Қоғам

Өрелі істер өңірді өркендетуге бағытталған

Елордадағы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Даниал Ахметов брифинг өткізді. Брифингте аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылып жатқан шаруалар туралы баяндап, отандық «24 kz» телеарнасы арқылы тікелей эфирде еліміздің жетекші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен интернет пайдаланушылардың сұрақтарына екі сағат көлемінде толыққанды жауап берді.

Аймақ басшысы өз баяндамасын Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында облыстағы әлеуметтік-экономикалық жобалардың қалай орындалып жатқанынан бастады. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша негізгі көрсеткіштердің артқаны байқалады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, басқа да барлық салаларында өсім бар. Нәтижесінде бюджетке түскен қаржы 1,6 есе ұлғайған. Соңғы екі жылда жұмыссыздық деңгейі 4,8% проценттен асқан жоқ. Орташа жалақы 125 пайызға өсіп, 268 мың теңгеге жетті.

– Биыл – еліміз және барша қазақстандықтар үшін ерекше жыл. Жақында Шығыс Қазақстан бүкіл елмен бірге тарихи референдумға қатысты. Таңдау құқығы бар облыс тұрғындарының 77 пайыздан астамы Конституцияға енген өзгерістер үшін дауыс берді. Халық таңдауы қоғам дамуының жаңа кезеңі – жаңа Қазақстанның басталуын белгіледі. Ел өмірін жақсартуға арналған конституциялық реформа іске қосылды. Жаңа міндеттер аясында біз барлық саланы жаңғыртып, мемлекет пен қоғам қарым-қатынасын трансформациялауды жалғастырамыз, – деп бастады өз баяндамасын облыс әкімі Даниал Ахметов.

Облысты бөлу үрдісі жүйелі жүріп жатыр

Жылдың тағы бір маңызды оқиғасы – Шығыс Қазақстаннан бөлу арқылы Абай облысының құрылуы. Аймақ басшысы жаңа облысқа енген қалалар мен аудандарды әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша жүргізілген жұмыстар туралы баяндады.

Мәселен, соңғы 7 жылда Абай өңіріне 2 триллион теңге қаржы салынған, бұл – Шығыс Қазақстан бойынша жалпы инвестицияның 53 проценті. Ауқымды жобалар іске асты. Олар – қуаты жылына 50 миллион тонна мыс кені болатын Ақтоғай байыту комбинатының екінші кезегі, инвестиция көлемі 760 миллиард теңге, жылына 2 миллион тонна алтын кенін өндіретін Бақыршық байыту кәсіпорны, инвестициясы 134 миллиард теңге және қуаты 300 мың тонна Семейдегі өсімдік майын өндіру зауыты, инвестиция көлемі – 8 миллиард теңге.

Осы кезеңде Абай өңірі бойынша өндіріс көлемі 5 есе (184 миллиард теңгеден 898 миллиард теңгеге), ауыл шаруашылығы 2,4 есе (179 миллиард теңгеден 428 миллиард теңгеге) артты. Шығыс Қазақстанның жалпы өңірлік өнім көлеміндегі Абай облысының үлесі 36 пайызды құрап, 1,9 триллионға жетті. Бұл 2015 жылғы деңгейден (844,6 миллиард) 2,3 есеге көп немесе 1,1 триллион теңгені құрайды. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім – 2,9 миллион теңге.

Сонымен қатар облыс әкімі бюджеттік инвестицияның айтарлықтай өскенін айтты. 2015 жылдан 2022 жылға дейін облысқа республикалық бюджеттен 390 миллиард теңге даму трансферті алынды, оның ішінде Абай өңіріне 200 миллиард теңге немесе жалпы көлемнің 51 пайызы жұмсалды. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен қосымша 154 миллиард теңге бөлінді. Барлығы 354 миллиард теңге бюджеттік инвестиция салынды.

Үй құрылысы дамып келеді. 7 жылда 1,3 млн. шаршы метр үй немесе жалпы облыстық көлемнің 43 пайызы пайдалануға берілді. Сумен қамту бойынша 2015 жылдан Абай өңірінде 40 миллиард теңгеге 156 нысан пайдалануға берілді, бұл ауылдарды орталықтандырылған сумен жабдықтауды 2 есеге, 42,7%-дан 88,7%-ға ұлғайтты. Облыстық және аудандық маңызы бар 865 шақырым жол (19,6 миллиард теңге), сондай-ақ Семей қаласының 223 км көшесі (17,9 миллиард теңге) жөнделді. 2018 жылы Семей әуежайы қайта жаңартылды (10,7 миллиард теңге).

Өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымы жоспарлы дамуда. 2015 жылдан Абай өңірінде 20 мектеп (8,2 мың орын), 4 балабақша (880 орын), 3 студенттік жатақхана (692 орын) салынды, 17 мәдениет және спорт нысаны іске қосылды, 4 денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту жобасы жүзеге асты. Бұдан басқа, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 17 миллиард теңгеге 79 жоба шартына қол қойылды, оның 68-і (7,5 миллиард теңге) аяқталды, 11-і (9,5 миллиард теңге) іске асуда.

Еуропалық банк қаражаты есебінен 13 миллиард теңгеге 4 жоба іске асуда, оның ішінде сумен жабдықтау жүйесін (2,6 миллиард теңге), Семейдің, аудан орталықтарының көшелерін шамдарын жаңғырту (3,6 миллиард теңгеге 22 мың шамды ауыстыру) көзделіп отыр.

Үржар ауданындағы Алакөл жағасының туристік инфрақұрылымын дамытуға барлығы 17 миллиард теңге жұмсалды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, Семейдің 2020 жылдан 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының 260 миллиард теңгелік кешенді жоспары жүзеге асуда. Соңғы екі жылда қалаға 107 миллиард теңге немесе жоспарланған көлемнің 41%-ы салынды. Елдегі алғашқы радионуклеидті терапия бөлімшесі бар Ядролық медицина орталығы, мәдени-спорт кешені салынды. Қала тұрғындары отыз жыл күткен автокөпірді, «Орталық» және «Ғаббасов» қазандықтарын жаңарту басталды, Семей айналма жолының құрылысы бойынша құжат дайындалды, – деді облыс әкімі.

Тамызда коммуналдық меншікті беру, бюджетті бөлу рәсімдері және Абай облысын құру бойынша басқа да ұйымдастыру мәселелері толық аяқталады. Жаңа облыстың берік экономикалық базасы, бәсекеге қабілетті білікті кадрлары бар.

Өндіріс көлемі 10 пайызға ұлғаймақ

Облыс бойынша бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындыларын айтсақ, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері тұрақты өсуде. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107%-ды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 108, ауыл шаруашылығы өнімі 103, инвестиция 112, құрылыс жұмыстары 110 пайызға өсті. Осының бәрі бюджетке түсімді 1,6 есе арттыруға мүмкіндік берді. Еңбек нарығы дамуда. Соңғы екі жылда жұмыссыздық деңгейі 4,8% проценттен асқан жоқ, елде – 4,9%. Орташа айлық жалақы 268 мың теңгені құрап, 125%-ға өсті.

– Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сүйеніп, қолда бар әлеуетті пайдалана отырып, нақты сектордың бәсекелестік артықшылықтарын күшейту бағытында жұмыс істейміз, – деді облыс әкімі. – Айталық, индустрия секторында экспортқа бағдарланған өндірісті құру үшін Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде 2025 жылға дейін инвестициялар көлемі 481 миллиард теңге болатын 14 жобаны, оның ішінде биыл 62 миллиард теңгеге 3 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жыл сайын өндіріс қарқынын 10%-ға арттыруға, өнеркәсіптік әлеуетті дамытуға мүмкіндік береді.

Өндіріске енген жобалар ішінде өнімділігі жылына 200 тонна болатын (инвестиция көлемі – 28,4 миллиард теңге) атом стансаларына арналған жылу бөлгіш құрамалар өндіру зауыты бар, ол осы жылдан бастап өнімін Қытайға экспорттай бастайды. Инновациялық кәсіпорын Қазақстанға атом станциялары үшін ядролық отын өндіруші мемлекеттердің шектеулі шеңберіне кіруге мүмкіндік береді. Жоба облыс экспортының көлемін 2024 жылға қарай жылына 149,5 миллиард теңгеге ұлғайтады. «Казцинк» қуаты 750 мың тонна кенді құрайтын Долинный-Обручевский кенішінің өнімділігін арттыру жобасын іске асыруда. Кен орнынан алынған қорғасын, мырыш, мыс концентраттары Казцинк кәсіпорнында өңделетін болады. «Родниковое» кен орнын игеретін Eastern Gold алтын өндіру фабрикасын салу жобасы алтын өндірісін жылына 150 келіге дейін ұлғайтады. Титан-магний комбинатын шикізатпен қамту мақсатында биыл Сәтбаев кен орнындағы екінші байыту фабрикасы (инвестиция көлемі – 6,5 миллиард теңге) пайдалануға беріледі, бұл өндірілетін кеннен ильменит концентратын алуды 20%-ға, оны өндіру көлемін 2 есе арттыруға, импортты қысқартуға мүмкіндік береді. Қабылданған жоспарларды орындау биыл өндіріс қарқынын 10%-ға арттырады.

