Тасқынға - тосқынТОП

Өскемен, Катонқарағай, Тарбағатай, Көкпекті – Тасқын қаупі бар аймақтар анықталды

Облысқа Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жұмыс сапарымен келді. Бір күнін толығымен өңірдегі тасқын қаупі бар орындарды әуеден барлау мен қалыптасқан жағдайға мониторинг жасауға арнады.

Олыс әкімі Даиал Ахметовпен бірлесіп Катонқарағай, Көкпекті, Алтай аудандары мен Риддер қаласының маңайындағы учаскелерді әуеден барлап шықты. Облыста қар жапқан аймақ 96 пайызды құрады. Әуеден шолу нәтижесінде Бұқтырма өзенінің бассейнінде орналасқан Барлық, Коробиха, Сенное, Быково, Богатырево, Малеевск, Путинцево, Зубовск, Тұрғысын, Парыгино мен Снегирево елді мекендеріндегі жағдайға мониторинг жасалды. Қазіргі таңда жағдай қалыпты, мұздың жағадан шығуы байқалмағаны айтылды.

Көкпекті ауданындағы Лайлы су қоймасының толығу жағдайы тексерілді. Жақын күндері облыс әкімдігінің қаулысымен бөгетті жөндеуге шамамен 38 млн.теңге сомасындағы жұмыстар жүргізілетін болады.

Алтай қаласындағы су жинақтаушы-тоғандағы «Вторшука» өзеніндегі суды шығаратын сорғы станциясы мен су деңгейін реттеуге арналған гидротораппен танысты. Осы жерде жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметі қосымша су соратын сорғы мен мотопомпа орнатқан.

Әуеден барлау кезінде Юрий Ильин тікұшақтан Бұқтырма өзеніндегі мұзды ұсақтау бойынша жару жұмыстарының куәсі болды, ондағы ұсақталған мұз ауданы 13000 текше метрді құрады. Қазіргі уақытта өзендегі мұз қалыңдығы – 70 сантиметр.

Шолу қорытындысы бойынша, Юрий Ильин Үлбі, Тұрғысын, Бұқтырма бассейндеріндегі елді мекендерге біршама қауіп бар деген қорытындыға келді. Мәлім болғандай, Шығыста бір жарым метрге дейінгі тоң қатқан, ал жазықтықтағы қардың қалыңдығы – 90 сантиметр, таулы аудандарда 1,5 және екі метрге дейін жетеді.

Облыста су тасқыны қауіп төндіретін 94 елді мекен айқындалған, онда 7191 үй мен 22613 адам бар. Болжамға сәйкес, өзендер наурыздың екінші онкүндігі және сәуір айының бірінші онкүндігінде қатты ери бастайды. Өскемен қаласы, Алтай, Катонқарағай, Тарбағатай, Глубокое, Шемонаиха, Көкпекті және Бородулиха аудандарында тасқын суға байланысты жағдай күрделі болуы мүмкін.

Мамандардың баяндауынша, жағдайды қадағалау үшін 53 гидробекеті бар бақылау жүйесі жұмыс істеп тұр. Департамент бөлімшелері жағдайды тәулік бойы бақылап отыр. Жеке құрам 708 дана гидрокостюммен жабдықталған. Ал егер ахуал қиындайтын болса, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып арнайы топ та құрылған. Оның құрамында үш мың адам, 2412 бірлік техника және 370 мотопомпа бар. 108 эвакобекет те дайындалған. Қалалар мен аудан әкімдіктері 97 мың қап, 15 мың тонна инертті материал мен 419 тонна жанар-жағармай әзірлеген. Жергілікті атқарушы органдар «Су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарына» сәйкес жұмыстарды алдын ала жүргізді.

Жасын Қалибек

Осы айдарда

Back to top button