ҚоғамТәуелсіздік - 30

Өркениетті елдерде бәрі басқаша

Шетелді теледидардан немесе смартфоннан ғана көріп жүрген жастарға ол жақтағы тұрмыс-тіршілік өте қызық. Содан ба екен кім білсін, шетелге білім алуға кеткен достарымыз болса бірден сұрақтың астына аламыз. Алайда мұхит асып, білім алу екінің біріне беріле бермейтін мүмкіндік.

Ол үшін алдымен білім деңгейің жоғары болуы шарт. Түрлі тесттен өтіп, шет тілін қаншалықты жақсы меңгергенің тексеріледі. Солай емес пе? Бірақ шет тіліне жеке мұғалім жалдау үшін де аз қаражат кетпейді. Ал мектептегі екі-үш сағаттық оқу ағылшынша сайрап кетуге септігін тигізеді деу қиын. Осыдан кейін қаншама жас амалдың жоқтығынан ел-жер көріп, тәжірибе жинаудан тыс қалып жатады. Алдына асқақ арман, биік мақсат қойғандар ғана жер-жаһанды аралап, таным көкжиегі кеңейіп, елге мүлдем басқа адам болып оралады. Өйткені өркениетті елдердегі игіліктерді, ол жақтағы тұрмыс пен жағдайды көзімен көрген талапшыл жас кіндік жұртына оралған соң дәл сондай мүмкіндіктер бізде де болса екен деген құлшыныспен еңбек етеді. Алға ұмтылады. Бүгінде жауапты мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстап, жас та болса, бас болып жүрген біздің кейіпкеріміз де шетелден білім алып келген мақсаты биік жастың бірі. Ендеше таныс болыңыздар.

Жігер Байділдин 1989 жылы 23 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында туған. Дарынды балаларға арналған көпсалалы мектеп-гимназиясында білім алып, 2011 жылы Қаржы полициясы академиясын «Құқық қорғау» мамандығы бойынша тәмамдайды. 2013 жылы аталмыш оқу орнының магистратурасын үздік дипломмен аяқтап, магистр дәрежесін алып шығады. Елбасының «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алады.

Ойыңызға бірден «қай елде оқыды екен?» деген сұрақ келген болар? Жігер Ұлыбританияның астанасы Лондонда мемлекеттік басқару және менеджмент мамандығы бойынша University College London жоғары оқу орнында оқыған. Жай ғана оқыған жоқ, университетті үздік бітірді.

Жігердің айтуынша, Ұлыбританияның білім беру жүйесі біздің елден ерекшеленеді. Ол жақта студенттерге өзіндік тапсырмалар көп беріледі екен. Яғни Self study, өз бетіңмен білім алуға бағытталған.

  • Оқу барысында пәндерді таңдауға келгенде қиындық болды, өйткені біздің кезде пәндерді таңдау мүмкіндігі болған жоқ. Бұл мен үшін жаңалық еді. Бос уақытым бола қалса, кітапханада өткізуге дағдыландым, сондай-ақ пікірімді ашық білдіруге, көзқарасымды қорғауға және басқаларды тыңдауға үйрендім. Білім, ғылымға деген ерекше құштарлық пайда болды. Ең бастысы бәріне аналиталық талдау жасай бастадым, – дейді Жігер.

Лондондағы алғашқы университтердің бірі болған University College London 1826 жылы ашылған. Бүгінге дейін сан мың студентті білім нәрімен сусындатқан университеттен Нобель сыйлығының лауреаты атанған мықты-мықты түлектер көптеп түлеп ұшқан. Бұл оқу ордасы – студенттерді ділі мен дініне қарамай-ақ қабылдай бастаған Англиядағы алғашқы университеттердің бірі. Мұнда білім алу бәрінің арманы десек қателеспейміз. Өйткені қойылатын талап жоғары. «Болашақ» бағдарламасының талаптары да жылдан-жылға күшейіп келеді. Ондағы басты мақсат – лайықтыларды таңдау. Білім сапасын арттыру. Жыл сайын қатаңдатылып жатқан талаптарға қатысты кейіпкеріміз: – Енді «Болашақ» бойынша оқуға ұсынылған университеттер тізіміне ену үшін үміткер таңдаған ЖОО U.S. News Best Global University Ranking (Global Score) рейтингі бойынша кемінде 65 балл алуға тиіс және ARWU, THE, QS, U.S News, ЭЫДҰ-ның алғашқы елуіне енуі керек. Нәтижесінде, бұл тізімге 2020 жылы 121 университет енді, ал 2019 жылы олардың саны 537 болған. Талаптардың қатаңдауы алдымен жастардың ұшталуына септігін тигізіп жатыр, – дейді.

