Қоғам

Өмір мектебінің озат оқушысы

Фармацевтикалық инспекторат және фармацевтикалық қызмет саласындағы мемлекеттік қызметтер бөлімінің басшысы Жансая Қайратова Күршім ауылында дүниеге келген. Сол жерде орта мектепті бітірді. Болашағынан зор үміт күттірген білікті басшы жас та болса бас болып жемісті еңбек етіп келеді.

Жансая – отбасындағы үш қыздың кенжесі. Соған қарамастан ол өз бетінше мамандық таңдап, мектепті бітіргеннен кейін Семей медицина университетіне фармация мамандығы бойынша оқуға түседі.

– Мен әрқашан фармацевт мамандығына және дәрілік заттарды дайындау процесінің өндірістік, әдістемелік және технологиялық ерекшеліктеріне байланысты барлық нәрсеге қызығушылық таныттым, – дейді Жансая Қайратова.

2019 жылы университетті бітіргеннен кейін бірден өзінің мансап жолын бастайды. Туған ауылындағы аудандық ауруханаға провизор болып жұмысқа орналасқан. Бір жылдан кейін Жансая отбасымен бірге Өскеменге көшіп келіп, дәріхана қоймаларының бірінде аға бақылаушы болып қызмет атқарады. Ал 2021 жылы ол ата-анасының ізімен жүріп, мемлекеттік қызметте мансабын бастауға шешім қабылдады. Айта кетейік, Жансаяның анасы ұзақ уақыт Күршім ауданы әкімі аппаратының бас маманы болған, ал әкесі зейнеткерлікке шыққанға дейін жол полициясының инспекторы болып жұмыс істеген.

Екі жылға жуық Жансая Қайратова Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаментінің фармацевтикалық қызмет саласындағы фармацевтикалық инспекторат және мемлекеттік қызметтер бөлімінің бас маманы қызметін атқарды, ал 2023 жылы осы бөлімді басқарды.

– Менің қызметім фармацевтикалық қызмет саласында мемлекеттік қызмет көрсету, тиісті фармацевтикалық практика стандарттарына сәйкестігіне инспекция жүргізумен байланысты. Сондай-ақ біз жеке және заңды тұлғаларға лицензиялау, сертификаттау бойынша үнемі кеңес береміз, – дейді Жансая. – Жалпы, біздің ұжымда жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандар жұмыс істейді. Осындай қызметкерлер арасында жұмыс істей отырып, мен күн сайын белгілі бір дағдыларды игеру арқылы жаңа нәрсені үйренемін. Менің ойымша, бұл жеке тұлғаның дамуына серпін береді.

«Мемлекеттік қызметші болу сіз үшін нені білдіреді?» деген сұраққа Жансая ең әуелі бұл көп адамдармен қарым-қатынас деп жауап береді. Үйрену керек мемлекеттік қызметтің тағы бір ерекшелігі –белгілі бір тапсырманы шешу үшін белгілі бір тәртіп, іс-қимыл регламенті бар.

– Мен үшін мемлекеттік қызмет – үлкен мектеп. Мұнда мен ең жоғары жауапкершілікті, тәртіпті және адамдармен адал қарым-қатынасты үйрендім. Мемлекеттік қызметші – халық үшін және ел игілігі үшін қызмет ететін адам. Оның барлық әрекеттері халықтың мәселелерін шешуге бағытталған. Ол әрқашан азаматтардың пікірін ескереді. Мемлекеттік қызметке келген адам табанды, еңбекқор, жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын болуы керек, – дейді Жансая.

Айтпақшы, еңбекқорлығы мен қызметіндегі жақсы көрсеткіштері үшін Жансая Қайратова 2022 жылы басшылық тарапынан Құрмет грамотасымен марапатталған. Ал былтыр департамент басшысы Жансаяның ата-анасына ұлағатты ұрпақ тәрбиелегені үшін алғыс хат табыс етті.

Алия Сейсенбаева

Осы айдарда

Back to top button