ҚоғамТОП

– ӨСКЕМЕН – ҚОРЫҚПАЙ КЕЛЕТІН ҚАЛА

Қазақ өнерінің қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Шығысқа гастрольдік сапармен келіп, өңір жұртшылығын тамаша қойылымдарымен сусындатып қайтқан еді. Біз де осы мүмкіндікті пайдаланып есімі елге танымал театр және кино актрисасы Назгүл Қарабалинамен сұхбаттасқан едік.

 – Сізді талғампаз көрермен қауым талантымен тәнті еткен өрелі өнер иесі деп таниды. Сіздің шығармашылығыңыз біреуге үлгі болса, біреуге қызық. Айтыңызшы, өнер жолына қалай түстіңіз?

– Анам мені үшінші сыныптан кейін музыкалық мектептегі қобыз үйірмесіне берді. Сол кезден бастап өнерге баулыды. Екінші мамандығым музыкалық қобызшымын. Мектептен кейін музыкалық колледжде оқыдым. Консерваторияға түсуді ойлап жүргенде Жүргенов атындағы өнер академиясында оқитын танысым Орал қаласына демалысқа келіп, академияда (ол кезде институт болатын) театр өнері бар екенін айтып, соған тапсырып көрсеңші деп үгіттеді. Сөйтіп, анама өз ойымды жеткіздім. Әрине, баласын алысқа жібергісі келмеген анам «сенен қандай актриса шығады» деп бармауға үгіттеді. Бірақ алған бетімнен қайтпадым. академияға келгенімде Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз курсқа қабылдап жатыр екен. Сол кісінің курсына қабылданып, оқуға түсіп кеттім. Өнер жолым солай басталды.

 – Мұхтар Әуезов театрына қалай келдіңіз?

– Төртінші курста бізді Қостанай қаласындағы қазақ театрының ашылуына жіберді. Ол фестивальда дипломдық қойылымды ойнадық. Сол жерге Есмұхан Обаев ағамыз да келіпті. Қойылымнан кейін ол кісіге барып, Әуезов театрына барғымыз келетінін айттық. Есмұхан ағамыз бізбен тілдесіп сахнадағы өнерімізді жақсы бағалап, Азамат екеуімізді театрға қабылдаған еді.

 – Мұхтар Әуезов театрының сахнасында өнер көрсетудің жауапкершілігі қандай? Әлде әртіске барлық сахна бірдей ме?

– Жалпы актер үшін әр сахна, әр қойылым үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бірақ, Әуезов театры – қара шаңырақ. Былайша айтқанда, үйіміз ғой. Үйінің іші қашан да таза, әдемі, жағымды болғанын кім қаламайды?! Сондықтан осы театр сахнасындағы, жалпы Әуезов театры деген атпен шығатын барлық қойылымдар ең биік деңгейде өтуі керек деп есептеймін. Бірақ сахна таңдамаймын. Қай жерге шықсам да қошеметке лайық өнер көрсетуге тырысамын.

 – Театр сахнасында жұлдызыңызды жаққан спектакль қайсы?

– Спектакльдегі әр рөлдің актер өмірінде өзіндік орны бар. Мына рөлді жақсы көрем деп нақты айта алмаймын. Мәселен, «Сыған серенадасында» сонау 2003 жылдан бері ойнап келемін. Спектакльдің өзі түгілі, әр сахнасы басқаша болуы мүмкін. Бүгінгі спектакль мүлдем басқаша болады. Көрерменнің қабылдауы, залдың атмосферасы, сахнаның кеңдігі, тарлығы осының бәрі әсер етеді. Ең бастысы, көрерменнің ықыласы қатты әсер етеді. Сондықтан да нақты бір рөлімді жақсы көремін деп айту қиын. Осыған дейін сомдаған рөлдерімнің әрқайсын ерекше жақсы көремін.

