ТОП

Өскемендегі өзгеше ауыл

Бірлік күні қарсаңында біз жаңа маусымға әзірленіп жатқан Өскемендегі этноауылға бас сұқтық. Түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері шоғырланған қаланың көрікті этноауылын тамашалаған әрбір жанның өлке тарихынан, өзге этностардың мәдениетінен біраз хабардар болары анық. 

Ертістің сол жақ қанатына орын тепкен кешеннің елімізде еш баламасы жоқ. Сәулеттік-этнографиялық және табиғи-ландшафттық қорық-мұражайына қарасты бұл саябақ – қала халқының демалатын орны ғана емес, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатын мекен. Мереке-мейрам кезінде бақ іші ән мен күйге бөленеді.

Саябақтың бір қапталын алып жатқан этноауылға қадам басқан адам қазақ, орыс, украин, неміс, ұйғыр, кәріс, әзірбайжан, татар, белорус, шешен, грузин, поляк, армян, еврей секілді бірқатар ұлттың дәстүрлі үй-жайларымен таныса алады.

Әртүрлі архитектуралық стильде бой көтерген ескі қоныстардың көшесін аралай жүріп, сіз қазақ даласындағы ұлт-ұлыстардың тарихымен танысасыз әрі әрбіріне кіріп, үй жиһаздарын, тұтынған бұйымдарын, жалпы тұрмысы мен шаруашылығын көресіз.

Мұнда бас сұққан әр адамға арнайы үйді күтіп-баптап отырған таныстырушылар егжей-тегжейлі ақпарат береді. Мысалы, кәріс халқының қонысжайын тамашаласаңыз, олардың жер өңдеуге епті халық екенін, үйлерін безендіруде өздеріне тән шығыстық мәнерді сақтап, әр іске ұқыптылықпен қарайтын елгезектігін байқайсыз. Тағы бір таңғалдырғаны, үйдің едені тұтас жылытылады екен, қазіргі заманауи технологияға ұқсас. Кәрістер төсекте емес, жерде жатып ұйықтайтындықтан еденнің жылы болуы маңызды.

Шешендердің тұрғын мұнарасы да көпшілік назарын өзіне аударады. Үйдің мұндай үлгісі Шешенстанның басым аумағына тән. Сыртқы жаудан қорғану үшін үйді тау басына әрі әдейі биік етіп салған. Тастан қаланған, биіктігі 12 метр болатын үшқабатты баспананың бірінші қабатында мал қорасы мен қойма орналасса, екінші қабаты әйелдерге тиесілі, мұнда тағам әзірленеді, ас ішіледі, ал үшінші қабат ерлерге арналған. Қабаттарға едендегі тар тесік арқылы ағаш баспалдақ қойып көтеріледі.

Дәстүрлі татар қонысы – тақтай шатыры бар ағаш бөренелерден жасалған үй. Бір қызығы, үйде бір емес, екі есік бар, екіншісі тек қонақтарға арналған. Орыс үйлерінен басты айырмашылығы – терезелерінде қақпақтар болмайды. Үйде қонақтарға арналған арнайы бір бөлме бар. Бұл татар халқының қонақжайлығын тағы бір мәрте айғақтайды.

Украин хатасына аяқ басқан адам ХХ ғасырдың басындағы аталған ұлттың тұрмыс-тіршілігін көре алады. Ағаш үй екі бөлмеден тұрады. Сыртқы-ішкі қабырғалар балшықпен сыланып, ағартылған. Есік-терезелері ұлттық нақышта безендіріліпті. Ғимарат төбесі қамыспен жабылған, ол мүлдем су өткізбейді екен. Аулада мал қорасы бар.

Айта кетерлігі, осы үйлердегі жәдігерлердің дені баспаналардың тарихи сипатына сай жасалған. Олар ел арасынан жиналып, топтастырылған. Үйлерге енгенде өткен дәуірге тап болғаныңызды, жасандылықтан ада, сыр бүккен шынайы бұйымдарға қарап, тұтас этностың болмыс-бітімін, тіршілік дағдысын көресіз. Жеті гектарды алып жатқан ауылдар шоғыры түрлі тарихи кезеңді қамтыған. Уақыт айырмашылығы да көзге бірден ұрады. Үйлердің алдындағы анықтамалыққа қай қоныстың қай кезеңдікі екені жазылған.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button