Өнерден енші алғандар
Наурыздың 27-сі – Халықаралық театр күні. Осынау кәсіби мерекені Семейдегі Абай, Достоевский және «Дариға-ай» жастар театрының ұжымдары кеңінен атап өтті.
Іс-шара басталмас бұрын қонақтарға театр фойесінде тақырыптық фотоаймақ ұйымдастырылып, көңілді байқаулар өткізілді. Көпшілік көңіліне оркестрдің орындауындағы жанды музыка да ерекше әсер етті.
– Бүгін театр қызметкерлері үшін ғана емес, театрды жақсы көретін көрермендер үшін де мереке. Барлық театр ұжымын осы айшықты күнмен құттықтаймыз. Осы кеште театр әртістері көрермендерге жарқын әрі мазмұнды концерттік бағдарлама әзірлеп, мерекелік дәстүрлі қойылымдарын ұсынады, – деді облыстық Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрының директоры Бауыржан Төлеков.
Бұл кеште тек театрдың еңбек сіңірген әртістері ғана емес, сахна сыртында маңызды жұмыс ітеп жүрген мамандар да марапаттан тыс қалмады. Мысалы, қойылымның сәтті шығуына оны дыбыстық жағынан әрлеп, жарық түсіретін техникалық қызметкерлердің де еңбегі зор. Сонымен бірге бет әрлеудің нағыз шеберлерінің аты-жөні де бүгінгі мерекеде ерекше аталды.
Театр қызметкерлерін облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Ұлан Сағадиев, Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев, қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Назерке Аққожина құттықтады.
– Сахнада түрлі кейіпке енетін театр қызметкерлерін және патша көңілді көрермендерді мерекемен құттықтаймын! Әртістерге табыс, шабыт және жаңа жетістіктер тілеймін, – деді Ұлан Сағадиев құттықтау сөзінде.
Қазақ КСР-ның Халық әртісі, облыстың Құрметті азаматы, «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының лауреаты Бекен Имаханов та әріптестеріне ыстық ықыласын жеткізіп, болашақта бұдан да зор жетістіктер күтіп тұрғанын айтты.
Мерекелік кеште көрермендер назарына үш театр әртістерінің шағын көріністері мен мазмұнды концерті ұсынылды.
Флора Левина
Семей.