Қоғам

Өрттен зардап шеккен әр отбасына миллион теңгеден бөледі

Еліміздің аса ірі кен-металлургия компанияларының бірі алапат өрттен баспанасыз қалғандарды көмексіз қалдырмайды.

10 мамыр күні Риддерде алапат орман өрті болды. Алдын ала деректерге қарағанда өртенген алаң 300 гектарды құрайды. 40-қа тарта үй өртенді. Өкінішке қарай, қарт әйел қаза тауып, екі адамды күйік шалды.

–Риддер – компания үшін ерекше қала, біздің кеніштеріміздің көбі осы өңірде, сондай-ақ онда ірі машина жасау металлургия өндірістері орналасқан, – деді  «Казцинктің» әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев. – Риддерде орын алған төтенше жағдай – бүкіл «Казцинк» ұжымы үшін де үлкен қасірет десем, артық айтпаған болар едім. Біз мұндай жағдайда ешқашан қол қусырып қарап отыра алмаймыз және зардап шеккендерге, ойламаған жерде үйсіз-күйсіз қалғандарға барынша көмектескенді жөн көрдік.

«Казцинк» қала негізін салушы кәсіпорын ретінде баспанасыз қалған әр отбасына миллион теңгеден материалдық көмек көрсетуге шешім қабылдады. Қаражат жуық арада, Риддер әкімдігі зардап шеккендердің ақырғы тізімін жасап, олардың құжаттарын қайтадан қалпына келтіргеннен кейін-ақ корпоративтік қайырымдылық қорына аударылатын болады.

«Казцинк» «Лесхоз»тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіргеннен кейін зардап шеккендерді өз профилакторийіне жайластырып, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етті. Ол адамдар тамыздың ортасына дейін, яғни, атқарушы билік органдары «Ботаника» ауданында жаңадан жекеменшік үйлер тұрғызғанға дейін сонда тұратын болады.

Компанияда кеншілер қаласының зардап шеккен тұрғындарына өз ниетімен қол ұшын бергісі келгендерден киім-кешек жинау басталып та кетті.

Өрт кезінде қаза болған Галина Спивакова – «Казцинк» қызметкерінің анасы. Компания жерлеу және туыстарына көмек шығындарын өз міндетіне алды. Мыңдаған казцинктік Галина Филаретовнаның туыстарына қайғыра көңіл айтуда.

 

Анна Иванова

Осы айдарда

Back to top button