– Сәттілік те, сәтсіздік те өнерге тән нәрсе ғой. Бұралаңы көп өнер жолында басыңыздан өткен сәтсіздіктер мен «бәрекелді!» дегізген қуанышты сәттер туралы айта отырсаңыз…

– Жалпы, Әуезов театрында жұмыс істеудің өзі сәттілік. Оның ішінде «актер үшін рөлі сәтті шықса, сәттілік, сәтсіз шықса сәтсіздік» деген түсінік жоқ. Әлбетте, рөлдерді шығару барысында сәтсіздіктер болмады деп айта алмаймын. Сәтсіз шыққан рөлдерім де болды. Оның сәтсіз шыққанын біліп, ол рөлден бас тартқан кездерім де болды. Өйткені мен өз-өзіме қатаң талап қойып, сыни тұрғыдан қарайтын адаммын. Әлі күнге өзімді мықты актрисамын дей алмаймын. Өзім риза болатындай деңгейде шыққан рөлім бар ма, жоқ па, оған да нақты жауап бере алмаймын. Себебі, мен үнемі ізденіс үстіндемін. Бір жағынан, ол жақсы қасиет деп есептемеймін. Ізденіс тоқтаса, даму, өсу де тежеліп қалады. Сондықтан әлі де мен іздеп, таппаған деңгей бар. Соған ұмтылу керек. Бәлкім, бұл өзіме жоғары талап қоятындықтан болар. Алайда актриса ретінде 100 пайыз болдым, толдым, осымен тоқтатса болады деп айта алмаймын.

– Қойылым барысында импровизацияға қаншалықты жақынсыз?

– Мен көп импровизацияға бара бермеймін. Режиссер қойған нақты тапсырмаларды орындауға тырысамын. Себебі, сахнаға жалғыз шықпаймын. Әріптестерім бар. Тіпті бір жерін импровизацияға салып басқаша ойнауға хақың да жоқ. Ондай суырыпсалмалыққа кетіп қалу кәсібилікке жат ұғым деп есептеймін. Алайда қойылым барысында техникалық себептерге байланысты амалдың жоқтығынан импровизацияға баруға тура келетін жағдайлар болады. Мәселен, бір жолы қойылым кезінде бүкіл қала бойынша жарық сөніп қалды. Актерлер жарық бергенге дейін импровизациямен қойылым қойдық. Залдың ішінде ондай жағдай болғанда көрерменді қайтадан сол спектакльдің атмосферасына кіргізу керек қой. Бірақ еріккеннен «мен осылай жасап көрейінші, қызық болсын» деген болмауы керек.

 – Театрдан бөлек кино актрисасы екеніңіз белгілі. Отандық кинотуындыларда көп рөл сомдадыңыз. Сізге кино мен театр сахнасының қайсысы жақын?

– Мен әу бастан кино актрисасы емеспін деп айтқанмын. Кино актрисасы ретінде танымал болуға ұмтылған да емеспін. Екеуіне таңдау қойғанда бір секунд та ойланбаймын. Мен үшін театр басқа бір әлем. Одан кейін барып қалғандары тұрады. Сондықтан театр мен киноны ешқашан бір-біріне жақын қойған емеспін. Қоймаймын да.

Арыға бармай тәуелсіздік алған жылдарды алып қарайықшы, осы отыз жылдан астам уақыт ішінде театр көрермендерін тәрбиелей алдық па? Қойылымды түсініп көретін көрермендер шоғыры қалыптасты ма, олардың қатары көбейді ма?

– Көрермендер театрдан рухани ләззат алып, күйзелістен шығып, өзін мазалап жүрген ойларға жауап алып, демалып қайтуы керек. Театр көрерменді тәрбиелеуге міндетті ме, жоқ па білмеймін. Бірақ қазір театрда көрермен көп. Біздегі аншлагқа қарап көрермендердің театрды сүйіп келетінін, іздеп келетінін, арнайы актер үшін, қойылым үшін келетінін байқаймыз. Көрерменге қарап бағалайтын болсақ, бүгінгі театрдың жағдайы жақсы. Мен Әуезов театрында актриса болғандықтан тек осы театр үшін жауап бере аламын. Біздің театрды халықтың қабылдау деңгейі жоғары деп ойлаймын. Бүгінде театрды түсініп көретін көрерменнің қарасы көп.

