Өскеменде тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспары орындалмады

Облыс әкімдігінің мәжілісінде өткен жылы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері оң динамикамен аяқталғаны айтылды.
Айталық, былтыр өңірде 519,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жолдардың 85%-ы жөнделді. Облыс экономикасына 714,5 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл 2019 жылға қарағанда 112%-ға жоғары. Сондай-ақ«Бизнестің жол картасы–2025» аясында ісін енді бастаған кәсіпкерлерге 517 млн.теңгенің 106 гранты берілді.
Алайда бірқатар қалалар межелі көрсеткішке қол жеткізе алмаған. Аймақ басшысы Даниал Ахметов Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мен орынбасары Бақытжан Байахметовтің тұрғын үй құрылысы мен пайдалануға беру бағытында атқарған жұмыстарын сынға алды.
– Өткен жылы қол жеткізген оң көрсеткіштерге және тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарын 117,4%-ға асыра орындағанымызға қарамастан, Өскеменде жоспар орындалмады. 69% – өте төмен көрсеткіш. Бұған қарамастан, Өскеменде биылғы қазан айына дейін бір де бір тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отырған жоқ. Ал қаражат 100% бөлінген. Бұл мәселенітез арада шешуді талап етемін, осы бойынша жеке жиналыс өткіземін, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ аймақ басшысы Семей, Өскемен, Риддер қалаларындағы балабақшалардағы кезек мәселесіне тоқталды.
– Орынбасарым Әлішер Мархабатқа, сондай-ақ Семей, Өскемен, Риддер, Курчатов қалаларының әкімдеріне мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында белсенді жұмыс істеуді тапсырамын. Он күн ішінде маған нақты ұсыныс енгізіңіздер, – деді Даниал Ахметов.
Сонымен қатар аймақ басшысы барлық қала-аудан әкімдеріне тұрақты мониторинг жүргізе отырып, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.