ӨСКЕМЕНДІК КӘСІПКЕРЛЕР КӨМЕКТЕСІП ЖАТЫР

Өскемендегі бизнес қоғамдастығы облыс кәсіпкерлері палатасының Риддердегі өртте баспанасыз қалғандарға көмектесуге шақырған үндеуіне үн қосып, қолдау көрсетуде.
11 мамырда облыс кәсіпкерлері палатасы жанынан зардап шеккен риддерліктерге көмек көрсету жөніндегі штаб құрылды. Сол күннен бастап кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар палатаға азық-түлік, сабын, жуғыш заттар мен киім-кешек жеткізді. Олардың қатарында Орталық әмбебап дүкенін (ЦУМ) жалға алушылар мен оның басшылығы, «Банный двор» ұжымы, «Кристина» азық-түлік дүкенінің иесі, белгісіз болып қалғысы келген бизнесмендер және Риддердің қайғысына ортақтасқан қарапайым азаматтар да болды.
Кәсіпкерлер палатасының кеңсесіне өскемендік өндірушілер азық-түлік, киім-кешек пен тұрмыстық техника, ыдыс-аяқ, өзге де қажеттіліктерді центнерлеп, тонналап жеткізген. Риддерліктерге көрсетіліп жатқан көмек көлемі қажеттіліктен әлдеқашан артып кеткеніне қарамастан, шығысқазақстандықтар шама-шарқынша жерлестеріне әлі де көмек қолдарын созуда. Облыстың әр ауданынан, қаласынан Риддерге заттай, қаржылай көмектер күн сайын жеткізіліп, көрсетіліп жатыр.
Облыс кәсіпкерлерінің палатасы бизнес-қоғамдастықтан түскен қаржыға әр отбасы үшін электр плитасын, шәйнек, үтік сатып әперді.
Палата директоры мен өкілдері 14 мамыр күні өскемендік кәсіпкерлерден жиналған азық-түлік, киім-кешек пен басқа да керек-жарақтарды Риддердегі жастар орталығына жеткізді.
Жастар орталығының жетекшісі Евгения Донуова жеткізілген жүктің бәрі зардап шеккендерге тең бөлініп берілетініне уәде етті. Риддерде 31 отбасы баспанасыз қалған болатын, облыс әкімдігі әр отбасына Ботаника кентінен үй салып береді, «Казцинк» компаниясы әр отбасына 1 миллион теңге бөлді.
Риддерге өз өнімдерін жеткізген кәсіпорындар ішінде: «Казцинк», «Эмиль», «Восток-Молоко», «Усть-Каменогорский маслозавод», тағы да басқа серіктестіктер бар. Облыс кәсіпкерлері палатасы Риддерге «Ореол LTD», «Защитинский элеватор», «ВостокЭкоЛайн», «Profit», «ЕсдЕри», «Орталық», «Шығыс гуманитарлық колледжі», «ЦУМ» сауда орынын жалға алушылар, «Орталық универмаг», «Банный двор», «Кристина» мекемелері мен кәсіпорындарының және кәсіпкерлер Амолова, Сыркиналардың, сондай-ақ Е.Ожгихина, Р.Акумбаева, Д.Галявиева, Г.Лесновой, Н.Тимофеева, Э.Отта, М.Наурзалиева сияқты бірнеше жеке тұлғалардың және өз есімдерін көрсетпеуді сұраған бірнеше азаматтардың заттарын жеткізді.
Риддерде өрттен зардап шеккендерге облыстық кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалының директоры Данияр Мұхтаров бастаған кәсіпкерлер: И.Зарецкая, С.Абдугалимов, Н.Губернаторова, К.Барибаева, А.Астамбаев, В.Красильников, Т.Шалаева, И.Гаридов, Н.Смирнягина, А.Клемешова, З.Мустафаева, Н.Эскерова, Л.Шалаев, В.Скороходов, И.Терей, О.Хабарова, А.Сагиева, Т.Сергеева, В.Рахимов та жан-жақты қолдау көрсетті.
««Шығыстың кәсіпкерлері көмекке мұқтаж жерлестеріне қашан да қол ұшын созып келген. Осы жолы бизнес-қоғамдастық кезекті рет әлеуметтік жауапкершілік жүгін көтеріп, риддерліктерге көмекке келді. Шақыруымызға үн қатқан барлық кәсіпкерлерге, жеке тұлғаларға алғыс айтамыз. Сіздердің қайырымды істеріңіз, сын сағатта көрсеткен мейірімділіктеріңіз өмірде өздеріңізге мың еселеп қайтсын!», – деді облыс кәсіпкерлеріне шексіз алғысын жеткізген облыс кәсіпкерлері палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек.
Жанаргүл Мұқатай