Қоғам

«Өскемен су арнасының» жұмысшыларымен жүздесті

Ержан Әбіш

Алдағы он жылда көптеген елді мекендердегі таза су құбырларының қолданыс мерзімі аяқталады. Сол себепті салаға қосымша қаржы құю қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаттары Ирина Унжакова, Игорь Панченко, Зарина Камасованың облыс орталығын таза сумен қамтып отырған «Өскемен су арнасы» кәсіпорны еңбеккерлерімен кездесуінде айтылды.

Депутаттар референдумнан кейін Парламентте қолға алынып жатқан іс-шаралар туралы ақпарат берді. Мәжіліс қабырғасында бірқатар заңдар жаңартылған Конституцияға сай реттелуде.

Игорь Панченко елдегі су мәселесіне тоқталды. Мәселен, Ресей мен Қытайдан бастау алып, елімізге келетін өзендердің су көлемі жылдан-жылға қысқарып барады. Сондай-ақ егіс алқаптарын суару жүйесі ескірген. Гидротехникалық имараттарға жауапты бірыңғай құзырлы мекеме жоқ. Алдағы он жылда көптеген елді мекендердегі таза су құбырларының қолданыс мерзімі аяқталады.

– Бұл мәселелер сіздерге жақсы таныс. Қазір жаңа Су кодексі әзірленіп жатыр. Біз Үкіметке осыған қатысты 66 ұсыныс бердік, – деді ол.

Кездесуде еңбеккерлер зейнет жасын қысқарту, азық-түлік бағасын тежеу, жалақыны көтеру сынды өзекті мәселелер көтерді. Депутаттар зейнетақы мәселесі Үкіметте қаралып жатқанын жеткізді. Ал азық-түлік бағасына әлемдегі жағдайлар әсер етіп отырған көрінеді.

– Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс экономикаға кері әсер етіп отыр. Десек те, инфляцияны тежеуге, тұрғындардың ақшалай табысын арттыруға мемлекет барынша күш салып келеді, – деді Ирина Унжакова.

Халық қалаулылары әрмен қарай Үкіметпен жұмыс істеу үшін еңбеккерлер сауалдарын қағазға түртіп алды.

 

Осы айдарда

Back to top button