ҚоғамТОП

Өскеменде «Айсұлу» операсының премьерасы өтті

Биыл көрнекті композитор Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл. Қазақ музыка театры тарихындағы тұңғыш «Айсұлу» атты комедия операсын композитор осыдан тура 60 жыл бұрын жазған.

Композитордың 100 жылдығына орай Наурыз мейрамының қарсаңында «Ертіс концерттің» көрермендер залында «Айсұлу» операсының концерттік қойылымының премьерасы өтті. Аталмыш операны халықпен бірге облыс әкімі Ермек Көшербаев та тамашалады.

«Айсұлу» операсының алғашқы премьерасы 1964 жылы Абай атындағы мемлекеттік опера және балет  театрында өткен. Содан бері қаншама жыл бойы сахна төрінен түспей келе жатқан қойылымды бұл жолы өңір тұрғындары тағы бір мәрте тамашалап көрді. Операны қоюға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің симфониялық оркестрі, Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің студенттік хоры, «Ертіс концерт» солистері мен арнайы шақырылған өнерпаздар қатысты.

– Мен бұл қойылымға арнайы шақырумен келіп, қатысып жатырмын. Қойылымда «Серкенің» рөлін сомдаймын. Бұл махаббат жолында жеңіске жетуге мотивация береді. Өте тамаша қойылым. Комедиялық опера Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына орай көрерменге жол тартып отыр, – дейді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық концерваториясының студенті Данияр Айтқожанов.

Қойылымды көпшілік Наурыз мерекесі қарсаңында тамашалап, рухани демалып қайтты.

– Биыл көрнекті композитор Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толуына орай автордың «Айсұлу» операсын сахнаға алып шықтық. Керемет хореография, керемет киім. Қойылымды музыкамен әрлеп, көрерменге түсінікті әрі тартымды етіп беруге тырыстық, – дейді қойылым режиссері Нұрлан Серікбаев.

Опера көрермен қауымның көңілінен шықты. Көрерменмен тілдесіп, көпшіліктің пікірін де білдік.

–  Бұрын операға барып көрмеппін. Бірінші рет келіп тұрмын. Керемет қойылым екен. Алғаш рет көріп тұрмын. Әуезді әуені, сазды музыка бар қойылым болды. Маған қатты ұнады, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Нұрхан Тілеуханов.

Иә, түсіне білген адамға опера да ой салады, толғандырады, толқытады. Оған бұл жолғы қойылым барысында куә болып қайттық.

 

Осы айдарда

Back to top button