Қоғам

Өртті сөндіруге ресейліктер де қатысты

Облысымызда қазақстандық және ресейлік өрт сөндірушілердің қатысуымен трансшекаралық тактикалық оқу-жаттығу жиындары өтті. Аса маңызды іс-шараның барысымен облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов танысты.

Бесқарағай ауданы мен Ресейдің Алтай өлкесі аумағында ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиындарының мақсаты орман өрті кезіндегі бірлескен іс-қимылдарды пысықтау болды. Екі елдің өрт сөндірушілерінің алдында «Семей орманы» мемлекеттік резерватының Морозов филиалы Полян орманшылығы аумағында тұтанған шартты орман өртін сөндіру міндеті тұрды.

– Ірі орман өрттері кезінде тиімді әрекет ету үшін осындай ауқымды іс-шаралар өткізу аса маңызды, – дейді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов.

Айта кетейік, шартты өртті сөндіруге Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының төтенше жағдайлар департаменттерінен, «Семей орманы», «Ертіс орманы», табиғат пайдалануды реттеу және пайдалану басқармасы мен №68303 әскери бөлімінен ұзын саны 164 адам мен 55 бірлік техника қатысты. Жалпы ауданы 280 гектар жерді шарпыған қызыл жалынмен күреске Ми-8 тікұшағы да жұмылдырылды.

Шығыс Қазақстанда тілсіз жауды ауыздықтау жұмыстары жүріп жатқан кезде Ресей тарапы онлайн режимде өртті сөндіру барысын қадағалап, өз күштерінің қимылдарын үйлестіріп отырды.

– Оқу-жаттығу шарттары шынайы жағдайға барынша жақын болды. Жалпы, шекара маңындағы аудандарда бірлескен жаттығулар өткізу төтенше жағдайлар қызметтерінің, сондай-ақ  жергілікті орман шаруашылықтарының апатқа дайындығын тексеруге мүмкіндік береді. Осы ретте, төтенше жағдайлар кезінде мемлекеттердің шекараларын кесіп өту мәселесі шешімін тапқанын атап өткім келеді. Бұл өртті мейлінше жылдам ауыздықтауға мүмкіндік береді, – дейді Ресей Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Алтай аймақтық 9-өрт сөндіру-құтқару жасағының бастығы Юрий Волков.

Ал облыстық ТЖД бастығы Ерлан Нұрпейісовтің айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар болашақтағы орман мен дала өрттерін сөндіруге қатысатын мамандардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, көршілес елдегі әріптестерімен тәжірибе алмасуға көмектеседі.

 

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button