Өскемендегі мешіттің мұнарасы неге 63 метр?

Қазақ даласында талай ғасырлық тарихтың дерегі таңбаланған балбал тастардың қирандысы көп. Олардың бүгінгі заманға бүтін жетпеуіне дін таратушылардың кесірі тиген делінген тарихи деректерде. Сол сияқты қазақ даласындағы мешіттер де бір кездері құрып кете жаздаған.
Алайда Қазақстанда Тәуелсіздікке дейін 60-қа жуық мешіт болса, ордалы отыз жылдың ішінде олардың саны 2500-ден асқан. Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында қазір бес мешіт бар. Олардың арасындағы сәулеттісі және үлкені – Ертіс өзенінің сол жағалауында 2012 жылы салынған «Халифа Алтай» мешіті. Еліміз бойынша көлемі жағынан үшінші орын алатын мешітке 2015 жылы ең алғаш Құранды қазақшаға аударған «Халифа Алтай» есімі берілген.
Мешіттің жалпы көлемі 800 гектар, ғимараттың биіктігі 20 метр, ал мұнараның биіктігі 63 метр. Бұл Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) 63 жаста өмірден озғанын көрсетеді. Мұнараның жанындағы бес күмбез мұсылманның бес парызын білдіреді. Жаңа мешітте бір мезетте үш мың адам құлшылық ете алады және діни оқу орны медрессе бар.
Өскемен қаласында өзге де мешіттер халыққа қызмет етіп келеді. Олар: «Өкемен орталық мешіті», «Мұхамади мешіті» «Защита» мешіті және «Кунта қажы» мешіті. Өскемен қаласындағы ең алғашқы мешіттердің бірі – 1830 жылдардың басында салынған Ахмет-Софы және Рангулов атындағы мұсылмандар мешіті. Мешіт Троицкий және Мешіт көшелерінің қилысында (К.Либкнехт және К.Маркс) болған. 1837 жылы мешіт жанында ұлдар мен қыздарды жеке-жеке оқытуға арналған бастауыш мектебі ашылған.
Дайындаған – Алтай Ғали-Асқар