ТОПШаһар шаруашылығы

Өскеменде «құдағи қайтқанша» жиналыс өтті (ВИДЕО)

«Жиналыстың актісін толтырмаймыз ба?» деген Нұрлыкөш ауылының тұрғындары мен Өскемен әкімінің орынбасары түсінісе алмады.

Қаладағы онсыз да проблемалы қоғамдық автобустар аязды күндері тіпті азайып кетті. «Ең жиі жүретін №60 пен №12 автобусты жарты сағаттап тостық» деп жазып жатыр желі қолданушылары. Аялдамадағы халықты көлік тізгіндеген қайырымды азаматтар жолай алып кетіп жатқанын көзіміз көрді.

Нұрлыкөш халқы 5-6 қаңтарда қоғамдық көліктер мүлде жүрмей қалғанын айтып, шағымданды. Ауылға Өскемен әкімінің орынбасары Денис Федченко барды. Алайда тұрғындар мәселе шешілмегенін, жиналыстың актісі де толтырылмағанын, «шағым түсті» деп еш құжатқа қол қойғызбағанын айтып шықты.

Тұрғындардың шағымы:

«Бізге жаз-қыс емес. Бүгін-ертең жүргені керек. Бізге келетін қоғамдық көлік 12 адамдық. Оған отызымыз тиелеміз. Біз өлуге таядық. Шағын автобустың көлемін көріңізші. Түрегеп тұрған адамға сай ма екен? Айтыңызшы, ұстап тұратын темірі бар ма? Мен жас жігіт болғандықтан үлкен адамдарға орын берем. Өзім қолымды жерге тіреп келем».

«№256 автобус бір рет уақытында жүрген емес. Сіздің құзіретіңізде ме, айтыңызшы. Алдыңғы күні уақытында жүрді ме? Кеше жүрді ме? Бүгін ше?»

«Сіз біздің орынымызда 256 мен 71-ді тосып көріңіз, келе ме екен? Автобус жүреді дедіңіз. Таңертең нешеде жүреді біріншісі?.. Егер 6.10-нан бастап жүрмесе, жұмысқа үш көлікке ауысып мініп жететін адамдар үлгермейді. Ал 71-автобус (№71 автобус Нұрлы көштің сыртымен өтеді – ред.) 20.10-да қаладан шығып қояды. Оған студенттер кейде үлгеріп, кейде үлгермейді. Бұл кезде 256 деген жүрмейді, «уапше» жоқ».

«Баланы құшақтап, үйден күпәйке әкеп ұстап тұрады. Бұл сұмдық қой. Мен таксимен келе жатқанда студент балаларды ала кетем. Ұзаса төрт адамды. Сыйғанынша. Қалғаны жаяу кетеді. Обал ғой».

«Міне, қазір екі минуттан соң автобус келуі керек. Жүріңізші бар ма екен, көріп қайтайық…»

«Көбіміз бірінші аялдамадан соңғы аялдамаға дейін барамыз. Жарты сағатта бір келетін көлік 12 тұрғынды ғана тасиды. Қалғаны сыймайды».

 

Нұрлыкөш әкімінің айтуынша, ауылда 613 үй бар.

Тұрғындар қала әкімінің орынбасары Денис Федченконың орыс тілінде сөйлеген сөзін түсінбегенін айтып шуылдады.

(Өскемен әкімі Жақсылық Омардың коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша жаңа орынбасары Денис Федченконы таныстырған сәті. 11 желтоқсан, 2020 жыл).

Әкімдіктен келген, өзін «осы салаға жауаптымын» деп таныстырған тағы бір өкіл де қазақ тілінде ойын еркін жеткізе алмады. Ресми өкілдердің ешқайсы біздің газетке пікір білдіруге келіспеді.

– Ақша бөлінді. Қаңтар бойы осы бағытта жұмыс істейміз. Одан кейін барып автобус жүргізуге мүмкіндік болады, – деді жауапты өкіл.

Қала әкімінің орынбасары қоластындағы қызметкерге автобусты «час-пик» уақытында жиілетуді тапсырды. Ауыл тұрғындарына айына кем дегенде бір мәрте келіп, арыз-шағымдарын тыңдап тұратынына уәде берді. Алайда жуық арада автобус санын көбейтіп немесе үлкен автобустар жүргізіп бере алмайтынын айтты.

Тұрғындар тағы да дабыл қақты:

«Ештеңе шешілген жоқ. Ана секілді «Газельге» біз сыймаймыз. Жарты сағат сайын 12 кісіні тасып жүре ме сонда?».

«Сіздер мәселені шешуге келдіңіздер ғой. Кетіп қаласыздар ғой».

«Ертең жүреді деп кетіп қаласыз да… Әлгі «құдағи қайтқанша дейі ғой. Біліп отырмын қазір уәденә үйіп-төгіп бересіздер. «Бүйтеміз-сүйтеміз» деп. Ертең бәрі жоқ болады».

«Төрт автобусты жүргізіп, жылы аялдама орнатып, қоқыс жәшігін қойып беріңізші. Бір автобустың мәселесін шешіп беріңіздерші. Қалғанын өзіміз істеп аламыз. Күл төксек те».

 

2019 жылдан бері Өскеменге 85 жаңа автобус сатып алынатыны айтылып келеді. Алайда олар қала көшелерінде әлі көрінген жоқ.

Қыс қаһарына мінді

Төтенше жағдайлар департаменті өңірде бірнеше күн бойы ауа температурасының күрт төмендейтіндігін ескерткен болатын. Семей қаласында жаңа жылда 10-нан астам адамды үсік шалды Қалалық жедел жәрдем станциясы мамандарының мәліметіне сүйенсек, олардың көбі 3-4 қаңтарда зардап шеккенімен, дәрігерлерге кешігіп қаралған.

– Бір азамат вагоннан жүк түсіріп жатқан кезде, ал енді бірі қолғап кимей сөмкесін көтеріп жүргенде қолдарын үсік шалды. Жалпы 31 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында станцияға үсік шалған 17 адам жүгінді, – дейді дәрігерлер.

Полиция департаментінің ақпаратынша, облыс аймағында жол бойында 40 жүк көлігі тоқтап тұр. Ішінде бұзылғандары бар. «Өскемен-Аягөз» бағытында жолға шыққан автобустағы 37 адам эвакуацияланған. Бородулиха ауданында құтқарушылар жолда қалған үш адамды үйлеріне жеткізді. Олардың «Мицубиси Паджеро» маркалы көлігінің дизель отыны қата бастаған.

Құтқарушылар мен полицейлер тұрғындарға алыс сапарға шықпауға кеңес береді.

 

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button