ҚоғамТОП

Өскеменге өлең керуені келді

Өскемен қаласына өлең керуенін бастап келген Ұлықбек Оразбайұлын Төр Алтай жұрты поэзия фестивалімен қарсы алды. Қазақ поэзиясының Ұлағасына айналған Ұлықбек Есдәулетов биыл көктемде 70 жастың желкенін қолға алған болатын. Ақынның мерейлі жасын жерлестерімен бірге тойлауға жыр керуеніне ілесіп күллі қазаққа танымал қаламгерлер де келді. Осылай ақынның өскен өлкесінде өлең тойы өтіп, қаламгер көңілін жырмен көмкерді.

Дәстүрлі үрдіске айналған «Төр Алтай жырлайды» поэзия фестивалі биыл жерлес ақын Ұлықбек Есдәулеттің 70 жылдық мерейтойына арналды. Жыр кешіне жиналған қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері алдымен Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, көрікті қаламызға саяхат жасады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің мерейлі жасына орай өткен жыр кешіне 20 ақын қатысып, жыр жүйрігіне арналған жүрекжарды өлеңдерін оқыды. Өскемендегі өлең тойына еліміздің әр түкпірінен келген қаймана қазаққа белгілі қаламгерлер де қатысып, рухани кештің қонағы болды. Ал ақынды мерейлі жасымен құттықтаған облыс әкімі Ермек Көшербаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыс етіп, иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.

– Мен бұған дейін де ақын Ұлықбек Есдәулетов ағамызбен бірнеше рет кездесіп, рухани шараларда бірге болдық. Мәскеуде елші болып қызмет атқарғанда ағамыздың өлеңдері Ресейде кеңінен насихатталғанын көрдім, ол кісінің арнайы марапатқа ие болғанына куә болдым. Ақын шығармашылығын жастар сүйіп оқитынын да білеміз. Ұлықбек Есдәулетов ағамыздың мерейлі 70 жасы және бүгінгі дәстүрлі поэзия фестивалі құтты болсын. Шабыттарыңыз шарықтай берсін, – деп ақжарма тілегін жеткізген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев мерейтой иесіне арналған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Шығыс шаһарына ат басын тіреген шайырлардың қатарында ақын Маралтай Райымбеков, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жерлес ақын Гүлнар Салықбай, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалқаман Сарин және жазушы, Жүргенов атындағы Өнер академиясының доценті, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров бар.

– Мен негізі суретші едім ғой, сөздің құдіреті мен қаламгерлердің рухани ортасы жазушылыққа жетелеп әкетті. Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Кәдірбек Сегізбаев, Дидахмет Әшімханұлы қатарлы жазушылар мен осы Ұлықбек Есдәулетов сынды ақындардың ортасында жүріп жазушы болып кеттім. Мен алғаш рет Ұлықбектің өзімен емес, өлеңімен танысқан едім. Газетте істеп жүргенімде Ұлықбек Есдәулетовтің бір топ өлеңдеріне сурет салдым. Ол кезде Ұлықбек Есдәулетов оқушы екен, ақынның өлеңдерін жоғары бағалаған газет қызметкерлерінің бірі маған өлеңдері бойынша сурет салуды тапсырды. Таныстығымыз сол заманда осылай басталған еді, бүгін 70 жастың желкенін қолға алып отыр екенсің, мерейлі жасың құтты болсын, – деді кеш қонағы, жазушы Әлібек Асқаров.

Осыдан кейін ақын Маралтай Райымбекұлы баяндама жасап, Ұлықбек Оразбайұлының жырларының ерекшелігіне кеңінен тоқталды. Жергілікті әншілер ақынның сөзіне жазылған әндерді бірінен кейін бірін шырқап, кешті думанға бөледі.

 

Төр Алтай жырлайды» фестивалі төртінші рет өтті

 

Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей «Төр Алтай жырлайды» поэзия фестивалі Ұлықбек Есдәулетовтің 70 жас мерейтойына орайластырылып төртінші рет өтті. Өскемендік ақындар биыл да поэзия фестиваліне екі өлеңмен қатысып, Ұлықбек Оразбайұлын жырға қосып, еркін тақырыпта өлең жазды. Өлең тойы облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өтті.

– Бұл поэзия фестивалі жыл сайын жалғасын тауып,  облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен дәстүрлі түрде өтіп келеді. Жыр кешін өңіріміздегі торқалы тойға тоқайластырып өткізуді де үрдіске айналдырдық. Биыл төртінші рет жалғасын тапқан «Төр Алтай жырлайды» фестивалі бұл жолы қазақтың қабырғалы қаламгері, жерлесіміз Ұлықбек Есдәулетовтің 70 жылдық мерейтойына орай өтіп отыр. Жыр кешіне қатысатын ақындардың қатары жыл санап артып келеді, биыл 20 ақын қатысты. Оларға бір реттік ақшалай сыйақы тағайындалған. Бұл да болса руханиятқа көрсетіліп жатқан қолдау, ақындарға демеу, – дейді Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев.

