Өрт сөндірушілерден үйренері көп

Өскемендік жастар мен еріктілер Риддер қаласындағы алапат өртті сөндіруге атсалысқан төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен кездесті. Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен аталмыш іс-шараның жастарға берері мол екені анық. Мұны ұйымдастырушылар да, қонақтар да айтты.
Орталықтың ұйымдастыру жұмыстары және жастар бастамаларын қолдау секторының жетекшісі Данияр Жүнісовтің айтуынша, кездесудің негізгі мақсаты жастардың бойында патриоттық сезімді ояту болды.
– Біз жастарды батылдыққа баулуымыз керек, себебі жастар – біздің болашағымыз. Бүгінгідей ерекше кездесуден кейін осы бір салаға бет бұрғысы келетін жастар қатары көбейіп жатса, таңғалмаңыз. Жалпы, алдағы уақытта осындай тәрбиелік және танымдық маңызы зор іс-шараларды жиірек ұйымдастыруды жоспарлаудамыз, – дейді Данияр Жүнісов.
Кездесуге қонақ болып келген өрт сөндірушілер жастарға балалық шағындағы арман-мақсаттары, қызметтерінің қызығы мен шыжығы және Риддердегі өртпен күрес қалай өрбігені туралы айтып берді.
Мәселен, №7 өрт сөндіру бөлімінің командирі Самат Сатиев балалық шағында әскери адам болуды армандаған екен.
– Қателеспесем, 7-сыныпта оқып жүргенімде ауылда шөп өртенді. Сол кезде отпен арпалысқан өрт сөндірушілердің жұмысына тәнті болдым. Содан бастап бұл мамандыққа қызығушылығым оянды, – дейді Самат Сатиев.
Келер жылы Самат Сатиевтің осы салада қызмет еткеніне 10 жыл толады. Маманның айтуынша, осы уақытқа дейін оның қызметінде Риддердегідей алапат орман өрті болмаған екен.
– Отқа оранған үйлерді көргенде не істерімізді білмей абдырап қалдық. Көшенің бойы қираған үйлер. Дегенмен, уақыт жоғалтуға еш болмайды, бірден өртті сөндіруге кірісіп кеттік, себебі қызыл жалын өрши түскен еді. Содан не керек, күн демей, түн демей, өртті жабылып жүріп өшірдік. Біреулер бізді батыр дейді. Ал мен өзімді батыр деп сезінбеймін, өйткені мен бар болғаны өз жұмысымды атқардым, – дейді Самат Сатиев.
Риддердегі жалынды ауыздықтау барысында табандылық танытқан тағы бір маман – Ерік Берікұлы да өртті сөндіру оңай болмағанын айтты.
– Бұл жұмысқа келгенде қатты қобалжығаным рас. Жауапкершілігі мол жұмыс қой. Ал Риддердегі өртті сөндіру оңайға соқпады. Десе де, тәжірибенің арқасында бұл өртті де сөндірдік. Қызыл жалынмен арпалысып жатып адамдарды құтқарған сәтте бойыңызды ерекше бір батылдық сезімі билейтіні рас, – дейді Ерік Берікұлы.
Әңгіме барысында өрт сөндірушілер жастарға апаттың алдын алу жөнінде кеңес беріп, қоршаған ортаны аялауға шақырды.
– Бірінші кезекте, өрт қауіпсіздігін сақтау қажет. Табиғат аясына шығып, от жағып, демалыс ұйымдастырған жағдайда қасыңызда кемінде 5-10 литр су болуы керек. Сонымен қатар қатты желде от жағуға болмайды. Риддердегі өрттің алдын алуға болар еді. Өрт шыққан аумақтың айналасын қазып, су дайындау керек болды. Бірақ мұның бәрі – адами фактор. Сонымен бірге, ауа райы қолайсыздығы да әсер етпей қоймады, – дейді өрт сөндірушілер.
Кездесу соңында жастар ресурстық орталығының өкілдері өрт сөндірушілерге алғыс хаттарын табыс етті.
– Осындай ерекше танымдық іс-шара ұйымдастырғаны үшін жастар ресурстық орталығына алғыс айтқым келеді. Бүгін көптеген пайдалы кеңес алдық. Жалпы, біз, жастар, осындай батыл да батыр азаматтардан үлгі алуымыз керек, – дейді Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктісі Александр Гришенков.
Сәрсен Қабылым