– Жыл басынан барлық мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 4,4 миллиард теңгеге шағын және орта бизнестің 98 жобасы субсидияланды және кепілдендірілді, бұл негізгі капиталға инвестициялар көлемінің 107,2%-ға (174,7 миллиард теңге) және ШОБ-тан бюджетке төленетін төлемдердің 116,6%-ға (54 миллиард теңге) өсуіне ықпал етті, – деді аймақ басшысы.

Күнбағыс майының 66 пайызын өндіреміз

Облыста өсімдік шаруашылығын дамыту бағдарламасы іске асуда, тиімділігі жоғары дақылдардың алқаптарын ұлғайтып, егістікті әртараптандыру жүруде.

– Шығыс Қазақстан елдегі күнбағыстың 66%-ын өндіреді, міндет – оны қайта өңдеу көлемін ұлғайту. Жыл басынан қуаты 300 мың тонна «Altyn Shyghys» ЖШС-нің май экстракциялық зауыты пайдалануға берілді, Өскеменде жылына 50 мың тонна май шығара алатын «Altai Mai» ЖШС-нің зауыты салынуда. Осылайша, жаңа зауыттардың іске қосылуы жұмыс істеп тұрған өндірістерді ескере отырып, қайта өңдеу көлемін 1 миллион тоннаға дейін, өсімдік майының экспортын 1,3 есе ұлғайтады, – деді облыс әкімі.

Мал шаруашылығы да дамуда. Өткен жылы ірі қара мал саны 106%-ға, ұсақ мал 106,2%-ға, жылқы 112,5%-ға, құс 110,5%-ға өсті. Ет өндіру 103,2%-ға, сүт өндіру 104,8%-ға өсті.

Жыл соңына дейін сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 96%-ға артады. Сүт өнімдерін шығаратын «Эмиль» компаниясы тауарлар көлемін жылына 45-тен 90 мың тоннаға кеңейтуде. Өскемен құс фабрикасы жаңартуды аяқтап, құс етін шығаруды 2 есеге немесе жылына 55 мың тоннаға ұлғайтпақшы. Қуаты жылына 1,5 мың тонна балық өнімдері болатын акваферма пайдалануға берілді.

Аймақ басшысының айтуынша, азық-түлік бағасын тежеу бойынша жүйелі жұмыстар жүруде. Мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, көтерме сатушылар, сауда өкілдері үстемені 7-10%-дан асырмау туралы меморандумдар жасасты. Облыстың тұрақтандыру қорына 500 миллион теңгеге 6 мың тонна көкөніс және 455 миллион теңгеге 2 мың тонна бакалея өнімі сатылып алынды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты өтеді. Жыл басынан 3,2 миллиард теңге тауар айналымымен 611 жәрмеңке ұйымдастырылды.

Осы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 42 тірек және спутниктік ауылда 5,2 миллиард теңгеге 67 жоба іске асуда. Оның ішінде 6 ауылда спорттық нысан, 2 клуб, 1 дәрігерлік амбулатория және 2 көпір салынып жатыр. Бұл тірек ауылдардың қамтылу деңгейін 66,7%-ға көтереді (2020 жылы – 60,4%).

Шекаралық аудандар шет қалмайды

Қытаймен шекаралас, облыс орталығынан орташа алғанда 400 шақырым қашықта орналасқан өңірлердегі тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған кешенді жоспарлар қабылданды.

Орталық және шет аумақтар арасындағы ахуалды теңестіруге 2020 жылдан 2024 жылға дейін 183 миллиард теңге бағыттау жоспарланған, оның ішінде 2021 жылы 43 миллиард теңге жұмсалды. Биыл облыстардың бөлінуін ескере отырып, 44 миллиард теңгеге іс-шаралар іске асады.

Бұрынғы аудан орталықтарын дамыту бағдарламасы бойынша 2021-2024 жылдар аралығында әлеуметтік-экономикалық жағдайдың сапалы өзгеруіне 43 миллиард теңге қаралған. Оның ішінде 2021 жылы жобаларды іске асыруға 14 миллиард теңге жұмсалды, биылға 8 миллиард теңге бөлінді.

