол жағдайы, қоқыс полигоны бар дегендей, осылардан кейін үлкен жұмыстарға ақша жетпей қалады. Мысалы, суға келетін болсақ, 2003 жылдан бастап Прапорщиково ауылында орталықтандырылған су жүйесі бар. Ал жаңадан салынып жатқан әуежайдың маңайындағы жер үйлерге су жетпей қалды. Халық арыздарымен жылда келіп жатады. Облыс әкімінің орынбасарына дейін барған. Мәселе көтеріліп, осы жылы шешіледі деп жоспарлап отырмыз, – дейді әкім.

Әкім өз сөзінде ауызсу мәселесін шешу үшін 20-30 миллион теңге бөлу жоспарланғанын атап өтті. Жалпы ағымдағы жылы ауылдық округтердегі жол сапасын жақсартуға, жарық орнатуға бюджеттен 160 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінбек. Оның 125 миллион теңгесі  жолға жұмсалса, 30 миллион теңге жарық орнатуға жұмсалады.

Тұрғындар ауызсу тартылса, арманымыз болмас еді деп отыр. Дейтұрғанмен, атап өтер тағы бір мәселе бар. Ол – су қысымы. Өйткені жуықта ғана Моторная көшесіне су тартылған. Алайда  қысымы өте төмен.

–Моторная көшесінде тұрамын. Су жоқ емес, бар. Бірақ судың қысымы өте төмен. Киім жуғанда мүлдем қиналамыз. Су тартылды деген аты ғана, сыздықтап тұрады краннан, – дейді тұрғын Бибігүл Оразалина.

Халықтың бұл уайымына ауыл әкімі былай деп жауап қатты.

–Иә, ол көшеге су тартылған. Бірақ қосымша су мұнарасын орнату қажет. Бір мұнарамыз жоғарғы жаққа жеткілікті. Ал төмен жақтағы үйлерге су тартылса, мәселе туындауы мүмкін. Сол үшін де тағы бір мұнара болуы керек, – дейді.

Мұнара орнатылмайынша, су қысымының төмен болуы заңды. Өйткені үйлерге су тартылған сайын бір мұнараның күші барлығына жетпейді. Тұрғындардың ауласында тұрған құдыққа жыл сайын 90 мың теңгеге сорғы сатып алатын тұрғындар тұзды судың кесірінен сорғыны да 2-3 рет ауыстырады екен. Ал сорғылардың ең арзаны 30 мың теңгеден басталады. Сорғыға бір шығындалып, ауызсуға тағы  шығындалып жүрген халықтың өкпе-реініші аудан әкімінің құлағына жете ме? Мәселе қашан шешіледі?

–Сүлейменов көшесінің тұрғындары айтқан мәселені биыл шешеміз деген сенімдемін. Нақты уақытын айта алмаймын, бірақ күзге дейін жұмыстар атқарылады деп ойлаймын. Алдымен қаражат бөлініп, байқау өткізу қажет. Ары қарай жұмыстар атқарылатын болады, –  деп сендірді ауыл әкімі.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2025 жылға қа­рай мемлекет халықты ауызсумен 100% қам­тамасыз етуге тиіс. Үш жыл ішінде таза ауызсуға зарығып отырған халықтың қалауы орындалады деген сенімдеміз. Биліктегілер Сүлейменов көшесінің тұрғындарына биыл су орнатамыз деп уәде берді.

 

Осы айдарда

Back to top button