Балық шаруашылығыҚоғам

Өңірдің өзен-көлдеріне 30 миллион шабақ жіберіледі

Биыл Шығыстағы ірі су қоймалары 30 миллион ақсақа балығының шабағымен толығады. Мемлекеттік тапсырыс аясында жүргізілетін аталмыш жұмыстар қазіргі уақытта қарқын алып, жасанды жолмен өсірілген балық шабақтары лек-легімен айдындарға жіберіліп жатыр.

Ертіс өзеніндегі балықтың табиғи жолмен көбеюіне ондағы су-электр станциялары көп кедергі келтіреді. Көктем мезгілінде ағысқа қарсы жүзіп, өзеннің жоғарғы бөлігіндегі қайраңдарға уылдырық шашатын балық жасанды бөгендерді айналып өте алмайтыны белгілі. Оның үстіне су қоймалардағы су деңгейінің өзгеріп отыруына байланысты су температурасы да бірқалыпты сақталмайды. Бұл белгілі бір тереңдікке шашылған уылдырықтың өліп қалуына әкеп соғады.  Осы себепті көл байлығын көбейтуге мүмкіндігі жоқ өзен-көлдерді балықтандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін осындай науқан биыл да жалғасын тауып, Зайсан-Ертіс бассейніне 30 миллион шабақ жіберілмек.

Жеті учаске жалға беріледі

Бүгінгі күні Ертіс бассейні еліміздегі  көлемі бойынша үшінші орында тұрған балық шаруашылығын жүргізетін су айдыны. Осы себепті, ондағы балық аулау кәсібі өңірдің азық-түлік кешенінің ажырамас бөлігі саналады.

– Ел Үкіметінің қаулысымен бекітілген Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Бұқтырма су қоймасындағы тауарлы балық өсіруге арналған үш учаскені 20 жылға жалға беруге арналған конкурстар өткізілді. Ары қарай торлы шарбақтарда тауарлы балық өсірушілерге осындай төрт учаскені бекітіп беру қарастырылған, – дейді Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Талғат Рахымжанов.

Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Өскемен су қоймасында «ШығысУниверсал» және «ГрандФиш» сынды екі кәсіпорын албырт тұқымына жататын форель балығын тор шарбақтарда өсіріп жатыр. Жалпы, өткен жылы облыс аумағында өсірілген тауарлы балықтың көлемі 480 тонна болса, биыл бұл көрсеткішті 1297 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Тауарлы балық өсірумен қатар «ШығысУниверсал» кәсіпорны өзіне тиесі инкубациялық цехтарда ақсақа тұқымды балықтардың личинкаларын өсіріп жатыр. Осылайша, ол су қоймаларды балықтандыруға қажетті дернәсілдермен тұтынушыларды қамтамасыз етеді. Өзінің осы мүмкіндігін пайдаланған кәсіпорын  биыл Балық шаруашылығы комитетінің Шүлбі және Бұқтырма су қоймаларын балықтандыруға арнап өткізген конкурсын жеңіп алуға септігін тигізді.

– Инспекция «ШығысУниверсал» кәсіпорнының мемлекеттік тапсырыс аясында өсіріп жатқан рипус балығының уылдырықтарын инкубациялық аппараттарға қойып, одан личинкалар алуға дейінгі кезеңін жіті бақылап отыр. Бүгін уылдырықты жарып шыққанына екі күн болған личинкаларды Бұқтырма су қоймасының Васильев өткелі тұсына жібердік. Бұдан бөлек, ақсақа балықтарының 17 миллион личинкасын бұған дейін Шүлбі су қоймасына жіберген болатынбыз. Ал Бұқтырма су қоймасына биыл жалпы көлемі 13 миллион личинка жіберу жоспарланған, – дейді Талғат Рахымжанов.

