Руханият

Өнерді өрге сүйреген Мәйеш

Осы мақаланы жазуға себепкер болған зейнеткер ұстаз Әлібек атаның әңгімесі. Әр сөзін шым-шымдап шығаратын, ой елегінен өткізіп барып сөйлейтін атаның әңгімесі нағыз өмірдің шындығы екені сөзсіз.

Шығыстан Батысқа созылып жатқан әсем тау Барқытбелдің күнгейі мен теріскейін ғасырлар бойы мекен еткен жергілікті халықтың басынан не өтпеді? Теріскейі КСРО, күнгейі Қытай империясы. Екі алып мемлекеттің қабағына қарап жетім баланың күйін кешкен қайран жалтақ өмір де өтті. Енді, міне, бір ұрпақтың  ғұмырындай отыз жылдың ішінде шартарапқа белгілі тәуелсіз Қазақ елі болдық. Елім деп еңіреген, етегі жасқа толған азаматтарымыздың көш басын еліне бұрғандарына да 60-70 жыл болыпты. Көштің соңы әлі де жалғасуда.

Әңгімеге арқау еткелі отырғанымыз – Қайырбай би ұрпағы,  текті ауылдың баласы Мәйеш Қапашұлы. Тумысынан ән-күйге жаны құмар қағілез, жұқа өңді Мәйештің талант иесі екені ерте білінді. Он айлық білім көтеру курсын бітірсе де, өнерге бейім Мәйеш зерделілігінің арқасында жоғары білімділерден кем түспеген.

– 1983 жылдың күзінде мені Максим Горький, қазіргі Қабден Ақынов атындағы орта мектепке басшылық қызметке жіберді. Негізгі ой – жай барып басқару ғана емес, мектепті алға сүйреу. Міне, мақсат та, арман да осы болды. Бөліп жаруға болмайтын қос бұрымдай егіз – білім мен тәрбие саласын бірдей деңгейге көтеру.

Не істеу керек? Күрмеуі қиын істің түйінін шешетін тек кадр. Байқасам, екі саланы басқарушылардың екеуі де білімді, қабілетті, ұжым мен ел арасында беделді Бихан Етекбаева мен Жанипа Расолдина екен. Ақылдаса келе шешкен шешіміміз –оқушыларды өнерге тәрбиелеу жағының кемшіні.

Ұжым мен оқушы, ата-аналардың талабы мен тілегі – өнерге баулу. Ал адамның өнері – ақыл-ойы, ал ақыл-ойы – өнері, – деді Әлібек ата.

– Іздеп тапқаным, сенімді ақтар деген адамым сол кезде бос жүрген Мәйеш болды. Жеке өзімен, жары Күлпашпен әңгімелесіп, бірге қызмет етуге ниет білдіргенде қарсы болмады, қалауым орындалды. Ендігі іс районо басшысы Мұғзиза Тоқтарова арқылы бітпек. Жаны жайсаң, реңі мен мінезін Алла өз нұрымен шомылдырғандай апайыма өтінішімді білдіргенім сол еді, «ой, жүгірмек, оны атама» дегені. Қайраным таусылып, тауым шағылғандай дел-сал болып тұрғанымда, апайымды көндіретін бір адам болса, ол – аудандық атқару комитетінің орынбасары Клара Иіспаева екені есіме түсті. Ол кісіге кіріп, мән-жайды түсіндіріп, апайда болғанымды айттым. Сонда Клара апайымның «Шіркін Мәйеш – алтынның асылы ғой» дегені.

Рас, Мәйеш өнерге жаны жақын жігіт болатын.  Оның жан азығы да өнер еді. Мәселе оңды шешімін тауып, өнер майталманы келе сала оқушылар хорын, домбыра оркестрін құрып, оқушылар көркемөнерпаздар байқауына дайындықты бастап кетті. Төрт айдан кейін аудан орталығы Ақжарда өткен оқушылар байқауында бірінші орынды еш талассыз Мәйештің шәкірттері иеленді. Бүкіл ел  Мәйешке риза болды.

Екі жылдан кейін мені Тұғыл кентіндегі Шоқан Уәлиханов атындағы аралас мектепке жіберді. Оңашада Мәйешке ауысатынымды, бірге болуды қалайтынымды айтып едім: «Ой, аға, барамын, нағашы жұртым сонда», – деп келісе кетті.

«Тарбағатай нұры» газетінің тілшісі Әнуархан Қайырбаевқа Мәйеш екеуіміздің арамызда болған келісімді айтқанымда: «Ой, Әлеке, сізге рақмет. Мәйеш те, келінім Күлпаш та қызметте, оның үстіне совхоз директоры Мұқаш Кәдірқұлов та оң қабақ танытып, баспана берген», – деді.

Жаңа ауыл селолық халық хоры мен оркестрі Алматыда концерт беріп, Қазақстан радиосының алтын қорына үлес қосты. Бұл да Мәйеш еңбегінің бір көрінісі. Ағасының жанашырлық сөзіне құлақ асқан мен өнерпаздың көңіліне риза болған едім.

«Міне, ойда айтылмай жүрген сырдың бір түйіні осы еді», – деп әңгімесін аяқтады Әлібек ата.

Нұрғани Жанархан,

студент

 

 

Осы айдарда

Back to top button