– Шекара маңындағы аумақтар мен бұрынғы аудан орталықтарын дамыту жоспарларын іске асырудың екі жылдық нәтижесінде 15 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, 9 спорт нысаны, көппәтерлі 3, қоспәтерлі 102  үй (18,8 мың шаршы метр) салынды, 283,5 километр су жүйесі тартылды, 156 әлеуметтік нысан, 450 километрден астам жол жөнделді. Биыл 7 су құбыры, 3 әлеуметтік нысан (мектеп, музей және отбасылық дәрігерлік амбулатория салынуда, 12 нысан мен 177,6 шақырым жол жөнделуде, – деді әкім.

Ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан салаға 5,4 миллиард теңге инвестиция тартылды, оның ішінде 1,5 миллиард теңгеге Катонқарағай ауданының Өрел ауылында 250 орындық «Мұзтау» экоотелі салынды. Сонымен қатар 12 миллиард теңгеге 36 жобаны (көлдер жағасында, Бұқтырма су қоймасында 12 демалыс базасы, қалаларда 10 туристік нысан) іске асыру басталды.

Медициналық көмектің сапасы артты

Облыста әлеуметтік саланы жаңғырту жалғасуда. Бірінші кезекте, бұл – денсаулық сақтау. Коронавирустың төмен деңгейіне қарамастан, вакцинациялау жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінде 18 жастан жоғары облыс халқының 100% егілді. Қайта вакцинациялауға жататындардың 83%-ы (370 мың адам) ревакцинациядан өтті.

Аймақ басшысының айтуынша, биыл денсаулық сақтауға 32 миллиард теңге көзделген. Әлемдік стандарттарға сай жабдықталған гематология орталығы салынуда. Өткен жылдан бастап көпсалалы онкология және хирургия орталығының базасында «Медициналық ақпаратты сақтау және өңдеу орталығы» – РАСЅ орталықтандырылған жүйесі ашылды.

Медицина кадрлары шетелдік клиникаларда оқуда. Бес жылда 6 мың медицина қызметкері, оның ішінде 341 дәрігер шетелде біліктілігін арттырды. Осы жылдың наурызынан бастап Израиль, Германия клиникаларында онкогематология, гематология, кардиология, гинекология бойынша 29 медицина қызметкерін оқыту басталды. Бұл мақсатқа 840 миллион теңге бөлінді.

Осының бәрі туберкулезден, қатерлі ісіктен, қан айналымы жүйесі ауруларынан сырқаттану мен өлім-жітімді төмендетті.

– Облыс бойынша жоғары технологиялық медициналық көмек бес жылда 5,2 есеге артты. 2017 жылы 218 миллион теңгеге 85 жоғары технологиялық медициналық көмек берілді, ал өткен жылы 1,9 миллиард теңгеге 440 осындай қызмет көрсетілді. Осы жылдың басынан 132% өсіммен 1,6 миллиард теңгеге 552 күрделі технологиялық жәрдем берілді, – деді аймақ басшысы.

Бүгінде медициналық ұйымдар жоғары технологиялық медициналық көмектің 27 түрін көрсетеді, жыл соңына дейін тиісті медициналық жабдықты сатып алғаннан кейін оның тағы 14 түрін енгізу жоспарлануда. Осы жылы бұл үшін 839 миллион теңгеге 6 жабдық алу көзделген.

16 мектептің құрылысы жоспарланған

Сапалы білім беру – жергілікті атқарушы органдар жұмысының басымдығы. Облыста үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі толық шешілген.

– Мемлекет басшысының «1000 мектеп салу» тапсырмасына сай, облыста 16 мектептің құрылысы жоспарланған, оның ішінде биыл 1370 оқушыға арналған 5 мектеп пайдалануға беріледі. Бұдан басқа, жаңа оқу жылына дейін 40 білім беру нысанын 1 миллиард теңгеге күрделі және ағымдағы жөндеу жоспарланған, материалдық-техникалық базаны нығайтуға 180 миллион теңге көзделген, – деді Даниал Ахметов.

Көптілді білім беруді дамыту бағдарламасы жалғасуда. Орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілін оқыту сапасын арттыруға назар аударылды. Осы мақсатта 400 қазақ тілі мұғалімі алты айлық курстан өтуде.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды қолдау маңызды. 21 мың оқушы тегін тамақпен, мектеп формасымен, қысқы аяқ киіммен, қоғамдық көлікте тегін жол жүрумен қамтылады, 2,4 мың бала бақшаларға тегін барады, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың 100%-ы жазғы демалыспен, сауықтырумен және жұмыспен қамтылған.

