Қоғам

Өрт сөндірушілердің бес қаруы сай

Ұлан және Көкпекті аудандарындағы 120 гектарға жуық жерді шарпыған тілсіз жаумен күрескен өрт сөндірушілер азық-түлік пен өзге керек-жарақтан таршылық көрген жоқ. Бұл туралы арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Дмитрий Титов пен табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаев мәлім етті.

Журналистермен кездесу барысында мамандар өрт сөндірушілер азық-түліксіз қалды деген ақпараттың жалған екенін айтып, ведомствоішілік бұйрықтарға сәйкес, жеке құрамның үш тәулікке жететін азық-түлікпен және басқа да қажетті заттармен міндетті түрде қамтылатынын хабарлады. Ал осы үш күн өткеннен кейін өрт сөндірушілерді тамақтандыру және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жағы жергілікті атқарушы билік органдарына тапсырылады екен.

– Ұлан ауданындағы орман өртін сөндіруге қатысқан жеке құрам міндетті түрде іссапар шығыстарын төлеу туралы бұйрыққа енгізіледі. Сондықтан да өрт сөндірушілердің азық-түлігі таусылып қалды деп жар салу әсте дұрыс емес деп ойлаймын. Ал жеке құрамның жалақысына келетін болсақ, соңғы екі жылда ең төменгі жалақы 63 мыңнан 130 мың теңгеге дейін өсті. Қазір 20 жылдан асатын еңбек өтілі бар өрт сөндіру көлігі жүргізушінің жалақысы шамамен 200 мың теңгені құрайды, – деп атап өтті Дмитрий Титов.

Баспасөз мәслихатына қатысқан облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаев болса, өрт негізінен адамдардың бейқамдығы мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы, сондай-ақ найзағай түсуі мен құрғақшылық кесірінен болатынын айтты.

– Жыл басынан бері облыс ормандарының аумағында 13 өрт оқиғасы тіркелді. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, өткен бір жылдың ішінде өрт сөндірушілер 36 орман өртін ауыздықтаған екен. Сондай-ақ тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру мақсатында арнайы үнпарақтар таратылып, оқушылармен және студенттермен кездесулер ұйымдастырылып тұрады, – деді Арман Есентаев.

Дмитрий Титов Ұлан және Көкпекті аудандарындағы өртті сөндіру жұмыстары туралы айтып өтті. Белгілі болғандай, 30 сәуірде Құлынжон табиғи қорығының аумағында құрғақ шөп пен бұталар өртеніп, қатты жел салдарынан жалын көршілес учаскелерге тез тараған. Өртті ауыздықтауға ТЖД, жергілікті атқарушы билік органдары мен орман шаруашылығының күштері жұмылдырылды.

«Өртті сөндіруге жергілікті жердің географиялық ерекшеліктері, яғни аумақтың құмды болуы әрі өзен-көлдердің шалғайлығы біраз кедергі келтірді. 120 гектар аумақты шарпыған өрт 2 мамыр күні кешкі сағат 19.00-де ғана толықтай сөндірілді», – дейді мамандар.

Сол сияқты, Асубұлақ орман шаруашылығы аумағында 50 гектардай жерді шарпыған тілсіз жаумен күреске барлығы 212 адам мен 32 техника жұмылдырылғанын айту керек. Сол сияқты, өрт сөндірушілерге Өскеменнен жеткен суағарлары бар екі тікұшақ көмектескен. Қазіргі уақытта өрт ауыздықталып, апат орны бақылауға алынған. Жақын жердегі елді мекендерге төнген қауіп жоқ.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button