ҮШ ПАЙЫЗЫ ҒАНА ӨСІП-ЖЕТІЛЕДІ

– Соңғы жылдары ел билігінің азық-түлік қауіпсіздігінің бір бөлігі саналатын балық шаруашылығын дамытуға назар аударуы  қуантады. Биыл біз өзіміздің инкубациялық цехтарымызда рипус балығының личинкаларын өсіріп жатырмыз. Жалпы, аталмыш балық түрінің инкубациялық кезеңі өте ұзақ. Шамамен бес айға созылады. Қараша айында ұрықтандырылған уылдырықтан табиғи жағдайда сәуір айының ортасына қарай личинкалар жарып шығады, – дейді «ШығысУниверсал» ЖШС-нің директоры Вячеслав Асанов.

Осылайша, өздерінің инкубациялық цехтарында табиғи жағдайды сақтауға тырысатын кәсіпорын мамандары жасанды жолмен ұрықтандырылған уылдырықтың уақытынан бұрын личинкаға айналмауы үшін су температурасын бірқалыпты деңгейде ұстап отыратын көрінеді. Төрт жыл бұрын балықтың алғашқы миллион личинкасын өсірген бұл кәсіпорын биыл жыл басынан бері олардың санын 60 миллионға жеткізген.

Осы саланы зерттейтін ғылыми мамандардың айтуынша, су қоймаға жіберілген личинкалардың үш пайызы уылдырық шашатын жасқа дейін жететін көрінеді. Бұл шамамен – 1,5 – 2 жыл. Жалпы, өңірде балықтандыру ісіне ден қойған шаруашылықтар саусақпен санарлықтай ғана. Солардың бірі «ШығысУниверсал» кәсіпорны күз айларында ақсақа балықтарын аулап, олардан уылдырық сығып, ұрықтандырумен айналысады.

– Ұрғашы балықтың уылдырығын сауып алған соң, оларды суға салып еркек балықтың ұрығымен ұрықтандырамыз. Уылдырықты жасанды ұрықтандырып, олардан бес айдан соң салмағы бір грамм ғана болатын личинкасының шыққаны осы істің басы-қасында жүрген біз үшін өте қызықты әрі уайымы көп жұмыс. Уылдырықтан личинкалардың ерте шығып кетпеуін қамтамасыз ету үшін біз уылдырық тұрған суды мұз салып, суытамыз. Өзен-көлдердің беттерінен мұз кете салысымен личинкаларды шығарып, көлге жібереміз, – дейді Вячеслав Асанов.

СУ ТЕМПЕРАТУРАСЫ БІРДЕЙ БОЛУ КЕРЕК

 Балықтың личинкаларын көл суына жіберудің де өзіндік ерекшелігі барын айтқан мамандар оларды жеткізу үшін арнайы оттегі беріп тұратын бөшкесі бар көлікті қолданатындарын айтады. Уылдырықтан жарып шыққандарына екі күн ғана болған личинкаларды бірден көл суына жібере салуға да болмайды. Көл суы мен балық личинкаларын жеткізген бөшкедегі судың температурасы бірдей болуы қажет. Өйтпеген жағдайда личинкалар температуралық режимнің өзгеруінен өліп қалуы ықтимал. Егер арадағы температуралық айырмашылық үлкен болса, балық жеткізілген бөшкеге көл суы құйылып, реттеледі. Міне, содан кейін ғана олар көлге төгіледі.

– Су қоймаға жіберілген отыз миллион личинканың тоқсан мыңға, шамамен бес тоннаға жуығы уылдырық шашатын жасқа жетеді деген үмітіміз бар. Әрине, миллиондаған личинканың ішінде тоқсан мың дегеніміз сырт көзге тым аз болып көрінуі де мүмкін. Алайда бұл су-электр станцияларының тізбегі орналасқан Ертіс бассейніндегі балықтардың табиғи жолмен көбеюіне бірқатар деңгейде септігін тигізеді, – дейді Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының «Алтай» бөлімшесінің басшысы Бауыржан Аубакиров.

Айта кетсек, бұған дейін Шүлбі су қоймасына жіберілген ақсақа балықтарының басым бөлігі пайдабалық болса, төрт миллионнан астамы рипус.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button