Дарынды балаларды қолдау үшін оқу жылының қорытындысы бойынша 441 баланы көтермелеуге 44 миллион теңге бағытталды. Сондай-ақ мектептер мен колледж оқушыларының үздік IT-стартаптары қаржыландырылады. Соңғы 3 жылда 39 жоба бойынша 35 миллион теңгеге гранттар төленді.

Жыл сайын колледждерде студенттерді тегін оқытуға мемлекеттік тапсырыс 10%-ға ұлғаяды, студенттердің тұруы үшін жағдайлар жасалады. Үш жылда 1520 орындық 5 жатақхана салынды, биыл Өскеменде тағы 2 жатақхана (488 орындық) пайдалануға беріледі.

Бұдан басқа, өңірлік жоғары оқу орындарына түсу үшін жергілікті бюджеттен гранттар саны 10%-ға ұлғайды.

Соңғы екі жылда 9 спорт нысаны іске қосылды, оның ішінде 7 денешынықтыру-сауықтыру кешені, 2 бассейн бар. Осы жылы 8 спорт нысанының құрылысы қарастырылған, оның ішінде жыл басында Өскеменде үстел теннисі орталығы іске қосылды.

Бұқтырма көпірінен өтетін күн алыс емес

Баспана мәселесі ерекше басымдыққа ие. Биыл қаржыландырудың барлық көздерінен 187 миллиард теңгеге жалпы ауданы 878 мың шаршы метр үйлер тұрғызылуда. Жалпы ауданы 548,5 мың шаршы метр 73 коммерциялық үй салынып жатыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы іске асуда.

2020 жылдан бастап көпбалалы аналар мен әлеуметтік осал топтар үшін жеке инвесторлардан облыс бюджеті есебінен 4,2 миллиард теңгеге 349 пәтер сатылып алынды.

– Халықты ауызсумен қамту туралы айтсақ, ағымдағы жылы облыста 23,1 миллиард теңгеге 31 жобаны іске асыру жоспарланған. Ауыл халқын орталықтандырылған сумен қамту биыл 93,2%-дан 95,4%-ға артады, ал жалпы облыс бойынша халықтың таза сумен қамтылуы – 98,3%, – деді облыс әкімі.

Өткен жылы қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 89%-ды құрады. Жыл соңына дейін 8,4 миллиард теңгеге көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша 71 жобаны іске асыру көзделген. Барлығы 278 шақырым жол жөнделуде. Жыл соңында қанағаттанарлық жолдардың үлесі 91%-ға жетеді. Осы жылы Өскемен әуежайын реконструкциялау да аяқталды.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай облыс халқының көпжылдық арманына айналған Бұқтырма көпірі салынуда, ағымдағы жылы оған 10,2 миллиард теңге бөлінді. Көпір арғы беттегі елдің тұрмысын жақсартуға сеп болмақ. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысының қай салада болмасын мүмкіндіктері орасан зор. Бәсекеге қабілеттілік, жаңашылдық, зеректік – Шығыстың әр тұрғынына тән қасиет. Бұл – елді дамытатын басты қажеттіліктер, – деп түйіндеді өз баяндамасын аймақ басшысы.

Мұнан соң облыс әкімі Даниал Ахметов брифингте журналистер тарапынан қойылған барлық сауалдарға нақты әрі толық жауап берді.

Ирина Якунина, «Астана» телеарнасының Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі:

– Даниал Кенжетайұлы, Өскемен қаласы әуежайының қайта құрылуын көпшілік ұзақ күтті, ұшу-қону жолағы жасалды. Өскемендіктерді тағы қандай жақсы жаңалықтар күтіп тұр. Әуежай ірі әуе кемелерін қабылдауға дайын ба?

– Әрине, біздің облыс орталығындағы әуежай енді үлкен ұшақтарды қабылдай алады, оның ішінде астанадан келіп қонатын Boeing 747 әуе кемесі де бар. Әуежайды қайта жаңғыртудағы негізгі мақсат – экономикалық тиімділікті барынша арттыру. Алда енді жүк терминалын, жүк қоймасын саламыз, себебі жүктерді тасымалдауға басымдық берілуде. Қорыта айтсақ, келешекте біздің әуежай астанамыз бен Алматыдағы әуежайдан еш кем болмайды. Келесі кезекте Зайсан қаласының әуежайын қайта жаңғырту жоспарлануда. Үржардағы әуежайды талапқа сай жаңғыртып, Абай облысына сыйға тарттық. Сонымен бірге, Катонқарағай ауылында әуежай салуды ойластырып жатырмыз.

