Облыстық онкология және хирургия орталығында 2019 жылдан бері еліміздің өзге өңірлерінен, сондай-ақ Италия, Өзбекстан, Ресей сияқты шетелдерден 50-ден астам науқас келіп емделді. Клиникада шетелдік азаматтар үшін «CHECK-UP» пакеттері әзірленіп, ұсынылған.
Айта кетейік, Check-Up қызметі дегеніміз – дәрігерлердің кеңесімен жоғары дәлдіктегі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін диагностикалық қызметтер кешені.
Қазір орталықта «Enco Check-Up» бағдарламасының бірнеше түрі әзірленіп, табысты іске асырылуда. Мысалы, әйел адамдарға тән ауруларды диагностикалау үшін «әйел Enco Check-Up», ал еркектерге тән ауруларды анықтау үшін «еркек Enco Check-Up», сондай-ақ асқазан-ішек жолдарының және тыныс алу органдарының ауруын анықтайтын «Enco Check-Up» тексерулері жүргізіледі.
– Бағдарламаға сай тексеру және кеңес беру уақыты бірнеше сағаттан үш күнге дейін созылады. Әрбір бағдарлама негізгі және қосымша зерттеулерді қамтиды. Орталық менеджерлері пациент үшін ең қолайлы кестені жасайды және тексерудің әр кезеңінде клиентке кеңес береді, – дейді орталықтың директоры Гүлмира Сағидуллина.
Диагностикадан кейін маман нәтижелердің сандық көшірмесін ұсына отырып міндетті түрде емдеу бойынша ұсыныстар мен кеңес береді. Барлық бағдарламаларға зертханалық диагностика, аспаптық және сәулелік зерттеу әдістері сияқты негізгі және қосымша тексерулер, сондай-ақ мамандардың кеңесі кіреді.
«Оnco-Сһеск-Up» қызметінің бағасы денсаулық сақтау министрінің №170 бұйрығындағы медициналық қызметтер тарифіне сәйкес бекітілген.
Әлемдік стандарттарға сай келетін медициналық құрал-жабдықтар, озық шетелдік клиникаларда білімін жетілдіріп келген білікті кадрлар, қолжетімді тариф, сапалы сервис – бұлар облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында көрсетілетін «Сһеск-Up» диагностикалық-медициналық қызметтерінің негізгі артықшылығы.
«Сһеск-Up» қызметтері туралы ақпарат онкологиялық орталықтың сайтында тұр, баршаға қолжетімді.
– «Сһеск-Up» қызметтерін көрсетуге орталықтың материалдық базасы мүмкіндік береді. Мұнда қолайлы жағдай жасалған палаталар, демалыс аймағы бар, заманға сай сапалы жөндеу жүргізілген, стильді дизайны бар режимдік кабинет жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда «Опсо-Сһеск-Up» қызметтерін көрсету үшін қосымша қаржыландыру, құралдармен жабдықтау, бөлімшені жөндеу қажеттілігі жоқ, – деді клиника басшылығы.
Шетелдік пациенттерді тарту және медициналық туризмді дамыту үшін мынадай жұмыстар жоспарланған: орталықтың ресми сайтын жасау, онда оның тарихы, миссиясы, мақсаты, дәрігерлері, қызметі, бағасы және басқа да көптеген ақпарат беру. Сайт бірнеше тілде, соның ішінде қазақ, орыс, ағылшын және тағы басқа тілдерде болады. Сайтта онлайн кеңес беру қызметі, қабылдауға жазылу, төлемдер жасау мүмкіндігі болады.
Онкологиялық орталықтың жұмысын әлеуметтік желілерде, блогтарда, форумдарда, Bookimed, Medical Tourism, Patients Beyond Borders және тағы да басқа медициналық туризмге арналған онлайн-платформаларда кеңінен тарату жоспарланған. Сонымен қатар туристік агенттіктермен, сақтандыру компанияларымен, медициналық ұйымдармен және басқалармен бірлескен жұмыс жүргізіледі.
Медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігінің жоғары деңгейін растайтын халықаралық аккредитациялар мен наградалар алуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Қала тұрғындары мен туристеріне ыңғайлы болу үшін QR коды бар қала картасын орнату жоспарлануда, ол жерден облыс орталығының медициналық мекемелері туралы ақпарат алуға болады.
Сондай-ақ ТМД аумағындағы медициналық қызметтердің негізгі санаттары, денсаулық сақтауды ұйымдастыру деңгейі, көлік инфрақұрылымы, туристік қызмет көрсетуі, ақпараттық-коммуникациялық технологиялары бойынша зерттеулер жүргізетін туризмнің маркетингтік стратегиясы әзірленді.
Медициналық туризмді дамыту онкология және хирургия орталығының деңгейін халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, орталықтың хирургиялық корпусының 1-3 қабатын жаңғырту жүзеге асырылса, ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, жобада көзделген зертханалық және эндоскопиялық жабдықтармен қамтамсасыз етсе ғана мүмкін болады. Осы жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу үшін облыстық басқармаға берілді. Медициналық туризм жобасының әлеуметтік бағыты тек пайда табу емес, сонымен қатар халықтың денсаулығын сақтау екенін естен шығармауымыз керек.