Қоғам

Өңір жастары қолдау танытты

Дәурен Аллабергенұлы

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері Президенттің тағдыршешті шешіміне қолдау танытты. Олар Мемлекет басшысының батыл саяси шешімі мен халықтың бірлігі ғана елдегі қиындықтарды жеңіп, еңсеруге көмектеседі деп санайды.

Бұл жөнінде Amanzholov University баспасөз қызметі хабарлады.
– Біздің ел – көпұлтты мемлекет, біз бірлігі жарасқан бір ел болдық және солай бола бермек. Бұл қиын уақытты да бірге еңсереміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанған бағытын толық қолдаймыз. Ең бастысы – сабырлық сақтау”, – деді Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 2 курс студенті Ольга Веревкина.
Сонымен қатар, Моңғолиядан келген Amanzholov University 1 курс магистранты Қаразим Нұрмағамбет қазіргі уақытта Студенттер үйінде тұратын шетелдік білім алушылар Қазақстан жастарын арандатушылыққа бой алдырмауға, сондай-ақ елдің бірлігі мен тәуелсіздігін сақтауға шақыратынын атап өтті.
Айта кету керек, бүгінгі таңда қысқы демалыс кезінде отбасы жағдайына байланысты жатақханаларда тұратын студенттер бір-бірін моральдық тұрғыда қолдауда.
– Көпшілігіміз “интернетсіз өмір” дегеннің не екенін ұмытып кеттік, бірақ бұл қиын емес екенін түсіндік. Бірлігіміз арта түсті. Біз жатаханада жаңалықтар қараймыз, кітаптар оқимыз, ойындар ойлап табамыз, өзара сөйлесеміз. Әрине, бәріміз алаңдаулымыз. Қазақстан халқы – біртұтас. Бәріміз бір-біріміз үшін бауырлармыз”, – деді Қаразим Нұрмағамбет.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген облыстық “Халифа Алтай” мешітінің бас имамы Ермек Мұқатаймен бірге қиын-қыстау күндерде тыныштықты сақтағаны үшін студенттерге алғыс білдірді.
– Біз үшін ең бастысы – тыныштық пен шыдамдылық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ел үшін қабылдаған шешімі үшін алғысымызды білдіреміз. Жоғары жауапкершілік пен мәдениетті танытқан студенттерімізге ерекше алғысымызды білдіреміз. Біздің жастар ғылыммен айналысады, сапалы білім алады. Олар әрқашан жоғары мәдениеттілік танытып, тек ақылға бой алдырады, – деп атап өтті Мұхтар Төлеген.
Студенттерге арнап облыстың бас имамы және ректордың ұйымдастыруымен азық-түлік таратылып, дастархан жайылды.
– Қазір жастарға моральдық қолдау көрсету аса маңызды. Осы мақсатта біз Аманжолов университетіндегі достарымызды қолдауға келдік. Студенттер – біздің болашағымыз. Елбасымыздың бағытын қолдап, сабырлық танытқандары үшін оларға үлкен рахмет”, – деді Ермек Мұқатай.

Осы айдарда

Back to top button