Петр Кудрет, Informburo.kz:  

– Бұған дейін Семей қалалық мәслихаты депутаттарының және кәсіпкерлерінің тарапынан жұмысыңызды сынға алып, сізге қысым жасалғанын білеміз. Осыған қатысты не айтасыз? Екінші сауалым, Сіз 2017 жылы Семейді алдағы уақытта адам танымастай көркейтемін деген болатынсыз, уәдеңізді орындадыңыз ба?

– Біріншіден, барлық депутаттар емес, төрт депутат, ал қалғандары мені қолдады. Сонымен қатар Семей қалалық мәслихатының депутаттары төрт депутатты заң бұзушылығы үшін депутаттық мәртебесінен айырды. Сондықтан бұл мәселеде елді шатастырмауыңызды өтінемін. Ал кәсіпкерлерге келсек, Семейдің бір топ кәсіпкерлері жоба құнынан анағұрлым көп мөлшерде субсидия алғылары келді. Бірақ біз бизнесмендердің қалауымен ғана жүре бере алмаймыз ғой. Жоба құны 3,5 млрд. теңге болса да, олар 7,4 млрд. теңгенің субсидиясын талап етті. Біз мұндай заңсыздыққа жол бермедік. Оның үстіне, сот та біздің шешімімізді қолдады.

Екінші сұрағыңызға келсек, менің басты міндетім – өз тапсырмамды дұрыс орындау. Семейдің әлеуметтік базасының қалай кеңейгенін, көшелерді қаншалықты кеңейткенімізді, жылдар бойы шешілмеген инфрақұрылым мәселелерін шешкенімізді келіп көру керек. 30 жыл бойы адамдар жүк тасымалдайтын көпірдің жөнделуін күтті, бұл мәселені шештік. Семей әуежайын қайта жөндедік. Сумен қамтамасыз ету мәселесін шештік. 40 жыл бойы қордаланған мәселеге айналған кәріз дюкерін күрделі жөндеуден өткіздік. Су жаңа Қарағайлы тұрғын ауданын салдық, жолдар жөнделді, көптеген әлеуметтік нысандар салынды. Сол себепті Семейге келіп, өз елін, жерін жақсы көретін азамат ретінде атқарылған жұмыстарды көздеріңізбен көргендеріңіз дұрыс.

Әсел Өршібекова, Азаттық рухы:

– Менің сұрағым Зайсан ауданындағы табиғи газдың қорына қатысты. Тұрғындар бұған алаңдаулы. Әлеуметтік желідегі ақпараттарға сүйенсек, газ қоры таусылыпты, қалғаны Қытайға сатылады екен деген қауесет бар. Бұл қаншалықты рас?

– Рас, бұл мәселе бар. Халықаралық келісімшартқа 1995 жылдың ортасында қол қойылып, қазірде ол іс жүзінде толық орындалды. Бүгінде бұл кен орнында 328 миллион текше метр газ қалды. Менің жеке ұстанымым –  газды халық үшін сақтау. Біз бұл жүйені ұстап тұрамыз. Бүгінде 75 млн. текше метр газ экспорты тоқтатылды, қалған көлемі – 320 млн. текше метр газ шамамен 11 жылға жетуі тиіс. Сондай-ақ Зайсан ауданына жақын орналасқан елді мекендер де газдандыруды қажет етеді. Біз барлау жүргізуді күтеміз. Қазір онда мұнай бар, мұнай болса, газ да шығады. Халық үшін берілетін көлемді сақтай отырып, газдандыру жұмыстарын айтарлықтай кеңейтеміз.

Айнұр Коскина, Vesti.kg порталы тілшісі:

– Кәрім Мәсімовтің немере інісі Нұрлан Мәсімовтің Ресей мен Шығыс Қазақстан аумағы шекарасын кесіп өтуі кезінде ұсталғаны қаншалықты рас?

– Оның нақты қайда ұсталғаны туралы ақпарат жоқ. Ақпаратта бұл оқиғаның Ресей Федерациясының шығысындағы шекарасында орын алғаны, сол жақтан кесіп өтуі мүмкіндігі айтылады. Сол себепті мен ол ШҚО шекарасы арқылы кесіп өтті дегенді жоққа шығарамын. Оны орманшылар мен балықшылар ұстап алған жоқ қой. Ал құқық қорғау органдарының тиімді жұмыс істегені, алға қойылған тапсырманы ойдағыдай орындағаны күмән тудырмайды.

Артем Денгин, Nur.kz:

– Қазіргі уақытта «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Қалбатау – Майқапшағай» республикалық жолдарын жөндеу жұмыстары қалай атқарылуда? 

