Өскемен әуежайы қашан іске қосылады?

Өскеменнің әуежайы межелі мерзімінен бұрын ашылады. Қазір онда қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімі Даниал Ахметов әуе айлағындағы жағдайды барып көрді.
Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, жөндеу жұмыстары белгіленген кестеден озып келеді. Жақын арада мұнда жарық-дабыл жабдығы орнатылып, техникалық қызметтердің бір бөлігі орналасатын ғимарат салынады.
Ал бүгінге дейін атқарылған жұмыстар мыналар: әуежайдың ескі ұшу-қону жолағына жаңа әрі заманауи жабын төселді. Сонымен қатар оның ұзындығы 2800 метрге, ені 60 метрге дейін кеңейтілді. Жаңа ұшу-қону жолағы әлемдік стандарттарға сәйкес келеді және жоғары класты ұшақтарды қабылдауға, бағыттар санын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қазір өңірімізге әуежайларды сертификаттайтын арнайы комиссия келді. Сондай-ақ Азаматтық авиация комитетінің өкілдері әуежайдың ұшу-қону жолағын арнайы сынақтан өткізеді.
Аймақ басшысының айтуынша, Өскемен әуежайы соңғы рет 1996 жылы жөнделген. Одан бері біраз уақыт өтті. Жаңартатын уақыт жетті.
– Өскемен әуежайындағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Әуежай жұмысын биылғы 1 қазанда бастайды, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар аймақ басшысы ұшып келетін жолаушыларға ыңғайлы болу үшін әуежай ғимаратын қайта жаңғырту жобасын әзірлеуді тапсырды.
SHYGYS press