ТОП

Өңірімізде дала өрті тыйылмай тұр

Шығыс Қазақстанда дала өрті тыйылмай тұр. Осымен бірнеше күн бойы облысымыздың түкпір-түкпірінде тұтанған қызыл жалынмен күреске жүздеген өрт сөндіруші мен өзге де күш құрылымдарының мамандары жұмылдырылуда. Әсіресе Алтай, Глубокое, Катонқарағай мен Күршім аудандарындағы жағдай қиын. Сол сияқты, облыс орталығы Өскеменнің іргесінде де ондаған гектар жер отқа оранған. Осыған байланысты, бұл мәселені облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі тікелей бақылауына алған.

Аймақ басшысы жер-жердегі ахуалмен танысу және құзырлы органдарға тиісті тапсырмалар беру мақсатында Алтай мен Глубокое аудандарына барып қайтты.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қазіргі кезде өрт сөндірушілер Глубокое ауданына қарасты Каменный карьер ауылының маңында өртенген шөпті сөндіру жұмыстарына қатысуда. Алдын ала болжам бойынша мұндағы өрт аумағы 35 гектарды құрайды. Тілсіз жаумен күреске өрт сөндірушілермен қатар, жергілікті атқарушы билік органдарының мамандары, орманшылар, полиция қызметкерлері, сондай-ақ Ұлттық ұлан жауынгерлері, барлығы 500-ден астам адам мен 50-ге жуық техника тартылған. Мамандардың хабарлауынша, өртті жылдам ауыздықтауға ауа температурасының +35 градустан жоғарылауы, сондай-ақ жел екпінінің секундына 15 метрге дейін жетуі кедергі болуда.

Белгілі болғандай, отқа оранған жердің аумағы тез үлкейіп келеді. Қазіргі уақытта өрт сөндірушілердің басты мақсаттарының бірі қызыл жалынды маңайдағы тұрғын үйлерге жеткізбеу болып тұр екен. Соңғы ақпарат бойынша, өрт қаупінің сейілмеуіне байланысты, ауыл тұрғындарын эвакуациялау жөнінде шешім қабылданып, 50-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Сондай-ақ қазір Таулы Үлбі бағытындағы жол жабық екенін де ескерткен жөн. Оқиға орнындағы жағдаймен танысқан облыс әкімі өртті сөндіру үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдалану керек екенін айтып, күш құрылымдары басшыларына бірқатар міндет жүктеді.

Сонымен қатар аймақ басшысы Алтай ауданындағы өртті ауыздықтауға бағытталған жұмыстарды көріп қайтты. Соңғы ақпаратқа сүйенсек, бұл ауданда 700 гектарға жуық жер отқа оранған. Қызыл жалынмен күреске 300-ге жуық адам мен 24 техника жұмылдырылыпты. Дегенмен, іргедегі елді мекендерге бәлендей қауіп төніп тұрған жоқ, дейді мамандар. Бүгінде өртке ең жақын тұрған Сенное ауылында жедел штаб құрылып, тәулік бойы жұмыс істеуде.

Ал Өскемен тұрғындарын қаланың іргесіндегі бірсыпыра жерді шарпыған өрт алаңдатып отыр. Жібек маталар комбинаты ауданы мен Жаңа Ахмер қалашығының тұсындағы даланың өртенгені белгілі. Қазір бұл аудандардағы тілсіз жаумен күреске қажетті мөлшердегі техника мен құтқарушылардың жеке құрамы жөнелтілген.

Сол сияқты, облыс орталығынан шалғайда жатқан аудандардағы жағдай да мәз емес. Мысалы, Күршім ауданындағы Марқакөл орман шаруашылығының, Бобровка орманшылығы мен Төсқайың ауылдық округінің аумағында тұтанған өрттің аумағы шамамен 300 гектарды құрауда. Мұндағы өрт сөндіру жұмыстарына 270-тен астам адам мен 34 техника тартылған. Сондай-ақ «Ми-8» және «Еврокоптер» тікұшақтары да көмекке келген. Ал Катонқарағайдағы 40 гектар жерді шарпыған өртті сөндіруге он шақты техника мен 100-ге жуық адам қатысуда.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button