Қоғам

Өскемендіктер «Аққу көлін» тамашалады

Мейрамтай Иманғали

Өскеменге  Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жерлесіміз Болат Аюхановтың балет театры гастрольдік сапармен келді. Қаланың төріндегі  Ертіс концерт сахнасында Болат Аюхановтың балет театры талғамы биік көрермен назарына үздік қойылымдарын ұсынды.

 Соның бірі – екі ғасыр бойы әлемді мойындатып келе жатқан Петр Ильич Чайковскийдің «Аққу көлі» төрт актілі балеті. Әне, Зигфрид ханзада… Оның көңілін  айдынды көлдің үстінен ұшқан аққулардың жаулап алғаны қашан. Күн ұясына батқанда әдемі аққулардың айдай аруларға айналатыны тіпті ғажап!  Әсіресе аққулардың ханшайымы атанған  Одеттаның сұлулығы ерекше көзді арбайды. Жүрегі махаббатқа толы Зигфрид ханзада  Ротбарт сиқыршының құрбанына айналған Одетта мен оның құрбыларын құтқаруға өзіне серт береді…

Жүректі тербеген әдемі махаббат хикаясын  қимылмен жеткізген  труппаның еңбегі шынында да ерекше зор. Әсіресе Одеттаның образын сомдаған театрдың белді артисі Гүлнар Камалова мен Зигфрид ханзаданың рөлін сахналаған Асхат Тарихтың өнеріне көрермен қауым ерекше ризашылықпен қол соқты.

⠀ Театр ұжымы Ертіс концерт сахнасында  қойылымды екі мәрте, түсте  және кешке сахналап,  көрерменге тамаша көңіл-күй сыйлады.

Сондай-ақ көрермен кеш бағдарламасындағы Болат Аюхановтың қойылымындағы М.Равельдің бір актілі “Болеро” балетін де тамашалау бақытына ие болды. Болат Аюханов өзінің «Сезім өмірбаяны»  атты кітабында бұл қойылым туралы: «Равельдің «Болеросында» «салқын әуен, көзге көрінетін испандық келбет, музыкалық серияның академиялық құрылысының қатаңдығы хореограф ретінде маған музыкаға тең келетін хореографиялық пластиканы сынап көруге мүмкіндік берді» деп жазған болатын.

– Болат Аюхановтың балет театры 1967 жылдың 1 тамызында құрылған. Биыл театр өзінің 54-ші маусымын аяқтады.  Болат ағаның өзі сіздердің жерлестеріңіз ғой. Бүгінде театрдың репертуарында 250-ден астам қойылым бар. Бүгін сіздерге алып келген «Аққу көлі» мен «Болеро» қойылымы  біздің ең үздік қойылымдарымыз. Жалпы, біз жыл сайын Шығысқа келіп, өз өнерімізді көрсетуге тырысамыз. Бірақ соңғы екі жылда пандемияға байланысты ешқайда шыға алмай қалдық. Өскеменнің алдында біз Павлодар мен Семей қаласына барып, өз өнерімізді көрсеттік. Өз басым Өскеменде балет өнерін бағалайтын көрермендер  көп деп ойлаймын, – деді театрдың бас әкімшісі Елена Толмачева.

Осы айдарда

Back to top button