Өртті ғарыштық мониторинг анықтайды

Күршім өңірінде биылғы жаздың тым құрғақ болып тұрғаны рас. Көктем шыққалы жаңбыр жаумай, оның есесіне күндіз-түні соққан жел айналаны кептіріп барады. Соған орай аудан көлеміндегі өрт қаупінің де аса күшейіп тұрғаны – көңіл алаңдатарлық жағдай.
– Иә, қауіптің күшті екенін жасырудың жөні жоқ, – дейді Күршім аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Б.Оразғалиев. – Жаз шыққалы үш орман өрті болып, Марқа өңірінің Боран ауылдық округінде 492 гектар алқапты күлге айналдырған дала өрттері орын алды. Ал Күршім өңірінде ірілі-ұсақты 17 дала өрті болып, Қыстаукүршім ауылында «Лада» автокөлігі тұрған бойы өз-өзінен жанып кетті.
Бауыржан Архатұлының айтуынша, төтенше жағдайлар бөлімінде қазіргі кезде алты адам қызмет істейді. Ал осы бөлімге қарасты Күршімдегі №30, Марқакөл ауылындағы №45 өрт сөндіру бөлімшелерінде барлығы 47 адам жұмыс істейді. Ал суда шұғыл құтқарудың №9 бөлімшесінде 13 адам еңбектеніп жатыр.
– Демалыс және мейрам күндері міндетті түрде рейд жасалады, – дейді Бауыржан Архатұлы. – Оған біздің бөлім, аудан әкімдігінің, полицияның, орман шаруашылығының қызметкерлері бірлесіп шығады. Бұл үшін бізде аудан әкімі бекіткен екі мобильді топ құрылған. Сегіз ауылдық округте өрт сөндіретін автокөлік пен арнайы даярланған адамдар бар. Өрт шыққан жағдайда олар жедел түрде оны сөндіруге аттанады.
Өртті дер кезінде анықтап, оның ошағын белгілеу мақсатында ғарыштық мониторинг құрылған екен. Бұл белгілерді облыстық департаменттің шұғыл кезекшісі жіберіп отырады. Ал бөлімдер компьютер мониторынан қай жерде өрт шықты – соны дәл біліп, өрт ошағының аумағын қапысыз мөлшерлей алады. Алынған мағлұматтар өрт болып жатқан аумақтағы ауылдық округке жолданады да, қатерлі жағдай туындаған кезде арнаулы қызметтер тегіс күш біріктіріп, әлгі өртті сөндіруге жұмылдырылады. Сондай-ақ «Казавиалесоохрана» басқармасы күнделікті АН-2 ұшағын жіберіп, өрт қаупі жағдайын анықтап отырады. Мысалы Күршім ауданының аумағы қазіргі кезде 5-деңгейдегі қауіптілік жағдайында. Бұдан әрі жоғары қауіптілік жағдайы белгіленеді. Осыдан-ақ, өңіріміздегі бүгінгі таңдағы өрт қаупі ахуалының мөшерін бағамдауға болады.
– Біздің адамдарымыз орман шаруашылығының қызметкерлерімен бірге жиі-жиі рейдтерге шығып, демалушылармен, жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, – дейді бөлім бастығы. – Мәселен, ауыл тұрғындары үй маңын тазалап шыққан соң жиналған қоқысты өртеп жібергенді жөн көреді. Бұл – түбірімен қате тәсіл. Өртеліп, қараусыз қалдырылған қоқыстың өртке себепкер болатын кездері жиі кездеседі. Ал әкімшілік кодекстің 336 бабы бойынша мұндай келеңсіздікке жол берген адамдарға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатыны нақтылап атап тұрып көрсетілген. Ендеше, тазалықтың өзін заң аясынан шықпай, мұқият жүргізуге үйренген абзал болмақ.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы