Қоғам

«Өскемен су арнасының» жұмысшыларымен жүздесті

Ержан Әбіш

Алдағы он жылда көптеген елді мекендердегі таза су құбырларының қолданыс мерзімі аяқталады. Сол себепті салаға қосымша қаржы құю қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаттары Ирина Унжакова, Игорь Панченко, Зарина Камасованың облыс орталығын таза сумен қамтып отырған «Өскемен су арнасы» кәсіпорны еңбеккерлерімен кездесуінде айтылды.

Депутаттар референдумнан кейін Парламентте қолға алынып жатқан іс-шаралар туралы ақпарат берді. Мәжіліс қабырғасында конституциялық сот, прокуратура, саяси партиялар, сайлау туралы заңдар бойынша жұмыс жүруде. Конституцияға енген түзетулерден соң оларды Ата Заңға сай реттеу қажет.

Депутаттардың айтуынша, коронавирус індеті мен қаңтар қасіреті түрлі саладағы олқылықтарды көрсеткен.

– Қаңтар қасіреті қауіпсіздік мәселесін қайта қарауға міндеттеді. Кейбір тәртіп сақшыларының бүлікті ұйымдастырушылар қатарынан табылуы, ел тыныштығын күзетуге арналған қару-жарақтың мемлекеттік төңкеріс жасау үшін қолданылуы бұл салада жүйелі мәселелер барын білдіреді. Оқ-дәрі қоймаларынан үш жарым мыңдай қару қолды болды. Жанға бататыны сол – қақтығыстар салдарынан жазықсыз адамдар, оның ішінде балалар да оққа ұшты, – деді Ирина Унжакова.

Жаппай тәртіпсіздіктер бизнеске, өндіріске де кесірін тигізіп, мемлекет тарапынан зардап шеккендерге өтемақы төленді. Сол себепті депутаттар құқық қорғау жүйесін жетілдіру мақсатында заңнамаларды, қару сақтау талаптарын күшейтіп отыр. Сондай-ақ пандемияға қарсы іс-әрекеттерді реттеу үшін биологиялық қауіпсіздік туралы заңға өзгеріс енді.

Жиында Ұлттық қорды пайдалану жөнінде де сөз болды. Кейбір қоғам белсенділері қордағы қаражатты азаматтарға таратып беру туралы пікір білдіруде. Депутаттардың бұған айтар өз уәжі бар. Олар мұнайдан түскен табыстан құралатын қорды барынша тиімді қолдану қажеттігін алға тартады.

– Елімізде өндірілген 1 баррель мұнайдың өзіндік құны 50 долларға дейін жетеді. Әлемдік нарықта ол 100 долларға сатылады. Яғни, таза пайда – 50 доллар. Ал араб мемлекеттерінде қара алтынның өзіндік бағасы – 8 доллар, таза пайда – 92 доллар. Оның үстіне бізде мұнай өңдеу зауыттары аз, барлары Ресей мұнайын өңдейді. Осындай ауыр жолмен жиналған қорды таратып бергеннен ұтарымыз аз. Бұл қаржыны дағдарыс, пандемия кезінде қажетімізге жаратқанбыз. Алдағы уақытта да аса қиың кезеңдерге сақтаған абзал. Қазір ковид қайта көбейе бастады, күзге таман өршіп кетпесіне кім кепіл?! – деді Ирина Унжакова.

Игорь Панченко елдегі су мәселесіне жіті тоқталды. Мәселен, Ресей мен Қытайдан бастау алып, елімізге келетін өзендердің су көлемі жылдан-жылға қысқарып барады. Сондай-ақ егіс алқаптарын суару жүйесі ескірген, тиімсіз жұмыс істейді. Гидротехникалық имараттарға жауапты бірыңғай құзырлы мекеме жоқ. Алдағы он жылда көптеген елді мекендердегі таза су құбырларының қолданыс мерзімі аяқталады.

– Бұл мәселелер сіздерге жақсы таныс. Қазір жаңа Су кодексі әзірленіп жатыр. Біз Үкіметке осыған қатысты 66 ұсыныс бердік. Олар саладағы қордаланған мәселелерді шешуі тиіс, – деді ол.

Зарина Камасова жуырда қабылданған биологиялық қауіпсіздік туралы заңның маңызына тоқталды. Оған сай енді індет кезінде елге дәрі-дәрмек кіргізу талаптары жеңілдетілмек.

– Медицина саласы бойынша бірқатар жаңашылдықтар заңмен бекітілді. Айталық, бұрын шипажайлық емдеуге жолданған балаға ғана қызметтер тегін көрсетілетін, ал оны ертіп жүрген ата-анасы жолға, тұруға, ішіп-жемге ақыны өз қалталарынан төлейтін. Енді мемлекет сол қаржының 70 пайызын өтейтін болады. Бұған қажет қаражат қазынадан қарастырылып отыр. Сосын мүгедек балалар дәрігерге кезексіз кіру құқығына ие болды. Бұл да көмек, – деді Зарина Айдарханқызы.

Кездесуде еңбеккерлер зейнет жасын қысқарту, азық-түлік бағасын тежеу, жалақыны көтеру сынды өзекті мәселелер көтерді.

– Елімізде орташа жалақы 280 мың теңге дейді. Өзім 80 мың аламын. Жүк көліктерін жөндеймін, жұмыс ауыр. Алпыстан асқанда зіл балғаны көтеруге шама жетпей жатады. Зейнет жасын азайтса, жөн болар еді. Сосын, азық-түлік күн санап қымбаттауда. Дүкенге бір барғанда 10 мың теңге жұмсалып кетеді, – деп мұңын шақты кәсіпорын слесарі Николай Дроздов.

Депутаттар зейнетақы мәселесі Үкіметте қаралып жатқанын жеткізді. Ал азық-түлік бағасына әлемдегі жағдайлар әсер етіп отырған көрінеді.

– Тамақтың бағасы бақуатты Еуропада да көтеріліп жатыр. Айталық, Германиядағы дүкендерде сөрелер қаңырап, кейбір тауарлар шектеулі мөлшерде сатылуда. Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс та экономикаға кері әсер етіп отыр. Осының бәрі бізге де салқынын тигізеді. Десек те, инфляцияны тежеуге, тұрғындардың ақшалай табысын арттыруға мемлекет барынша күш салып келеді, – деді Ирина Унжакова.

Еңбеккерлердің өзге де сауалдарына жауап берген халық қалаулылары біразын қағазға түртіп алды.

– Мәселе осылайша ашық айтылуы тиіс, бәрі де заң аясында, өркениетті түрде шешілуі керек, – деген олар ұсыныс-тілектерді елордаға оралған соң Үкіметке жеткізуге уәде етті.

Осы айдарда

Back to top button