– Бүгінде «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» жолының Шығыс Қазақстан аумағындағы бөлігі 454 шақырымды құрайды. Негізгі жол төсемі төселді, енді абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, жекелеген элементтерді аяқтау қажет. Орасан зор жұмыс істелді. Тас жол бойында бұдан басқа 18 стандартты демалыс орны, стационарлық-гигиеналық тораптар орналастыру да қарастырылған.

Келесі жылы жолаушылар сапалы жолмен қатынайды деп сенемін. Ал «Қалбатау – Майқапшағай» республикалық жолына келсек, жұмыс барысындағы жобалық-сметалық құжаттама қайта қарастырылды, тиісті министрлікпен келісілуде. Осы жұмыстар аяқталған соң, жоспарға сәйкес келесі жылы аталған жол қолданысқа беріледі.

– Екінші сұрағым, Сіз басқарып келе жатқан жылдар ішінде облыста қанша спорттық нысан салынды? Алдағы жоспар қандай?

– Ең аз дегенде, отыздан астам. Биыл жеті нысанның құрылысын аяқтаймыз, келер жылы тағы сегіз ғимаратты іске қосымыз. Бұл жерде Семейдегі бес мың орынға арналған спорттық-мәдени кешеннің құрылысын атаған болар едім. Бұл қалада спортпен айналысам деушілерге барлық жағдай жасалған. Ал облыс орталығында халықаралық стандарттар талабына сай келетін, елімізде баламасы жоқ Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика манежі, Теннис орталығы, Жекпе-жек сарайы және басқа да спорт нысандары бар.

Ержан Әбіш, облыстық Didar газетінің тілшісі:

– Күршім ауданындағы әйгілі Марқакөл көлінің іргесіндегі Ұранхай және Жолнұсқау ауылдарында жаңа мектептер қашан салынады?

– Ұранхай ауылы – бұл біздің ұлтаралық қарым-қатынасымыздың көрінісі. Өйткені мұнда орыстар, қазақтар және басқа да ұлттар бір отбасы сияқты өмір сүріп жатыр. Мен осыдан төрт жыл бұрын сол жерде болдым және жергілікті халықпен кездестім. Бұл ауыл менің жүрегімде жарқын із қалдырды. Биыл мұнда 100 орындық мектептің құрылысы басталды және аяқталады. Осы бағыттағы туризмді дамытуға байланысты ауқымды жұмыс жоспары аясында жол мәселесі шешімін табады. Бұл ауыл тұрғындары үшін өте қуанышты жайт болмақ. Сондай-ақ Жолнұсқау ауылындағы 50 орындық мектеп мәселесі де шешімін табады, ол да биыл қолданысқа беріледі.

Жанар Асылханова,  inbusiness.kz:

– Алтай ауданына апаратын жолдағы Осинов асуының құрылысын кімдер және қашан аяқтайды?

– Айналма жолдың ұзындығы 32 шақырымды құрайды. Бүгінде оның 18 шақырымындағы жұмыстар аяқталды. Қалған 14 шақырым жолдағы  жұмысты аяқтап, көпірді салу жұмыстарын анықталатын жаңа компания іске асырады. Осинов асуы мәселесі мені әрдайым алаңдатады. Өкінішке қарай, белгілі бір себептермен компания өз міндеттемелерін орындамады. Сондықтан қазір жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда және қыркүйек айының ортасында ол аяқталады. Үшінші тоқсанның соңында министрлік тендер жариялайды және келесі жылы жұмыстар толық бітеді.

 Юлия Кискина, «КИА монитор» ақпараттық агенттігі:

– Өскемен қаласындағы үлкен резонанс тудырған қоғамдық көліктерді жаңалау мәселесі қалай шешілуде?

– Өскеменнің автобус паркі үш жыл ішінде толық жаңартылады. Биыл 50 автобус сатып алынды, жыл соңына дейін тағы 55 автобус жеткізіледі. Біз субсидиялау бағдарламасын енгіздік. Оның бюджеті бизнесмендер сұрағандай 3,7 млрд. емес, біз оған 1,4 млрд. шек қойдық, жаңарту үш жыл ішінде аяқталады. Сонымен қатар келесі жылы біз қаладағы трамвай шаруашылығына да айтарлықтай күш саламыз, электр көлігі басқаша жұмыс істейтін болады. Бірнеше жыл бұрын облыс орталығының трамвай паркіне Алматыдан 11 трамвай жеткізілген болатын. Бүгінде барлық трамвайлар жұмыс істеуде. Қалада осы транспорт түрі қалпына келтіріле бастады, өйткені Өскемен тұрғындарының үштен бірі электр көлігін пайдаланады.