Осылай Алтайдың ақындары арқа-жарқа жыр кешін өткізіп, Өскеменде өлең отын маздатты. Жыр кешіне қатысқан ақындарға бір реттік ақшалай сыйақы табысталып, арнайы марапатталды.

– Поэзия фестивалінің жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқандығы қуантады. Бұл өңір ақындарының асыға күтетін бірден- бір шығармашылық тойы деуге болады. Еліміздің басқа өңірлерінде де осындай байқаулар өтіп тұратындығын әлеуметтік желі арқылы болсын көріп жүрміз. Олардың сыйақысы жыл сайын көбейіп келеді, бізде де ақындарға берілер сыйақы мөлшерін өсірсе тіптен жақсы болар еді, – дейді ақын Дәулетберді Жекей.

Осылай ойдан-қырдан жиналған жиырма ақын Төр Алтай төрін өлеңмен өрнектеп, жиналған жұрттың көңілін жырмен көмкерді. Ал жерлес ақын Ұлықбек Есдәулетовтің туған жері Зайсан ауданында жалғасын тапты.

 

Ақынын арбамен қарсы алды

 

Кез келген ақынның өлең өрнегінде өмір жолы, ғұмырының баяны, көңілінің сыры бар. Ел мен жердің, өлкенің де тарихын ақын жырынан жолықтыруға болады. Осыны ескерген жерлестері әуелі ақынның шығармашылық ғұмырына үңіліпті. Туған жеріне торқалы тойымды өткізсем деп келген ақынның есіне ескі жылдардың естелігін салып, мерейтойды «Арбатта емес…» атты өлеңімен бастады. Иә, ақын бұл өлеңінде:

«Арбатта емес,

Мен туыппын арбада,

Жол үстiнде шыр етiптi сар бала…», – деп  өзінің өмірге келген сәтін баяндай келе:

«Кешiрiңдер, Арбат,

Лувр,

Сорбонна,

Маған ыстық өзiм туған сар дала!» – деп балалық шағы өткен ауылға деген махаббатпен аяқтайды. Ақынның көңіл түкпіріндегі естелікті еске салумен мерейтойды бастаған жерлестері ары қарай іс-шаралар легін жалғастырды. Ақын өзі туған Үлкен Қаратал ауылына барып, әкесінің атындағы саябаққа гүл шоқтарын қойды.

– Біз осы ауданнан шыққан әрбір іскер азаматты, танымал шығармашылық өкілдерін, талантты жастарды мақтан етеміз. Осы қатарда аядай ауданымызда туып, күллі түркі жұртына танылған жерлесіміз Ұлықбек Оразбайұлын жерлестері мақтан тұтады. Біз қай уақытта болсын ақын ағамызды құшақ жая қарсы аламыз. Жастарымыз ақынның шығармашылығын жаттап өсіп келеді. Жасай беріңіз, жаза беріңіз, біз сізбен мақтанамыз, – деген Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы ақынның иығына шапан жапты.

Сондай-ақ қаламгердің туған жеріндегі тойы Қаратал ауылдық округінде жалғасын тауып, жерлестері ақынға ат мінгізді. Ал мектеп ұжымы ақын шығармашылығы негізінде театрландырылған көрініс қойып, ән мен жырдан шашу шашты.

– Ұлағамыз өз ұлтының ғана емес, түгел түркі жұртының мұң мен зарын, қуанышы мен шаттығын жырға қосып жүрген қаламгер. Ақын жерлесіміздің шығармашылығы түркі жұртына ғана емес, алты құрлыққа насихатталуда. Биыл жетпіс жастың желкенін қолға алған жерлесіміз туған жеріне де ат басын бұрып келіп отыр. Ауданымызда ақынның шығармашылық ғұмырнамасына арналған іс-шаралар легі жалғасын тауып, ақын жерлестерін көрген жұрт арқа-жарқа болып, өлең оқып, ән тыңдап қуанып қалды. Аядай ауданның атын берісі – алты алашқа, арысы – алты құрлыққа танытып жүрген ағамызды жерлестері әрдайым мақтан тұтады, – дейді Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы Еркебұлан Зағыпаров.

Осылай туған жұрты ақынды арбамен қарсы алып, ат мінгізіп қайтарды. Өлеңмен өміріне өрнек салған ақынның әлі талай тойы тойланары анық. Алты құрлық көгіне өлең болып самғаған ұлттың ұлар үнді ақынының қанаты талмасын деп тілейміз! Елімізде жырдың тойы көп болғай.

Осы айдарда

Back to top button