Алайда талап күшейтілгенімен бөлінетін стипендияның саны азайған жоқ. Жыл сайын елімізде мыңдаған студент мұхит асуда. Бұл азат елдің жастарына деген таптырмас мүмкіндік. Талпыныс пен білімнің арқасында осы мүмкіндікке ие болғандар өзге елде білімін толықтырады. Ал қорқыныш пен жалқаулықтың тұтқыны болғандарға Лондон мен Парижде білім алу тәтті түс ғана болып қалатыны анық. Қорқыныш? Иә, өзге елде қалай оқимын, ол жақта ешкімім жоқ деген ойлар әркімді де мазалайды. Бұған Жігердің өз айтары бар.

  • Ұлыбританияда сені өзге елден келдің деп ешкім шеттетпейді, оқытушылар бәріне тең қарайды, үлгеріміне қарай бағалайды. Сондай-ақ сен алыстан келдің ғой деп еркелетпейді де. Яғни барлығы өзіңіздің қолыңызда. «Сабағыңды оқы, үлгермей жатырсың, ертең оқудан шығып қаласың» деп те ешкім қорқытпайды. Студент өзі талаптануы керек деген қағида бар және ең бастысы шетелде білім алғыңыз келсе ағылшын тілін мықтап меңгеруіңіз керек. Оқу барысында, пікірталаста, өз ойыңды жеткізерде тіпті жай ғана өмір сүру үшін де ол жақта тіл білу өте маңызды, – дейді ол.

Иә, Жігердің сөзіне сенсек, өзіңізге неғұрлым талапшыл болсаңыз соғұрлым пайдасын да көресіз. Бірақ бұдан да маңызды аспекті бар. Ол – мамандықты, қаланы, университетті дұрыс таңдау. Өйткені осы мемлекетке барғым келеді немесе осы университетті көргім келеді деп емес, алдымен өзіңізге сүйікті мамандықты таңдап алу керек. Одан кейін таңдаған мамандығыңызға қарай университет жайлы, оның тарихына, оқытушылар құрамына қарай ойыссаңыз болады.

Жігер Ұлыбританиядан «MPA in Public Administration and Management», яғни мемлекеттік басқару және менеджмент магистрі деген дәрежені иеленіп қайтты. Қолына дипломын алған сәттен бастап, жемісті қызмет атқарып келеді. Қазір ол – Шығыс Қазақстан облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары. Бұл қызметке 2019 жылы кіріскен. Кіріскен бойда Фэйсбуктегі парақшасында мынадай жазба қалдырыпты: «Бүгінгі күннен бастап мен Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары ретінде жұмысқа кірістім. Фейсбук хабарласу мен қатынас үлгісінің мүмкіншілігі зор құралы. Маған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметін жақсарту жөніндегі ұсыныстарыңызды білу өте пайдалы болар еді. Мен өзіме жүктелген жауапкершілікті білемін және жаңа лауазымда білімім мен тәжірибемді жұмсауға күш-жігерімді саламын».

Иә, екі жылдан бері департаментте нәтижелі қызмет етіп келе жатқан Жігер әріптестерінің арасында абырой-беделге ие. Еліміздегі ең өзекті проблемалардың біріне саналған жемқорлықпен күресте Жігер ешқашан аянып қалған емес. Ол үшін тек білімді болу жеткіліксіз дейді ол.

– Жұмыс кіріскен алғашқы күндерде мен өзім үшін маңызды қорытынды жасадым: жақсы білім алу жеткіліксіз, білімді іс жүзінде қолдана білу керек және үнемі жетілдіріліп отыру керек. Менің ойымша, бұл маған жұмыста көмектесетін негізгі ереже. Сонымен қатар мен шетелде оқу барысында үйренген негізгі дағдылардың бірі – талдау жасай білу, шешім қабылдау дағдылары, басқару және нәтижеге қол жеткізуге деген ұмтылыс. Егер талаптанып адал жұмыс істесеңіз бәрі де болады, – дейді Жігер.

Өзге елде жүріп білім алумен ғана шектелмей, бәсекеге қабілетті болуды, талдау жасауды, басқаруды үйренген Жігер үш тілде еркін сөйлейді. Оның пікірінше, жемқорлық – елдің дамуын тежеп тұрған басты проблема. Себебі жемқорлық бар жерде елдің дамуы көлеңкеде қалып қоятыны анық. Осыны қаперінде мықтап ұстаған «Болашақ» түлегінің бір ғана арман-мақсаты бар, ол – елінің болашағын жарқын етуге өз үлесін қосу. Жастығына қарамай жауапты қызметті атқарып жүрген замандасымызға біз де сәттілік тіледік.

Балауса Мэлсқызы

Осы айдарда

Back to top button