Биыл Өскеменде электронды билеттеу жүйесін қалыпты іске қостық. Бұл жүйе бизнес саласының табысын жасырмай, ашық жұмыс істеуіне әрі осы жүйеде жұмыс істейтін кәсіпорындар кірістерінің едәуір артуына мүмкіндік жасады.

Назерке Сәлімбекқызы, Altaynews.kz ақпараттық порталы:

 – Шығыс Қазақстан кез келген саладағы мамандар даярлаудың ұстаханасы іспетті. Көптеген мамандарды, әсіресе дәрігерлерді шетелдерде, арнайы оқытып, үйретіп жатыр. Ертең сол мамандар Шығыс Қазақстаннан басқа аймаққа немесе шетелге кетсе, артылған сенім мен бөлінген қаражат ақталмай қалмай ма?

– Жоқ, бірде-бір маман ешқайда кетпейді. Себебі біз оларды шетелге оқытуға жібергенде олармен бес жылға арналған келісімшарт жасастық. Ал бес жыл Өскеменде жұмыс істеген маман одан кейін өзі де кеткісі келмей қалады. Осы орайда, жас мамандарды шетелге жіберіп, білімін шыңдап жатқан тек біздің облыс қана екенін атағым келеді. Облыста медицина саласын дамытуға соңғы бес жыл көлемінде қомақты қаржы бөлдік, заман талабына сай жаңа ауруханалар салып, заманауи медициналық құрал-жабдықтар алдық. Енді солармен жұмыс істейтін білімді жас мамандар қажет. Жас маман дегеніміз, ол – жаңа білім, жаңаша сапа, жаңа құзыреттілік.

 Бағдат Асылбек, Азаттық радиосы:

– Шығыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту қалай іске асырылуда?

– Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік секторды дамыту бойынша алға қойған міндеттерін орындай отырып, облыста өсімдік шаруашылығын дамыту бағдарламасы іске асырылуда, тиімділігі жоғары дақылдардың алқаптарын ұлғайта отырып, егістіктерді әртараптандыру жүргізілуде.

Елімізде өсірілетін күнбағыс көлемінің 66 пайызы облысқа тиесілі екенін ескерсек, басты міндет – оны қайта өңдеу көлемін ұлғайту.

Жоғары сапалы дайын өнім нарығына шығу үшін ағымдағы жылдың басынан бері облыста қуаты 300 мың тонна ірі май экстракциялық зауыты пайдалануға берілді, бұған қоса Өскемен қаласында қуаты 50 мың тонна күнбағыс майы зауыты салынуда.

Өскемен құс фабрикасы қайта жаңартуды аяқтап, құс етін шығару көлемін жылына 55 мың тоннаға дейін ұлғайтуда. Қуаттылығы жылына 1,5 мың тонна балық және балық өнімдерін құрайтын аквафермасы пайдалануға берілді.

Жәния Ұранқаева, Sputnik Қазақстан:

– Сіз бірнеше рет өзге облыстарды басқардыңыз. Шығыс Қазақстанды да бірнеше жылдан бері басқарып келесіз. Әкімдік қызметіңізді Президент тағы бір жылға ұзартты. Мені сіздің айына қанша жалақы алатындығыңыз қызықтырады. Облыс екіге бөлінген соң жалақыңыз азайып қалған жоқ па?

– Барлық әкімдерде базалық жалақы бірдей көлемде. Жалақының мөлшері еңбек өтіліне де байланысты. Менің жалпы еңбек өтілім – 48 жыл. Ал мемлекеттік қызметте жүргеніме – 33 жыл. Бұл жерде өзімнің өмірбаянымды айтып отырмаймын. Дегенмен, кейбір көптеген әріптестеріме қарағанда, бұл қызметке жоғары өндірістік базамен келдім. Менің жалақым екі миллион теңгеден асады.

Президенттің менің өкілеттігімді ұзарту туралы тапсырмасын абыроймен атқарамын. Менің өкілеттігімді ұзарту мәселесі – Мемлекет басшысының шешімі. Мен тапсырмаларды адал орындап, өзіме жүктелген міндеттерді абыроймен игеремін.

Брифинг барысында аймақ басшысына көптеген сауал қойылды. Тікелей эфирдің уақыты жетпегендіктен, олардың бәріне жазбаша түрде жауап қайтарылатын болды.

Ержан Әбіш,

Дәурен Аллабергенұлы,

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button