Өскеменде Шәкәрімнің бюсті ашылды

Қазақтың өткен тарихын ұмытпау, бүгінгі тарихын ұлықтау парыз. Өйткені өткен өмірдің өрнегінде талай-талай тарихтың сүрлеуі қалған. Қазақтың ордалы ел болған шағы, оқ пен от кешкен жылдарының жылнамасы жатыр. Осындай таңбалы тарихтың кейіпкері, қуғын-сүргін құрбаны Шәкәрім Құдайбердіұлына Өскеменде бюст қойылды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында ашылған ақынның кеудемүсіні қаладағы Шәкәрім атындағы №1 мектептің алдына қойылды. Игілікті іс-шараға Өскемен қаласының зиялы қауымы мен билік өкілдері қатысты.
– Бүгінгі егемен ел болып отыруымызға саяси қуғын-сүргін құрбандарының қосқан үлесі зор. Сондықтан өткен тарихқа құрметпен қарауымыз керек. Бүгінгі шара соның бір дәлелі. Ақынның тұғырға қонған бейнесі мектеп оқушыларына рух, жігер беретініне сенеміз, – деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Жақыпов.
Елді қуантқан ескерткіштің ашылуына ата-аналардан құралған қамқоршылық кеңесі қолдау көрсеткен. Бұл Өскеменде алғаш рет тұғырға қонған ақынның кеудемүсіні екенін айта кеткен жөн. Осылай өңіріміздегі әр мектеп Алаш арыстарын төріне оздырып, қуғын-сүргін құрбандарына құрмет көрсетсе, өткен тарихымыздың ұмыт болмасы анық.
– Қазақтың қабырғалы ақыны Жұбан Молдағалиевтің «Асан боп туып қазақтар, өледі Асанқайғы боп» деген өлеңі бар. Бұл қасіретті оқиғаның өткеніне бір ғасыр болса да әлі күнге дейін қайғысы жанымызға батып, «Асанқайғы» боп өмір кешіп келеміз. Біз қазір тәуелсіздік жылдарының кері жағын көбірек айтатын болып кеттік. Біз егемендіктің қадірін ұмытпауымыз керек. Егемендік бізге ең болмағанда еркін сөйлеуге, айтуға мүмкіндік берді. Ал осыдан отыз жыл бұрын еркін сөйлегенді қойып, қазақша сөйлетпейтін еді ғой. Міне, бүгін сөз жүзінде де, іс жүзінде де тәуелсіздігіміз көрініс тауып отыр. Соның бір дәлелі – осы тұғырға қонған Шәкәрімнің кеуде мүсіні, – деді Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев.
Санитарлық талапқа сай жиналған санаулы жұрт ақын ескерткішінің алдына гүл шоғын қойып, қуғын-сүргін құрбандарына құрмет көрсетті.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде қазақтың біртуар перзенті, өмірі мен шығармашылығына алты алашты арқау еткен, ұлтын шексіз сүйіп өткен Шәкәрім бабамыздың ескерткішін аштық. Ұлы даланың дарын иесі ұрпақ есінен ешқашан сөнбек емес. Осы тұста Шәкәрімдей қазақтың дара ұлына ескерткіш орнатуға өз үлесін қосып, барынша қолдау көрсетіп, барлық жұмысты жұмыла атқарған азаматтарға алғысымды білдіремін! Ұлттың ұйысуы әрқайсымызға, әрбіріміздің ниетіміз бен талап-тілегімізге тікелей байланысты екенін ұмытпайық, – деді мектеп директоры Әділ Сайлаубек.
Қызырбек Дүргінбай