ТОП

Өскеменде солмайтын гүлдер сатылады

«Гүлдер алапат соғыс кезінде де өскен» осы бір сөзді естіп пе едіңіз, әлде алғаш рет оқып отырсыз ба? Расымен мына әлемге ғажап бояу беріп тұрған гүлдердің әйел адамның көңілі мен жүзіне қуаныш сыйлайтыны ешкімге құпия емес. Бәлкім арулардың табиғаты гүлге ұқсас болғандықтан солай болар. Екеуі де аялауға мұқтаж өйткені.

Алдымен гүл туралы аз-кем ақпарат. Зерттеушілер әлемде 258 мыңға жуық гүлдің түрі бар деседі, ал енді бір топ 500 мыңнан асып жығылады деп болжам жасаған. Алайда олардың нақты қанша түрі бар, ол жағы беймәлім болып қалатын секілді. Ал енді сізге сұрақ,  осынша гүлдің нешеуін көрдіңіз, қаншасын сыйға тарттыңыз? Атауын білмесек те, хош иісі мен түрін ажырата аламыз, солай емес пе? Бірақ гүлді сыйлаған кезде әдемі букетке орап қана бермейді. Енді ше?

Ақын, журналист Степан Балакин бір сөзінде: «Ең әдемі гүлдердің өзі, ертең қоқысқа айналады», – деген екен. Сіз осы пікірмен келісесіз бе? Келісесіз, әрине. Өйткені қоқысқа солған гүл шоқтарын тастап көрдіңіз. Тіпті қоштасқанда қимастық та болған шығар. Гүлді сыйға алғымыз келеді, дегенмен  солғанын қаламаймыз. Сіздерге бір құпия ашайын, мүлдем солмайтын гүлдер де болады. Қоқысқа да тастамайсыз. Ол үшін мен сіздерді бірінші Ирина Шальневамен таныстырайын.

Тастан гүлге дейін

Ирина Шальнева – өскемендік қолөнерші. Он бес жасынан бастап қолөнерді өміріне серік еткен Ирина оқыған мамандығы педагог болса да жүрек қалауымен осы жолды таңдапты.

– Педагогикалық училищеде оқып жүргенімде еңбек сабағы өтетін. Ол кезде менің жасым 15-те. Ол жерде бізді киім тігуге, тоқуға, қысқасы, қолөнердің түр-түріне үйрететін. Болашақ педагогтардың қолынан бәрі келуі керек деген шарт қоятын. Бір жағынан әжем де он саусағынан өнер тамған ісмер адам. Мүмкін менің бойыма бұл қасиет әжемнен де дарыған болар,  – дейді Ирина.

Шығармашылыққа жаны жақын Ирина бұйым жасауға деген қызығушылығы осыдан 10 жыл бұрын оянғанын айтады. Әуелі тастардан бұйым жасаған шебер, енді қазір тау мен тасты жарып шығатын нәзік гүлдерді қолдана бастапты. Мұндай шеберлер біздің өңірде саусақпен санарлық екенін айта кеткен жөн. Ал Иринаның қолынан шыққандай ерекше бұйымдарды дүкендер мен салондардан таппайсыз. Әр бұйымда әртүрлі гүл. Бөлек композиция.

Әлем гүлдері

 Көздің жауын алатын бұйымдарға қарайсың да, мөлдіреген әшекей ішіндегі сан алуан гүлдер қайдан әкелінген, әйнекке қалай отырғызылған деп таңғаласыз.

– Осы күнге дейін жасаған бұйымдарда әртүрлі гүлдер бар. Тіпті кейбіреуінің атын да білмеймін. Себебі кейде серуендеп жүріп те ерекше гүл көріп қаламын. Таныстарым, достарым да жүрген жерінде маған гүл жинап жүреді. Тіпті тапсырыс берушілердің өздері «осы гүлмен жасап беріңізші» деп келіп жатады. Шетелдерге демалуға барғанда да гүл жинаймын. Өйткені ол жақта бұрын-соңды кездестірмеген өсімдіктер бар, – дейді Ирина шебер.

«Ал қыс мезгілінде гүлдерді қайдан аласыз?» деген сауалымызға ол:

– Гүлдерге деген махаббатым ерекше болғандықтан менің үйімде гүлдерге арнайы орын бар. Өзім де өсіремін. Яғни, гүл жинау қыс пен жазға қарамайды. Жыл он екі ай жалғасады, – деп түсіндірді.

