
Қазіргі кезде облыс орталығында әлеуметтік көмірді сату жалғасуда.
Еске салайық, ағымдағы жылдың мамыр айында Өскемен қаласының әкімдігі, “Қаражыра” АҚ және “Шығыс Қазақстан облысындағы Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері” қоғамдық бірлестігі арасында үшжақты меморандумға қол қойылған болатын. Соған сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері жылыту маусымы басталғанға дейін жеңілдікті бағамен әлеуметтік көмірді сатып ала алады.
Өскемен қалалық әкімдігінің ақпараты бойынша, биыл облыс орталығында және қала маңындағы ауылдарда тұратын әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін төмендетілген бағамен 35 мың тонна қатты отын жеткізу жоспарланған.
– Әлеуметтік көмірдің бір тоннасының бағасы 9 800 теңге, бұл нарықтық бағадан 500 теңгеге арзан. Бүгінгі таңда жеңілдетілген санаттағы азаматтар 3,5 мың тоннаға жуық көмір алды, – деді қалалық әкімдіктегілер.
Ал “Қаражыра” АҚ басшылығы жаз айларында Өскемен мен Глубокое және Ұлан аудандарының қала маңындағы ауылдарының бес мыңға жуық тұрғынын әлеуметтік көмірмен қамтамасыз етпек ниетте.
Айта кетейік, 2009 жылдан бастап “Шығыс Қазақстан облысындағы Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері” ҚБ қызметіне қатты отын жеткізудің ашықтығын және келісімнің барлық тармақтарының сақталуын бақылау кіреді.
Аталған қоғамдық бірлестік төрағасы Олег Фроловтың айтуынша, әлеуметтік көмір биылғы маусым айынан бері үздіксіз жеткізіліп келеді.
– Жеңілдікке құқығы бар азаматтар санатына Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ауған жауынгерлері, зейнеткерлер, мүгедектер, көпбалалы отбасылар жатады. Әлеуметтік жеткізу құны сегіз жарымнан 19500 теңгеге дейін. Айталық, алты тонна көмір сатып алғанда, отбасы көмірден үш мың теңге, ал әлеуметтік жеткізуден сегіз мың теңге үнемдейді. Арадағы айырмашылықты “Қаражыра” төлейді. Кәсіпорынның мұндай көмегі жеңілдік санатындағы отбасылар үшін жылу беру кезеңінде айтарлықтай көмек, – дейді Олег Фролов.
Өскемен қаласының басшылығы өз кезегінде тұрғындарды суық түскенін және көмірге кезектің көбейгенін күтпестен көмір сатып алуға, маңызды мәселені ертерек күн жылыда шешіп алуға шақырады.