
Облыс орталығында өткен кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде глубокоелық шаруалар 7,5 тоннаға жуық мал етін саудалады.
Өскемен қаласында дәстүрлі түрде өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі бұл жолы қаланың екі нүктесінде өткізілді. Желтоқсан айының бірінші жексенбісінде өткен іс-шараға Алтай және Глубокое ауданының ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтары қатысып, шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін сауда-саттық «Дос-Нар» және «Фрешмаркет» сауда орталықтарының маңдарында ұйымдастырылды.
Глубокое аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің хабарлауынша, бұл жолғы жәрмеңкеге аудан шаруалары 4,8 тонна сиыр етін, екі тонна жылқы етін, 300 келіден қой және шошқа етін саудалаған. Сондай-ақ жәрмеңкеде бір тонна картоп, 1,2 тонна қырыққабат сатылды. Оған қоса, өскемендіктерге «Шахан-Ата», «ЖК Огмар» сынды белгілі наубайханалардың нан-тоқаш, кондитер өнімдері де ұсынылды.
Құзырлы мекеменің мәліметі бойынша, барлық тауарлар нарықтық бағадан 12 пайызға төмен бағада ұсынылды. Атап айтсақ, сиыр етінің келісі 1800, жылқы еті 2000, қой еті 1800, шошқа еті 1800 теңгеден саудаланды.