– Кинода болсын, театрда болсын өзіңіз сомдайтын кейіпкердің тағдыры, өмірі туралы ақпарат жинап, зерттейсіз бе?

– Әрине, зерттеймін. Ол – біздің міндетіміз. Өз образыңды зерттемей сахнаға алып шығу үлкен қателік. Біздің мамандықтың да негізі осында жатыр. Егер өз рөліңді толық білмей сахнаға шықсаң, былайша айтқанда, қонақтың алдына қасықсыз сорпа қойғанмен бірдей.

 – Өзіңіз сомдаған кейіпкерлердің арасында сізге қатты әсер еткені болды ма?

– Әр рөлге пейіліңді, зейініңді салып, барыңды беріп дайындалғаннан кейін бірінен-бірін бөле қарау қиындау. Бірақ Фаризаны сомдаған сәтімді сәл жоғары қоюға болатын шығар. Ол бәлкім, Фариза апамды жақсы көргеннен болар.

 – Шығыс жұртшылығы сіздерді қалай қарсы алды?

– Өскеменге бүгін ғана келдім. Бірақ әріптестерім ертерек келіп, бірнеше қойылым қойып үлгерді. Айтуларынша, көрермен ықыласы керемет. Барлық спектакльге аншлаг болып жатыр екен. Басқаша атмосферада, қуанышпен, рахаттана ойнап жатырмыз деген жақсы пікірлерді естіп, сол сезіммен сахнаға шыққалы отырмын. Негізі бұл қалаға бірнеше рет гастрольдік сапармен келгенмін. Бұл жердің көрермендері маған жақсы таныс. Былайша айтқанда, мен үшін Өскемен біздің қойылымды түсініп көре алады деп қорықпай келе беретін қала.

– «Сыған серенадасы» осыған дейін де Өскеменде сахналанған екен. Сол кездегі қойылым мен бүгінгі қойылымда өзгеріс бар ма?

– Бұл жердегі бір ғана өзгеріс ол кезде мен 35-те болсам, қазір 45-темін. Басқа өзгеріс жоқ. Бұл өнердегі әкеміз Есмұхан Обаевтың қойған қойылымы. Шыны керек, өзіміздің рөлдерді жас буын ойнасын деп ұсыныс тастағанбыз. Бірақ мені «Айналайын әлі ойнай тұр» деп бұл рөлден босатпады. Изольданы сомдауға жасым да келіңкіремей бара жатқан шығар деп ойлаймын. Алайда Шәмші үлкен болғаннан кейін оның қасына жас актрисаны қою да басқаша суреттеме болып кететіндей. Біз режиссердің қойған қойылымын кеше жастау едім, бүгін ойнағым келмейді деуге хақымыз жоқ. Қалай қойды солай ойнауға міндеттіміз. Бәлкім сол кездегі қойылымнан бүгінгіде кәсіби деңгейіміз басқаша болатын шығар. Одан басқа өзгеріс бар деп айта алмаймын.

 – Өнер өміріңізге қалай әсер етті?

– Өнер мен өмірім бір-бірімен қабысып жатыр. Оны бөле-жара қарамаймын. Себебі таңертең тұра сала театрға тартамыз. Онда рөлімізді дамытып, шыңдаймыз. Одан шыға қосымша жұмыстарыңды бітіресің. Кешкісін үйге келіп тағы да спектакльді зерттейсің. Сондықтан өмірім өнерден бөлек деп айта алмаймын. Менің өнерім – менің өмірім.

 – Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз…

– Жолдасыммен өнер жолында танысып, сол жолда бірге келеміз. Азамат екеуіміз бірге оқыдық. 1997 жылдан бері бірге келеміз. Бір ұлымыз бар. Қазір студент. Отбасыммен бақытты, жақсы күндерді кешудемін.

– Уақытыңызды бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет!

Осы айдарда

Back to top button