Өнімдерін арзан бағамен ұсынды

Облыс орталығындағы «Freshмarket» фермерлік дүкенінің алдында өткен кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде күршімдік шаруалар өз өнімдерін нарықтық бағадан он пайыз төмен бағада саудалады.
Әр сенбі сайын облыс орталығында дәстүрлі түрде өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін бұл жолы күршімдіктер ұйымдастырды. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне Күршім ауданының шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлері өздері өндірген ет, сүт, бал және көкөніс өнімдерін алып келіп саудалады. Сонымен қатар сенбі күні өткізілген жәрмеңкеге 12 ауылдық округтің әкімдері мен олардағы шаруа қожалықтары түгелдей дерлік келіп, қала жұртшылығына өз өнімдерін ұсынған.
– Бұған дейін біз жылына екі рет облыс орталығында және қыркүйек айында елордада бір рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастырып келген едік. Биылдан бастап жағдай өзгеше болмақ. Бағаны тұрақтандыруға байланысты облыс әкімі тапсырма берді. Осыған байланысты, енді біз Өскеменге жылына екі рет емес, өз кезегіміз айналып келген сайын демалыстарда келіп тұратын болдық, – дейді Күршім аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуанған Қарағызов.
Бұған дейін «Дос-Нар» сауда үйінің жанындағы алаңда да ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізіп келген күршімдіктер алдағы уақытта өз өнімдерін тек «FreshMarket» сауда үйінің алаңында ұйымдастыратын болып келіскен екен. Жыл басынан бері жәрмеңке ұйымдастырып үшінші рет келіп тұрған аудан өкілдері Абай облысы құрылып, ол жаққа бірқатар аудан, қалалардың кетуіне орай алдағы уақытта Өскеменге күршімдік өнімдердің жиі жеткізіліп тұратынына сенімді.
– Негізгі өнімдеріміз мал еті ғой. Дегенмен, Күршімнің брендінің бірі – балық өнімдерін де қатар алып келдік. Әзірге көкөністеріміз піспей жатыр. Алдағы апталарда ауданымыздағы көкөніс өсіретін шаруашылықтардың бірқатары өз өнімдерін жеткізетін болады. Жалпы, жыл сайын маусым айының онынан кейін көкөністер облыс орталығына жеткізіліп, мұндағы бағаны төмендетеміз. Сол кезде біздегі баға ең төменгі баға болып есептеледі, – деді Қуанған Қарағызов.
Бұған қоса, бағаны тұрақтандыру мақсатында соңғы жылдары қолға алынған тағы бір игі істің бірі – күршімдіктердің әр сенбі сайын осындай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өздерінде ұйымдастыруы. Жыл басынан бері аудан орталығында осындай 24 жәрмеңкенің ұйымдастырылғанын алға тартқан бөлім басшысы онда жалпы сомасы 55 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудаланғанын атап өтті.
– Тағы бір айта кетерлік жайт, соңғы уақытта ауданымызда өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне жалғыз жергілікті шаруалар ғана қатысып қоймай, сонымен қатар көрші орналасқан зайсандық кәсіпкерлер өздерінің тары-талқан өнімдерін әкелсе, катонқарағайлықтар өздерінде өндіретін бал, қымыз өнімдерін әкеліп саудалауды бастады. Кейбір кездері Алтай ауданының шаруалары да мал азықтандыратын жем-қоспаларын алып келіп қалады, – деді Қуанған Қарағызов.
Бір ғана Күршім ауылдық округінде үш жүзге тарта шаруашылықтың барын атаған ауылдық округ әкімінің орынбасары Жанболат Кәрімбаев бүгінде олардың тең жарымының мал шаруашылығымен, ал қалған бөлігінің аралас шаруашылыққа ден қойғанын айтты. Бұл жолғы жәрмеңкеге де бір адамдай қатысып, шаһар тұрғындарына табиғи таза өнімдерді жеткізген олар өз тауарларын әдеттегі нарықтық бағадан он пайыз төмен бағада саудалады.
Бұған дейін коронавирустық инфекцияға байланысты қойылған шектеулерге орай аудандар өздерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне мәдениет саласының қызметкерлерін алып келмеген болатын. Соңғы уақытта аталмыш шектеулердің біртіндеп алынып тасталуына байланысты бұл жолғы іс-шараға ауданның өнерпаздары да келіп, қала жұртшылығын ән мен күйге бөледі.
Айта кетсек, кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде күршімдік шаруалар үш тонна сиыр етін, 1,7 тоннаға таяу жылқы етін және екі тоннадан астам қой етін саудалап, 200 келі бал, 400 келі картоп, 920 келі сүт, 1,5 тонна балық өнімдері мен ұлттық тағамдарды сатты.
Айзере Сұлтан