Оның айтуынша, қолөнердің бұл түрімен айналысатындар аз. Тіпті бұйым жасап жүрген шеберлердің көбі әлі жас, тәжірибесі аз көрінеді.

Әңгіме арасында Ирина гүлдерді кез келген уақытта жинауға болмайтынын да айтып қалды. Мәселен оны кешке немесе таңғы уақытта жинамаған абзал. Есесіне күндіз жинап алынған гүлден жасалған әшекей әдемі шығады. Егер оларды әбден кептірмесе жасаған бұйым қарайып немесе көгеріп кетуі мүмкін. Сол себепті ең әуелі жинағанда және кептіргенде мұқият болу керек. Одан кейінгісі жасаушының шеберлігі мен қиялына байланысты.

– Бұйым жасауға әрқалай уақыт жұмсаймын. Жұмыстың күрделі немесе оңайлығына, тапсырыс берушінің талғамына қарай болады бәрі. Шамалап айтсам бір аптаға жуық уақыт кетеді. Бірақ уақытты сүйікті жұмысыңа арнасаң, оның қалай зу етіп өтіп кеткенін де аңғармайсың. Кейде тіпті таң бозынан отырып жұмыс орнымнан кешке бірақ тұрамын. Оның бәрін несін айтайын, әр істің өз қиындығы мен рахаты болады ғой, – дейді қолөнерші.

Бұрыңғыша әдемі

Бір апта бойы жасаған бұйымды тағып жүрудің өзі бақыт секілді. Әлемге әдемілік сыйлаған гүлдің мойынға еркелей асылып, білекте ойнақтап сырғанап, саусақта жарқырап тұрғаны қандай керемет? Иринаның гүліне су да құймайсың, күтіп әуре де болмайсың. Сонда да олар әу бастағыдай әдемі қалпында қала береді.

Иринаға тапсырыс берушілер де аз емес. Тек өскемендіктер десеңіз қателесесіз. Себебі тапсырыстар еліміздің өзге өңірлерін айтпағанда әлемнің түкпір-түкпірінен түсіп жатады. Сұраныс болған соң тиісінше жеткізіп беру қызметі де бар. Қыз-келіншектердің ең осал тұсы: гүл мен әшекей десек қателеспеспіз. Ирина осы екеуін әдемі үйлестіріп, сұлулардың ажарына ажар қосып жүр. Солардың бірі – өскемендік Мадина Амангелдіқызы.

–      Қолөнершілердің өнеріне қашаннан қайран қалып келемін. Соның ішіндегі эксклюзивті бұйымдарға деген махаббатым ерекше. Өйткені қыздарда әр образға сай әшекей бұйымның болуы шарт деп санаймын. Қолөнершілер ұйымдастыратын көрмелерге де жиі барамын. Сол көрмелердің бірінде Ирина жасаған сырғаға көзім түсті. Ұнады, сатып алдым. Қазір тағып жүрмін. Құлағымдағы сырғаны көрген адамдар да таңырқап, жылы сөздерін айтып жатады. Мұны шебердің еңбегіне берілген ең жоғары баға деп білемін, – Мадина.

«Жасаған дүниелеріңіз көптің көңілінен шығып жатады. Мұның сыры неде?» деген сұрағымызға қолөнерші:

– Әр әшейкейді жасар алдында «өзім осыны тағыр ма едім?» деп сұрақ қоямын өзіме. Содан кейін ең бірінші сыншым – анама көрсетемін. Егер анама ұнаса, бәріне ұнайды деген сөз. Көптің алғысы мен жүзіндегі қуаныш мені қанаттандырып, одан да керемет туындыларды өмірге әкелуге құлшындыра түседі, – деп жауап берді.

Жарқырап жатқан әшекей бұйымдарға қарап тұрып ойыма «МузАРТ» тобы шырқайтын «Махаббат гүлі солмайды» деген ән орала берді. Оны өзімше өзгертіп «Иринаның гүлі солмайды» деп іштей қайталап қойдым…

Қыр астында қыздардың мерекесі келе жатыр. Ер-азаматтарға айтарымыз, Халықаралық әйелдер күнінде қалаған жаныңызға солмайтын гүл сыйлағыңыз келсе Иринаның шеберханасын бетке алыңыз. Ал біз сөзімізді журналист Опра Уинфридің «Мен әлі ешкім сыйламаған гүлдерді сондай жақсы көремін» деген сөзімен түйіндейік.

Балауса Мэлсқызы

Осы айдарда

Back to top button